1 маусым – «Балаларды қорғау күні» мемлекеттік мерекеге айналуы мүмкін. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова мәжіліс депутаттарының сауалына берген жауабында айтты, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
Ол балалар үшін бұл күннің демалыстың басталуымен, демалу, көңіл көтеру, қызықты істермен айналысу мүмкіндігімен байланыстырылатынын атап өтті.
"Дәстүр бойынша 1 маусымда ата-аналар балаларды аттракциондар саябағына, ойын орталықтарына серуендеуге апарады және жалпы мерекелік көңіл-күйді ұйымдастырады. Аталған мереке ата-аналар мен балаларға бірлесіп уақыт өткізуге, мәдени, тәрбиелік және қоғамдық іс-шараларға қатысуға мүмкіндік береді. Бұл баланың жақсы психоэмоционалды жағдайда отбасының жанында толық қауіпсіздікті сезінуіне әсерін тигізеді. Жоғарыда айтылғандардың негізінде, сонымен қатар елімізде отбасы институты мен отбасылық құндылықтарды нығайту мақсатында 1 маусым – «Балаларды қорғау күнін» мемлекеттік мереке ретінде белгілеуді мүмкін деп санаймыз",-деді Светлана Жақыпова.
Айта кетейік, елімізде мемлекеттік мерекелерде демалыс жарияланады.