Камал Ормантаев, медицина ғылымының докторы, профессор: Шенеуніктердің орынды-орынсыз реформасы халықты шаршатып жіберді

6811
Adyrna.kz Telegram

– Камал Сәруарұлы, жұрт сізді аузы дуалы зиялылардың қатарына қосады. Ал сіз өзіңіз кезі келген жерде аза­маттық позициямды көрсетіп, өзіндік ойымды айта білдім деп ойлай­сыз ба?

– Біреуге жағар, біреуге жақпас... Бірақ өз басым осы жасқа келгенше айтатын ойымнан тосылып, сөйлейтін жерде қи­пақтап, «қолтығымнан бөзім, аузымнан сөзім түсіп» көрген емеспін. Осы сұрағыңа орайластырып бір оқиға есіме түсіп отыр. Кезінде 1987 жылы Орталық Комитеттің басшылары келіп, біз оқып жүрген медициналық институтта «сендердің 80 пайыздарың қазақ ұлтынан құралған екенсіңдер, нағыз ұлтшылсыңдар» деп арнайы жиын өткізді. Оларды институ­тымыздың алдын ала дайындалып қойған бір мұғалімдері қолдап, абыр-сабыр болып жатты. Сол кезде мінбеге шығып мен шыдамай сөйледім. «Меди­циналық институтта қазақтардың көп оқитын себебі – медицина институт­тарының көбісі Оң­түстік Қазақстанда орналасқан. Бұл аймақтарда қазақтар көп болғандықтан, олардың көбісі дәрігер мамандығына келеді. Ал Қарағанды, Ақмола аймақ­тарында қазақтардың саны аз. Сондықтан олар басқа мамандықтарды таңдауы даусыз. Мен мұндайға қарсымын. Біз елімізді паналап келген шешендерді, кәрістерді шетке тепкеніміз жоқ. Олар да біздің елімізде өз нандарын тауып жеуде. Біз – бауырмалмыз. Сол бауырмалдығымыздың арқасында бізді пана тұтып келгендер көп. Ендеше, «өз елімізде, өз жерімізде білім алғысы келетін қазақ баласына орынсыз зомбылық жасалмасын» дедім. Бұдан бөлек, қаншама қажетті жерде сөйледім, жонынан таспа тіліп айтатын тұста айттым. Тіпті пікірлерім қайсыбіреулерге жақпай қалған кездер де болды. Бірақ олар қыңырайды екен деп мен ыққан жоқпын. Табиғатымнан әділеттілікті, шындықты жақсы көретін адаммын.

– Демек, баз біреулер тәрізді «қап, әттеген-ай, айтарым ішімде кетті-ау» деп «аһ» ұрып қалған кезіңіз жоқ қой...

– Біз кеңестік идеологияның қаны жерге тамбай тұрған кезде сол кездегі биліктің ығына жығылмадық. Ол кездері от едік, албырт едік. Тәрбиеге көніп, ақыл тыңдайтынбыз. Ал енді келіп біршама жасқа келгенде, өзіміз біреуге ақыл айта­тын деңгейге жеткен тұста бізді «біреудің ығына жығылады» деу тіпті қисынға келмейді. Сондықтан әр нәрсенің ашығын айтуды ақсақалдық парызым санаймын.

– Әйтсе де, қазір қоғамда «біздің елде өтірік сөйлемейтін, сондай-ақ шындықты да айта алмайтын, тым жалтақ зиялылар легі көбейіп кетті» деген пікірлер бар. Сіз мұнымен келісесіз бе?

– Келісемін. Мұны мойындауымыз керек. Біздің ел алдында жүрген азамат­тарымыздың көбісі кеңестік отаршыл идеологияның уытынан әлі де болса арыла алмай жүр. Қазақ зиялы­ларында турашылдық жоқ. Ақиқатында, ұлттың мақсат-мүддесін көздейтін, ұлт үшін шыбын жаны шырқырайтын адам саусақ­пен санарлық. Осыны біліп отырған халық «біздің зиялыларымыз тым жалтақ» демегенде не дейді? Қарапайым көпшілік­тің басым бөлігі күнделікті саясатты қалт жібермей, сарапқа салып отырады. Міне, осыны ескерсек, біз алдымен қазақтық, ұлттық рух жайын үнемі дамытуды ойластыруымыз қажет. Қазақ өзінің қазақ екендігін рухы арқылы таныта білуі керек. Ұлттық рух басым болмай, мемлекеттік бірлік нығаймайды. Сондықтан бірлігіміз, елдігіміз одан әрі нығая түссін десек, қазаққа жаны ашитын, қазақтың сөзін сөйлейтін азаматтардың легі көбеюі керек.

– Сіз осыдан біраз жыл бұрын сұхбаттасқанымызда «Қазақтың сөзін сөйлейтін азаматтарда қазақтық рух қалмады» деген едіңіз. Содан бері бірнеше жыл өтті. Сол ойыңызды өзгерт­тіңіз бе? Қазақ сөзін сөйлейтін азаматтардың бүгінгі аяқ алысын қалай бағамдайсыз?

– Мен мұндай пікірлерді айтқанда өз басыма ештеңе сұрап отырған жоқпын. Мені алаңдататыны – халықтың, елдің жайы. Менің тамағым тоқ, атақ-дәрежем бар. Менде қайсыбіреулер тәрізді шылқыған байлық жоқ. Бірақ мен елімнің рухы мықты болғанын қалаймын. Мысалы, біздің мінберлерде есеп беретін азаматтар «халықтың жағдайы өте жақсы, жұмыссыздықтың көлемі елде 5-ақ пайыз» деп есеп береді. Кедейшілікті кемітіп көрсету арқылы біз мәселені шеше алмаймыз. Мысалы, бізде Оңтүстік-Батыс, Оңтүстік-Шығыста қазақ­тар тұрады. Көбісінің ахуалы, тұрмысы нашар. Орталық Қазақстан, Солтүстік Қазақстанның халқы құнарлы жерлерде тұратындықтан, олар жерді еміп, егіншілік ісімен айналысып, әйтеуір жағдайларын дұрыстап алып отыр. Кезінде кеңестік идеологияның ықпалына ермей, қаншама зиялыларымыз халықтың жоғын жоқтады. Ал қазір біздің шенеу­ніктердің дені теория жүзінде ғана жұмыс істейді. Шетелге барып келіп, дамыған елдердің бір жақсы тәжірибесін көріп қалады да, «біз де сондай болуымыз керек» деп әлгіні реформа етіп бізге тықпалайды. Ол біздің ортамызға бейім бе, ол реформаны игеріп әкетуге әлеу­меттік-экономикалық жағ­дайы­мыз келе ме?! Осы жағына бас қатырмайтын шенеу­ніктердің орынды-орынсыз реформасы халықты шаршатып жіберді. Жалпы, қазақ халқы өте момын халық қой. Жеріміздің ауқымы үлкен. Біздің жеріміздің байлы­ғының арқасында көптеген шетелдіктер миллиар­дер атанып жатыр. Осындай әрекеттерді көремін де қарным ашады.

- Сіз қазақты «момын халық» деп отырсыз. Бұған қатысты «қазақты жалқау халық» дейтін пікірлер де бар. Қайсыбір ғалымдардың пікірінше, қазақ сол жалқаулығынан нарыққа бейімделе алмай, тіршілігін түзей алмай отырса керек. Мұндай пікірлер­мен келісесіз бе?

– Жоқ, келіспеймін. Қазір жеріміздің үштен екісі, яғни 67 пайызы – шөл және шөлейтті аймақтар. Бұларды ғылым тілінде «адамның күнкөрісіне мейлінше қолайсыз аймақтар» деп есептейді. Өнеркәсіп дамыт­пақ түгіл, ол аудандарда күн көру – тауқымет. Өкінішке қарай, бізде осындай адамның өмір сүруіне мейлінше қолайсыз қуаңданған, қолайсыз аймақтарда халық тұрып жатыр. Сондықтан мұндай қолайсыз аймақта тұрып жатқан, күн көрісі мейлінше ауыр халықты мен «жалқау халық» дегенмен келіспеймін.Осы жерде басымдық беріп айтарым, біз кеңестік дәуірдің қазаққа шоқпар етіп пайдаланған кері саясатын ұмытуға, оны ысырып тастауға тиісті емеспіз. Керісінше, кейінгі буынды құлдық санадан арылуға үндеуіміз керек. Бұл –біздің парызымыз, міндетіміз. Десек те, Қазан төңкерісіне дейін қазақ халқы 100 пайыз сауатты бол­ды ма? Ол кездері орыс ұлты – 10-ақ пайыз, ал қазақтар 8 пайыз ғана сауатты еді. Ал осы көрсеткішті жоғары деңгейге жеткізген Кеңес өкіметіне неге жылы пейіл де білдірмеске? Кеңес өкіметі кезінде халық тегін оқыды, қалаға келген мамандар баспанамен қамтылды. Елдің әлеуметтік жағдайы ол кездері шешімін тауып жатты. Ал қазіргі қазақтарды баспана мәселесі қинап тұр. Баласына білім берейін десе, орта таптың қалтасы жұқа. Қайталап айтамын, Кеңес өкіметінің қиястық жасаған саясатын ұмытуға болмайды. Кезінде қазаққа кеңестік идеологияның жасаған қысастығын, зиялыларымызды қуғын-сүргінге ұшыратқанын еш бүкпесіз ай­туымыз керек. Бірақ ол тұста жақсы бағытты ұстанғанымызды да ұмытпа­ғанымыз жөн. Мәселен, сол кезеңде ауыл шопандары «қазақ даласына 50 мил­лионнан астам қойды сыйдырамыз. Жоспарды асыра орындауымыз керек» деп жанталасты. Ал қазір ше? Кешірерсіз, бүгінде 50 миллион түгіл, 5 миллион бас қойды әрең санаққа іліндіреміз. Кеңестік кезеңде ауыл шаруалары нақ қазіргідей кедейшілікті бастан өткізген жоқ. Бұл – шындық... Қазір айлығын шай-пұлына жет­кізе алмай, «шықпа, жаным, шық­памен» күн көріп отырғандардың көрсет­кіші басым. Мұны ойлап, осындай әрекет­терге шынымен жаны ауырып отырған шенеунік атаулы тағы жоқ. Қазір біз шенеуніктердің бір нәтижелі іс бітіргеніне емес, бір жиында қазақша сөйлегеніне шапаттап, мәз-мәйрам болатын болдық. Мен кейде өз елімізде тұрып, өз тілімізде сөйлей алмай, өз уайымымызды жететін жеріне жеткізіп айта алмай қор болған­дығымызға қарап күйінемін. Мұның барлығы – сол қазақтың сөзін сөйлейтін азаматтарда қазақтық рухтың аздығынан. Сондықтан болашақта осы мәселелерді арнайы талдап, зерттеп, бақылап отырған жөн.

– Қазір біздің қоғам реформалануға бейім. Оны өзіңіз де айтып отырсыз. Осыған байланысты сұрайын дегенім, «әрбір реформада ғылыми негіз болуы керек. Реформа нәтижелі болуы үшін арнайы сала ғалымдарымен кеңесіп, ғылыми кеңеске жүгіну керек» деген пікірлерге қалай қарайсыз?

. – Шалажансар, піспеген реформаларды тәжірибеге енгізгеннен гөрі, қай кезде де оны зерттеп, таразылап барып қолданысқа енгізген жөн. Қазақ бұған қатысты «жеті рет ойлап, бір рет кес» дейді.

Кезінде Кеңес өкіметі облыстық басылымдарда бір ауданның басшысы жайлы, оның шалқыған әл-ауқаты жайлы жазылатын болса, оны дереу тексерудің астына алатын. Егер жазылған жай шындыққа саятын болса, әлгі басшы дереу орнынан алынып, партиядан қуылатын. Кеңес өкіметінің бір жақсы жері – олар бай-манаптарға бақы­лау қоя білді. Ал Қазақстанда қазір мұндай жүйе жоқ. Бізге нақ қазір қарапайым тойымды көзқараспен өмір сүру үшін кез келген министр болмаса, тағы басқа шенеуніктер ұсынған бастаманың нені көздейтінін, ол бастаманың халыққа берері қандай екенін әбден зерттеу керек. Әрбір реформаны қолданысқа енгізерде халық­тың мүддесіне, елге пайдалы тұстарына тереңірек маңыз берсек, жөн болар еді. Жалпы, біз қазір бар-жоғы 18 млн-ды құраймыз. Оның ішінде қазақ халқының үлес салмағы 9 млн-ға жетер-жетпес. Сондықтан осы санаулы ғана елдің өсімін ұлғайтамыз десек, бірінші кезекте ана мен бала денсаулығына мән берген абзал. Ұрпақты, келешекті ойласақ, Үкімет басындағылар осы жайттарға назар аударса деймін.Абзалында, біздің қазақта «Судың да сұрауы бар» деген нақыл бар. Өмір өткен соң істеген дүниеңнің сұрауы да келеді ғой. Осыны ұмытпау керек. Мысалы, менің төрт балам бар. Төртеуі де білімді, ел үшін қызмет етіп жүрген азаматтар.  Еңбекпен өз нандарын тауып жүргендеріне көңілім қуанады. Мен осы балаларыма үнемі «адалдықты ту етіп ұстаныңдар, адал астың сіңімі жақсы» деп отырамын. Әр қазақ ұрпағының бойына осындай тәрбиені сіңіре алса, біздің ұлтымыздың тамыры өсіп-өне берер еді деп ойлаймын. Сондық­тан ұрпақ тәрбиесінде, ұрпақ денсау­лығында үнемі жадымызда ұстарымыз тазалық, адалдық болуы тиіс деп ойлаймын.

– Сіз екеуміз біраз жайттың басын қайырдық. Соңғы сауал. Әркім болашақты өзінше болжайды. Cіз осы қазақтың болашағын қалай болжай­сыз?

– Біздің ата-бабаларымыз елдің Тәуелсіздігі үшін жанын пида етуге барды. Қаншама тер төкті, шейіт болды. Ал кейінгі ұрпақ сол Тәуелсіздікке ешқандай қан-төгіссіз бейбіт түрде жеттік. Осыдан болар, біз кейде Тәуелсіздігіміздің құнын арзандатып аламыз. Ендігі менің ақсақал ретіндегі бар арман-мақсатым – Қазақ елі сол Тәуелсіздіктің қадірін білсе деймін. Болашақта зайырлы мемлекет екендігімізді әлем мойындап, қазақтың ошағының оты өшпей, түтіні түзу шықса болды да...

Сұхбаттасқан Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ,

«Адырна» ұлттық порталы

Комментарии