Шабандоз қыз – Ғалия Тарасова

1267

Қазақта төрт түліктің төресі  жылқыға жаны құмар нәзік жандылар аз емес. Солардың бірі – Ғалия Тарасова. Бүгінде 21 жастағы ару ұлттық спорт түрін дамытып, түрлі байқауға қатысып жүр.

Ғалия, жігіттермен иық тіресіп, ат жалын тартып мінген қызсыз. Бұл өнермен қалай таныстыңыз?

– Атқа мінуді 18 жасымда үйрендім. Содан бері жылқыға үйірсекпін. Колледжде оқып жүргенімде «Сарбаз рухы» тарихи-патриоттық клубының мүшелері келіп, өздерінің қатарларына қосылуға шақырған еді. Кейін кастингтен өтіп, жаңа қырымды байқай бастадым.  Қазіргі уақытта командада 3 қыз ғана қалдық. Біздің жетекшіміз – Әсел Әлішерова, ал акробатика бойынша жаттықтырушымыз – Куван Сопубеков. Тәлімгерлеріміз басынан бастап атқа қалай дұрыс отыруды, оның үстінде еркін болуды, секіруді, трюктер жасауды үйретті. Алғашқы кезде талай рет құлап қалғанмын. Барлығын толық меңгеруге 1 жылдан астам уақытым кетті.

Жарыстарға жиі қатысасыз ба?

– Иә, себебі ат десе ішкен асымды жерге қоямын. Осы уақытқа дейін республикалық, халықаралық додаларда бақ сынадым. Соның ішінде 2018 жылы  Қырғызстанда  өткен III Дүниежүзілік көшпенділер ойынын, 2019 жылы Польшада өткен «Face of tradition» фестивалін ерекше атап өте аламын. Оның біреуінде екінші орын алсақ, екіншісінде «Көрермендер көзайымы» атандық.

Керемет! Ал жылқыны кім баптайды?

– Жалпы ат баптауды атадан қалған асыл өнер деп санаймын. Бос уақытымда оған өзім қараймын. Тұлпарымды тазалап, әбзелін кигіземін. Сондай-ақ бірге жаттығулар өткізіп тұрамын. Ал негізінен біздің аттар атқорада болады. Арнайы қараушылары бар.

Ғалия, атқа мінуді қалай тез үйренуге болады? Бәлкім, лайфкахтарымен бөлісерсіз.

– Ең алдымен, сіз атпен танысып, онымен байланыс орнатуыңыз керек. Сөйлесіңіз, тамақтандырыңыз, үстінде отырғанда сенімді болыңыз. Бастапқы кезде бірнеше рет құлап қалуыңыз мүмкін. Оны қалыпты жағдай ретінде қабылдаңыз. Барлығы тәжірибе арқылы келетінін ұмытпау қажет. Бұл жануар барлығын сезеді. Оны ұрып-соғуға болмайды. Осы орайда жылқыны дұрыс басқаруды үйрену де маңызды. Еңбектеніңіз, тырысыңыз. Сол кезде нәтижені көресіз.

Әңгімеңізге рақмет! Сәттілік тілейміз!

Әңгімелескен Диана Асан,

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер
Редакция таңдауы
Серіктестер/Партнеры
Студия IMA - создание сайтов Доставка цветов Астана - Lova Buket