«AMANAT» партиясы денсаулық сақтау саласының бүгіні мен келешегі туралы ашық әңгімелесу мақсатында еліміздің барлық өңіріндегі 600-ден астам дәрігердің, медбикелердің, ғалымдардың, медициналық ұйымдар басшыларының және сарапшылардың басын қосты. «Дәрігер Talks» партиялық диалог алаңының II отырысына қатысушылар отандық медицинада орын алған жүйелі мәселелерді талқылап, оны шешу жолдарын ұсынды және өз тәжірибелерімен бөлісті.
Сөз басында Мәжіліс Спикері, «AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Қошанов іс-шараға қатысушыларды өткен Медицина қызметкері күнімен құттықтады. Ол дәрігерлердің ел өміріндегі ерекше рөлін атап өтіп, денсаулық сақтау жүйесін дамыту мәселесі әркез Мемлекет басшысының назарында екенін жеткізді.
«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, медицина қызметкерлері, бейбіт күннің батырлары деген атқа лайық. Бүгінде отандық медицина жарқын нәтиже көрсетуде. Біздің дәрігерлеріміз санаулы мемлекетте ғана қол жетімді ең күрделі трансплантациялық оталар жасайды. «AMANAT» партиясымен бірге алға қойған арман-мақсаттарыңызға жетіп, азаматтарымыздың денсаулығы мен тұрмысын жақсарту жолында қалтқысыз қызмет етіп келесіздер. Бұл – біз үшін аса маңызды», – деді ол.
Мәжіліс Төрағасы медицина қауымдастығының өкілдері «AMANAT»-тың маңызды тірегі екенін атап өтті. Себебі әрбір үшінші медицина қызметкері – партия мүшесі. Осы орайда, «Дәрігер Talks» платформасы отандық медицинаның өзекті мәселелері ашық талқыланатын және оны одан әрі дамыту бойынша маңызды міндеттер әзірленетін бірегей алаңға айналды. Мәселен, өзекті тақырыптардың бірі – ауылдағы медицина қызметкерлерінің тапшылығы. Аталған мәселені шешу мақсатында ауылдық жерге көшіп барған 700-ге жуық медицина қызметкеріне былтырдан бастап 100 ЕТЖ (шамамен 9 млн теңге) көлемінде көтерме жәрдемақы төленді. Бұл норма «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасында қарастырылған еді.
Сондай-ақ депутаттық корпус пен Денсаулық сақтау министрлігінің бірлескен жұмысы арқылы медицина қызметкерлеріне біліктілік санаттарын берудің жаңа жүйесі өзгертілді. Мыңдаған дәрігер мен медбике тестілеусіз баламалы біліктілік деңгейін алды. Бұл – медицина қызметкерлерінің партияға жолдаған көптеген өтінішіне жауап ретінде қабылданған шешім. Бұған қоса, Мәжілістегі «AMANAT» фракциясының мүшелері дәрі-дәрмектер мен медициналық қызметтерге 10% ҚҚС енгізуге қарсылық білдірді.
Президент тапсырмасы бойынша дәрігерлерді кәсіби сақтандыру жүйесі енгізілді: бұдан былай дәрігердің қателігінен орын алған шығындар мамандардың жеке қаражатынан емес, бюджет есебінен жабылады.
Алайда отандық дәрілік препараттармен қамтамасыз ету, МӘМС жүйесінің ашықтығы сынды бірқатар мәселе әлі де бар. Медицина қызметкерлеріне қол жұмсау мәселесі толық шешілген жоқ. Бүгінде медицина қызметкерлерінің кәсіби қызметіне өзге тұлғалардың кедергі келтіруінен қорғайтын нормалар күшейтілді. Сонымен қатар «AMANAT» фракциясының мүшелері дәрігерлерге қатысты зорлық-зомбылық жасаған адамдар үшін жеке қылмыстық жауапкершілік қарастыру мәселесі бойынша түзетулер енгізуге бастамашылық етті.
Сондай-ақ іс-шара барысында Премьер-Министрдің орынбасары Ермек Көшербаев және Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова сөз сөйледі. Ал «Дәрігер Talks» партиялық диалог алаңына қатысушылар өздерінің жеке қалыптасу тарихымен бөлісіп, әріптестерімен бірге кәсіби сын-тегеуріндерді талқылады.