Министрлік 16 миллионнан астам қазақстандықтың дербес деректерінің таралуына қатысты мәлімдеме жасады

949
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/content/uploads/2020/04/inter.jpg

16 маусымда интернет кеңістігінде Қазақстан азаматтарының жеке мәліметтері – 16,3 миллион жазба ашық қолжетімділікке тарады деген ақпарат пайда болды. Бұл мәліметті Кибершабуылдарды талдау және зерттеу орталығының (ЦАРКА) басшысы Олжас Сатиев растады, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы. 

Тараған деректердің ішінде азаматтардың аты-жөні, туған күні, жынысы, ЖСН, тіркеудегі мекенжайы, тұрудың басталу күні, ұялы және үй телефон нөмірлері, азаматтығы мен ұлты сияқты маңызды жеке мәліметтер бар.

Осыған байланысты Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі ресми мәлімдеме жасады. Ведомство мәліметінше, қазіргі уақытта интернетте таралған ақпаратқа байланысты барлық уәкілетті органдар мен техникалық қызметтер жұмылдырылып, кешенді тексеру жүргізіліп жатыр.

«Алғашқы талдау нәтижесі бойынша, көпшілік деректер ескі болуы мүмкін. Сондықтан тексеру аяқталмай тұрып, бұл ақпараттың нақты әрі шынайы екенін растау немесе жоққа шығару ерте», – делінген министрлік хабарламасында.

Министрлік алдағы уақытта қосымша ақпарат тексеру толық аяқталғаннан кейін берілетінін айтты. Сонымен қатар, азаматтарға eGov порталы арқылы жеке хабарлама жолданады деп жоспарланып отыр.

Comments