Орталық Азиядағы ірі мәдени-ағартушылық шаралардың бірі – Eurasian Book Fair 2026 халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесінде "Атамұра" баспасы екі жоғары марапатқа ие болды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Байқау қорытындысы бойынша Ұлттық ғылым академиясының академигі Мұхтар Абрарұлы Құл-Мұхаммедтің «Менің ағаларым» атты кітабы «Жыл кітабы» номинациясында І орынды жеңіп алды. Аталған кітап – ел тарихында із қалдырған 15 көрнекті тұлға туралы жазылған естелік-эсселер жинағы.
Сонымен қатар, Ұлттық кітап күніне орай ұйымдастырылған байқау аясында «Нон-фикшн» аталымы бойынша ІІ орын Абай Құнанбайұлы шығармаларының үш томдық академиялық жинағына бұйырды. "Атамұрада" басылып шыққан басылым қазақ әдеби мұрасын ғылыми тұрғыда зерделеген маңызды еңбек ретінде бағаланды.
Кітап көрме-жәрмеңкесі Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі қолдауымен, "Фолиант" баспасының ұйымдастыруымен өтті. Іс-шараға әлемнің 30-дан астам шетелдік және 50-ге жуық отандық баспа қатысып, өздерінің үздік туындыларын да ұсынған.
Айта кетейік, IX халықаралық Eurasian Book Fair 2026 көрме-жәрмеңкесі 22–26 сәуір аралығында Астана қаласында өтті. Ұлттық кітап күні аясында өткен бұл шара отандық кітап индустриясының дамуына серпін беріп, оқырман мен баспа қауымын бір алаңға тоғыстырды.



