Бағанашылдағы балалар үйі қала қарамағына өтеді. Уәкіл жағдайды түсіндірді

2388
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/VGMZdbEHuWFoTEQk97trTBlVlLIw7HRa90moZWFD.webp

Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева Бағанашылдағы балалар үйіне қатысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Ол президент тапсырмасы бойынша балалар үйінің тәрбиеленушілері Алматы қаласында қалып, оқуын жалғастыратынын жеткізді. Ал мекеменің өзі Алматы облысынан қала қарамағына өткізіледі.

«Бүгін балалар үйінің тәрбиеленушілері емес, өмірлік қиын жағдайға тап болған орталықтың балалары көшірілді. Орталықта өмірлік қиын жағдайға тап болған және облыстың әртүрлі бөліктерінен келген балалар уақытша тұрады. Көктемде балалар мен әкімдік арасындағы кездесудің қорытындысы бойынша орталықта тұрып жатқан балалар мен мекеменің өзі көшетіні шешілген болатын, бұл ақпаратты мен көктемде жариялағанмын. Кеше бұл туралы облыстық білім басқармасының ресми парақшасында хабарлады»,—деді уәкіл.

Зәкиева облыс әкімдігінің балалардың көшіру кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз етпегенін мәлімдеді. Айтуынша, соның салдарынан бүгін жол берілмейтін жағдай болған. Балалар үйінің түлегі есінен танып қалса, бір баланың аяғы жарақаттанған.

«Осы жағдай бойынша балалардан келген хабарламадан кейін соңғы апта ішінде бірнеше рет әкімдікке жүгіндім. Алайда жергілікті атқарушы орган хабардар етпей, келісілмеген әрекеттерді жүзеге асырды. Барлық жағдайбойынша Президент Әкімшілігі тексеру жүргізеді, арнайы топ құрылды. Өңірлік уәкіл балалармен бірге. Мен де балаларға бара жатырмын»,—деп толықтырды ол.

Айта кетейік, бүгін президент тапсырмасына сәйкес «Бағанашыл» балалар үйі Алматыдан Қонаев қаласына көшірілмейтіні белгілі болды.

Comments