Иммунитетті көтеру деген түсінік медицинада жоқ - ДӘРІГЕР

4062
Adyrna.kz Telegram

Күз мезгілі түрлі вирустардың ағзамызға орнығатын, тұмаурататын, иммунитет төмендейтін бір суық уақыт. Бұл аурулардың алдын алу үшін не істеу қажет? “Адырна” ұлттық порталының кезекті сұхбаты отбасылық дәрігер, иммунолог Гаухар ЖҰМАТҚЫЗЫ ханыммен болды.

-Күн суытты. Адамдардың жиі тұмауратып қалатын уақыты ғой. Осы жерде иммунитет мықты болу керек деп жатамыз. Жалпы иммунитет қалай қалыптасады?

-Жалпы иммунитет дегеніміз қорғаныс қабілеті. Бізді инфекциялардан, бактериялардан,вирустардан, саңырауқұлақ, паразиттерден, сонымен қатар онкологиялық аурулардан қорғайды.

Жалпы иммунитеттің қалыптасуы ұрықтың құрсақта жатқан кезінен басталады. Яғни жүктіліктің сегізінші аптасынан бастау алады. Иммунитет органдары іште жатқанда қалыптасады. Одан кейін анасының баласына қан айналымдары арқылы антиденелер беріледі. Антиденелер бала дүниеге келгеннен кейін бірнеше ай бойы сақталады. Кейін күші жойылады.

Яғни иммунитет екіге бөлінеді:

•туа пайда болған
•жүре пайда болған

Туа пайда болған иммунитет сол анасынан берілген антиденелер, ал жүре пайда болған - бала дүниеге келгеннен кейін инфекциямен танысқан соң, соған байланысты қалыптасқан иммунитет. Демек, иммунитеттің қалыптасуы құрсақтық деңгейден бастау алады да өмір бойы жүреді. Ең маңызды кезең ол баланың 5-6 жасқа дейінгі шағы. Осы уақыт аралығында бала түрлі инфекциялармен таныс болады.

-Адамдар ауырғанда бірден дәріге жүгіреді. Антибиотиктерді қабылдайды. Антибиотик дәрілер иммунитеттің өзара қалыптасуына зиянын тигізе ме?

-Иә, қазір антибиотиктерге бірден жүгіретіндер қатары көп. Мысалы, адам тұмаурап қалса, оның 95%-ы вирустық инфекция.

Осындай кезде антибиотиктер өкінішке қарай көмектеспейді. Біздің организм антибиотик дәрілерге үйреніп кетуі мүмкін. Үнемі организм осы антибиотиктерді қолданса, вирус мутацияға ұшырап, ауруды емдеуге пайдасыз боп қалады.

Сондықтан оны оңды солды ішіп қажет емес. Дәрігердің тағайындауымен қабылдаған жөн.

Тағы айта кететін жайт, антибиотик біздің ағзамыздағы қажетті, пайдалы микрофлора, бактерияларды өлтіреді.

Бұл бактериялар біздің әрі қарай өмір сүруіміз үшін, иммунитетіміздің бір қалыпта болуы үшін маңызды.

-Күз және қыс мезгілінде қандай дәрумендерді қабылдау қажет?

-Жалпы дәрумендердің негізгі көзі - тамақ Көкөністерде, жемістерде, ет өнімдерінде, сүт өнімдерінде кездеседі. Әрқашан витамин мен тамақты салыстырғанда тамақ бір саты жоғары тұрады.

Себебіне мысал келтірсек:

С витамині және апельсин

Апельсиннің құрамында да С витамині бар. Біз нені таңдаймыз? Әрине, дайын С витаминін емес, апельсинді таңдауымыз керек.

Сонымен қатар, апельсиннің құрамында тек С витамині ғана емес, одан бөлек түрлі дәрумендер кездеседі. Ал біз дайын тұрған капсулаға жүгірер болсақ, ол тек қана бір-ақ витаминнен тұрады.

Тағамнан алынған дәрумен сіңімдірек болады, және доза жоқ. Ал дәрумендердің дозасы мөлшерден тыс көп болса, ол организмді улайды.

Күз және қыч мезгілдерінен бөлек, балаларға болсын ересектерге болсын Д, Д3 витаминінің профилактикалық дозасын беру қажет. Ал қалған дәрумендер дәрігердің тағайындауымен, организмде жеткіліксіз болуы, анализдердің дұрыс шықпауы сынды мәселе туындаған кезде ғана ішіледі.

-Қазіргі уақытта балалардың іш кетуі көбейіп, ересектерге қарағанда жиі ауырып жатыр. Баланың иммунитетін қалай көтеруге болады?

-Иммунитетті көтеру деген түсінік мүлде дұрыс емес. Мұндай түсінік тіпті медицинада жоқ.

Иммунитет өздігінен жұмыс істейді. Мысалы, өкпе мен жүрек. Жүрек соғысын жылдамдату үшін біз оған ауырмасақ әрекет жасамаймыз. Сол секілді иммунитет көтеоу үшін, иммунитет жақсарту үшін деп кез-келген нәрсені тықпалай берген дұрыс емес.

Иммунитет өзінің жұмысын бізсіз-ақ атқарып жатыр. Біз керісінше оның жұмысына кедергі келтірмеуіміз қажет.

Ал енді сұрақ: біз оның жұмысына қалай кедергі келтіреміз?

Біз оны салқыннан қорғаймыз, далаға шығармаймыз, антисептикалық құралдарды пайдаланамыз, антисептикалық сабындарды пайдаланамыз. Мұның барлығы иммунитеттің жұмыс істеуіне үлкен кедергі.

Одае кейін баланың ұйқысы дұрыс болмайды, балаға тәттіні көп береміз. Егерде осы айтылған нәрселердің барлығы өз ретімен, нормасымен орын алса иммунитет өзіне берілген қызметті мінсіз атқара алады.

Сондықтан, баланың иммунитеті үшін оны шынықтыру, таза ауаға шығару, салқынға үйрету керек. Іш қатуы болса, анимия болса оны белгілі ем-домымен емдеу керек.

Бастысы-дұрыс тамақтандыру. Сондай-ақ, стресстен аулақ ұстау қажет. Стресс - иммунитке қатты әсер етеді.

-Балаларға түрлі ауруларға қарсы прививка салынып жатыр. Ата-аналар үреуленуде. Жалпы екпе баланы аурудан сақтай ма?

-Мен екпелерді қолдаймын.

Жалпы екпелер асқынуы қауіпті, тез дамитын, мүгедектікке соқтыратын ауруларға жасалады.

Қазақстанның ұлттық күнтізбесі бойынша балаларға туберкулез,В гепатиті,көкжөтел,сіреспе,дифтерия,полиомиелит,пневмония,қызылша,қызамық, паротитке қарсы екпе салынады.

Мысалы В гепатитінің вирусы бауыр қатерлі ісігін тудыруы мүмкін; желшешек– пневмония; полиомиелит сал ауруы, қызылшаның асқынуы ми ісінуіне әкелуі мүмкін.

Вакцина арқылы иммунитет қалыптасады.
Адам бактериялар мен вирустарды табиғи түрде жұқтырғанда олардың дозасы өте жоғары болады.

Тиісінше, иммундық жауап реакциясы мен белгілері де күшті болады.

Вакциналарды әзірлеу кезінде қорғаныш иммундық жауап үшін қажетті бактериялар мен вирустардың ең аз мөлшері ескеріледі, осылайша жағымсыз белгілердің алдын алады, ауру тудырмайды және сол ауруға қарсы иммунитет қалыптасады...

-Ал ковидке қарсы вакцинаның балаға салынғаны қаншалықты дұрыс?

-Қауіпті жаңа штамдар пайда болып жатқан кезде екпе алған дұрыс.

Бірақ міндетті түрде бала дені сау болуы керек,толық тексерістен өткен жөн.

Вакцина үш фазалық клиникалық сынақтан өтіп тиімділігі және қауіпсізлігі дәлелдену керек.

-Маман ретінде денсаулықты нығайтуға тағы қандай кеңес айтасыз?

-Таза ауа, құнарлы тамақ, физикалық белсенділік,сапалы ұйқы – осы төртеуі болса денсаулық мығым болады, ауруларға қарсы тұра алады.

Әңгімелескеніңізге көп рақмет! 

Інжу ӨМІРЗАҚ,

"Адырна" ұлттық порталы 

Пікірлер