Фото: Anadolu
Армения премьер-министрі Никол Пашинян елінің алдағы жиырма жыл ішінде Еуропалық одаққа мүше болатынына сенім білдірді. Бұл туралы ол Ирландия астанасы Дублинде өткен Халықаралық және еуропалық істер институтындағы (IIEA) кездесуде мәлімдеді, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы 1lurer.am сайтына сілтеме жасап.
Кездесу барысында Пашинянға Арменияны 20 жылдан кейін қандай мемлекет ретінде елестететіні туралы сұрақ қойылды. Үкімет басшысы оған: «Мен Арменияны Еуропа одағының құрамында көремін», – деп жауап берді.
Премьер-министрдің айтуынша, қазіргі уақытта Ереван мен Брюссель арасындағы байланыс жаңа деңгейге көтеріліп, тараптар екіжақты қарым-қатынастың бұрын-соңды болмаған жоғары көрсеткішке жеткенін мойындап отыр.
Пашинян бұл өзгерістердің айқын дәлелі ретінде 5 мамырда Ереванда өткен Армения мен Еуропа одағының алғашқы бірлескен саммитін атады.
Сонымен қатар Армения үкіметінің басшысы ЕО-мен визасыз режим енгізу мәселесіне де тоқталды. Бұған дейін ол бұл бағыттағы келіссөздер мен қажетті шараларды ең ұзақ дегенде екі жыл ішінде аяқтауға уәде берген болатын. Оның сөзінше, визасыз қатынас орнаған жағдайда армян азаматтарының Еуропа елдеріне сапарлауы едәуір жеңілдейді.
Пашинян бұл мүмкіндікті әзілмен жеткізіп, болашақта Кипрдің Ларнака қаласына бару үшін төлқұжатты ұмытпау жеткілікті болатынын, ал ұшақ билетінің бағасы небәрі екі еуро болуы мүмкін екенін айтқан.
Бұдан бөлек, жуырда премьер-министр Арменияның Еуропа одағына қосылу жөнінде 2027 немесе 2028 жылы ресми өтініш беруі ықтимал екенін мәлімдеген еді.
Арман Гукасян: Мирный процесс открывает Армении и Казахстану путь к стратегическому энерготранзитному партнерству
