Әзербайжан мен Ресей арасындағы шиеленіс. Ұлыбритания өз ұстанымын білдірді

1473
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/nUvFfcb2VhBQJvZS8P50VRKVwxjFyV78MDOtubqW.jpg

Ұлыбритания Әзербайжан мен Ресей арасындағы шиеленістің күшеюі аясында Бакуге қолдау білдірді. Лондонның бұл ұстанымын Ұлыбританияның Әзербайжандағы елшісі Фергюс Олд жария етті, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

«Біз қаза тапқандардың отбасыларына көңіл айтамыз және осы қиын сәтте әзербайжан халқымен ынтымақта екенімізді білдіреміз. Сондай-ақ Әзербайжанның әділеттілікті қамтамасыз етуге бағытталған күш-жігерін қолдайтынымызды мәлімдейміз»,— деді дипломат.

Айта кетейік, 27 маусым күні таңертең ФСБ қызметкерлері Екатеринбургтегі бірнеше мекенжайға рейд ұйымдастырып, этникалық негізде қылмыс жасады деген күдікпен бірнеше азаматты тұтқындаған. Арнайы операция барысында Зияддин және Гусейн Сафаровтар қаза тауып, тағы бірнеше адам жарақат алған.

ФСБ бұл рейдтің бірнеше жыл бойы адам өлтіру мен өзге де қылмыстар жасады деп күдікке ілінген этникалық бандаға қарсы бағытталғанын хабарлады. Атап айтқанда, 2001 жылы Екатеринбург тұрғыны Юнис Пашаевты топ болып өлтіру ісі бойынша Сафаров бауырлары бұрын да күдікке ілінгенімен, ол кезде дәлел табылмаған.

Бұл оқиғаға байланысты Баку мен Мәскеу арасында дипломатиялық шиеленіс күшейді. Бұған дейін Әзербайжанның өз аумағында Ресейдің мәдени шараларын өткізуге шектеу қойғанын жазған едік.

Comments