«Халық қаһарманы» Әбдіғали Қаймолдин өмірден озды

1570
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/IOblfDEeAqYOr2pQzR2xmyd3QQXvpfsguA7kDyeb.jpg

Бүгін, 14 шілдеде Ұлы Отан соғысының ардагері, «Халық қаһарманы» Әбдіғали Қаймолдин 105 жасқа қараған шағында дүниеден озды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев марқұмның отбасына көңіл айту жеделхатын жолдады.

«Әбдіғали Қаймолдин жастай майдан даласына аттанып, ерен ерлігімен жеңісті жақындатуға зор үлес қосқан батыр тұлға болды. Бейбіт кезеңде мемлекеттік және қоғамдық істерге белсене араласып, ел игілігі жолында ұзақ жыл қызмет етті. Ғасыр жасап, соңына өнегелі жол қалдырған Әбдіғали Қаймолдиннің жарқын бейнесі мен есімі ұмытылмайды. Иманы саламат, жаны жаннатта болсын», – деп жазылған жеделхатта.

Айта кетейік, Әбдіғали Қаймолдин 1921 жылы 30 маусымда Абай облысының Абыралы ауылында дүниеге келген. Соғыстың алғашқы жылы-ақ майданға аттанған. Ол танкке қарсы артиллерияда зеңбірекші, оқтаушы, кейіннен командир болған. Маршал А.М. Василевскийдің басшылығымен 1-ші Украина, 3-ші Беларусь, Балтық жағалауы майдандары мен Харьковті азат ету соғысына қатысқан. Кейіннен майдан шебіндегі ең қиын жерлерге жіберілетін артиллерия дивизиясында қызмет еткен.

Comments