39 жылдан кейін. Ақтөбелік азамат саяси қуғын-сүргін құрбаны ретінде танылды

1028
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/uwQv34LyTn7yQJbWuqEYL4EJPsAkTTcXsFiRHbUH.jpg

Алматыда 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына қатысып, кейін саяси қудалауға ұшыраған азамат енді ғана әділетке қол жеткізді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Бұл туралы Жоғарғы соттың баспасөз қызметі мәлімдеді.

«2025 жылы 64 жастағы Ақтөбе тұрғыны 1986 жылғы Алматыдағы желтоқсан оқиғасына қатысқаны үшін саяси қуғын-сүргінге ұшырағанын мойындату жөнінде сотқа талап-арыз түсірді. Ақтөбе қаласының №3 соты істі қарап, оның шынымен де Желтоқсан оқиғасына қатысып, қуғындалғанын, еңбек құқығы шектелгенін анықтады. Бұл деректер Алматы қаласы университетінің және прокуратурасының мұрағаттық анықтамаларымен, сондай-ақ куәгерлердің айғақтарымен расталды. Азаматтық процестік кодекстің 306-бабына және «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» Заңның 2-бабына сүйене отырып, сот талапкерді 1986 жылғы оқиғаларға байланысты саяси қуғын-сүргін құрбаны деп таныды», – делінген хабарламада.

Соттың мәліметінше, аталған азамат 1984 жылы Гурьев облыстық партия комитеті мен кәсіподақ ұйымының жолдамасымен Қазақ мемлекеттік университетінің дайындық бөліміне оқуға түскен. Ал 1985 жылы университеттің философия және экономика факультетінің студенті атанады.

1986 жылы ол екінші курстан «қоғамдық тәртіпті бұзды» деген желеумен оқудан шығарылған. Бұған 18 желтоқсан күні оның құқық қорғау органдары тарапынан еш айып тағылмастан ұсталып, кейін босатылғаны себеп болған. Алайда студент оқудан шығарылып қана қоймай, Коммунистік партия қатарынан да шығарылған, әрі жұмысқа орналаса алмай қиналған. Оның әйелі – аталған университеттің философия факультетін бітірген түлек те, сол кезеңде жұмыс таба алмаған. 1990–1993 жылдары бұл отбасы үш баласымен жалдамалы пәтерде тұрып, әлеуметтік осал жағдайда өмір сүрген.

Сот шешімі заңды күшіне енді.

Желтоқсан оқиғасы 1986 жылдың 16 желтоқсанында Алматыда басталды. Қазақ жастары КОКП Орталық Комитетінің шешімімен бірінші хатшы Дінмұхаммед Қонаевтың орнына республикамен байланысы жоқ Геннадий Колбиннің тағайындалуына қарсы шығып, бейбіт шеруге шыққан. Алайда бұл шерулер қатаң түрде күшпен басылып, мыңдаған адам соққыға жығылып, 8 500-ге жуық адам ұсталды, жүздегені оқудан шығарылып, жұмыстан қуылды, көпшілігі қуғынға ұшырады. Ресми емес деректер бойынша, 150-ден астам адам қаза тапқан. Бұл оқиға КСРО-дағы алғашқы ірі ұлттық қарсылық ретінде тарихта қалды және Кеңес Одағының күйреуіне алып келген үдерістердің бастамасына айналды.

Comments