Өмірдің бір сәтте 180 градусқа жақсы арнаға өзгеріп кетуі ғажап емес. Мүлдем ойымызға да алмаған жерде тұрып, түсімізге де кірмеген жерде білім алуымыз да мүмкін. Оның нақты дәлелі Оңтүстік Корея тұрғыны- Құлпынай Байтуова. Ол өзінің өмірі аз уақыттың ішінде қалай өзгеріп, Оңтүстік Кореяға қалай көшіп барғаны жайында қызықты оқиғаларымен бөлісіп, әлемдегі ең жақсы дамыған елдің шынайы өмірімен таныстырды.
– Сәлеметсіз бе, Құлпынай ханым! Сізбен танысқаныма өте қуаныштымын. Ең алдымен, Кореядағы өміріңіздің алғашқы кезеңдерін айтып өтсеңіз. Салт-дәстүріне, менталитеніне, мәдениетіне үйреніп кету қиынға соқты ма?
– Алғашында мен Кореяға оқу үшін барғанмын. Оқуға келмес бұрын Алматыдағы корей мейрамханасы мен қонақ үйінде жұмыс жасағанмын. Осы жұмысымның арқасында корей тілін біршама меңгердім. Діні де, тілі де басқа елге келгенде аздап қиналған сәттерім болды. Ең алғашқы кезде жатақханада тұрдым және кейбір тағамдарына аллергиям болды. Шындығында Кореядағы және Қазақстандағы корейлердің айырмашылықтары бар. Бастапқыда таза корейліктердің мәдениетіне үйренісе алмадым. Тілі, тағамы бөлек болғанмен, мәдениеті, менталитеті жағынан Қазақстанмен өте ұқсас. Оқу орнында мен секілді өзге ұлт өкілдері де болды. Алғашқы 6 ай қиналғаным рас, бірақ шет елдік ретінде Кореяның тыныс-тіршілігіне тез бейімделіп кете алдым.
– Кореяға көшіп барғалы корейлерден бойыңызға сіңірген әдеттер бар ма? Корейліктерден алуымыз керек жақсы әдеттерді атап өтсеңіз.
– Кореяға көшіп келгеніме 8 жыл болды. Осы жылдар ішінде қатты өзгердім десем де болады. Біріншіден, үнемі күліп жүруді үйрендім. Неге екенін білмеймін мен Қазақстанда болғанда айналамдағылар мені «суық, көңілсіз адам» ретінде қабылдаған еді. Ал, Кореяға келгеннен кейін үнемі күліп, жайдарлы жүру әдетке айналып кетті. Күліп жүру- сүннет. Екіншіден, өзіме көңіл бөліп, денсаулығымды күте бастадым. Корея халқы ең алғашқы кезекте денсаулықтарына мән береді. Суды да өз тәртібімен ішіп, тағы бір әдет қалыптастырдым. Үшіншіден, жылдам болуды әдетке айналдырдым. Кореяда барлық адам жұмысының тез біткенін ойлап, асығып жүреді. Ал, Қазақстанда керісінше ғой. Корейліктерден еңбекқор болуды үйренген дұрыс деп ойлаймын. Себебі, корейлер 2-3 жерде жұмыс жасап, көбірек қаражат табуға тырысады. Олар үшін күніне 3 сағат қана ұйықтау өте қалыпты болып саналады. Ал, 1 сағат үйде бос отыруды олар «тақырға отыру» деп есептейді. Артық уақыт болған жағдайда жаңа жұмыс іздеп, тыным таппайды. Корейлердің тағы бір үлгі алатын тұсы- білімділіктері. Мұнда жас та, кәрі де оқу-білімге құштар болып тұрады. Мысалы, менің қайын атам 60 жастан асқан, бірақ әлі күнге дейін курстарға қатысып, өзін дамытып жүреді. Мен оқыған университетте егде жастағы кісілерді де кездестіргенмін. Кореяға келгелі жылына кем дегенде 3-4 курсқа қатысып келемін. Біздің елде де осындай қағида қалыптасса, білімді адамдардың көп болатынына сенемін.
– Кореядағы «Томирис» диаспора тобының мүшесі екенсіз. Бұл топтың мақсаты қандай? Корейліктердің Қазақстан тарихына, мәдениетіне деген қызығушылығы жайында ой бөліссеңіз.
– Топтың мақсаты- корейліктерге, Кореядағы шетелдіктерге қазақ халқының тарихын, салт-дәстүрін таныстыру. «Томирис» диаспора тобы Кореяда қазақ мерекелерін тойлап, фестиваль ұйымдастырады. Кәрістер белсенді қатысып, біздің ұлттық киімдерімізге, домбыраға таңғалған сәттері болды. Менің тағы бір жұмысым бар. Бұл жұмыста маған түрлі ұсыныстар түседі, ал мен корейлік балабақшаларға, мектептерге қазақ мәдениетін таныстырумен айналысамын.
– Туған жеріңізді сағынған сәттерде не істейсіз? Болашақта Қазақстанға көшіп келу ойларыңызда бар ма?
-Жылына 1 рет отбасымызбен туған жеріме барып тұрамыз. Карантинге байланысты бейнеқоңыраулар арқылы сөйлесіп тұрамыз, бірақ сағыныш мұнымен басылмайды. Кореяда тұратын қазақтармен кездесіп, шай ішіп алатын кездер болады (күліп). Жұбайым Қазақстанның табиғатын, салт-дәстүрін, тағамын қатты жақсы көреді. Ол «ұлымыз оқуға түскен кезде Қазақстанға көшіп барайық» деп айтқан болатын. Жұбайым Қазақстанда 5 жыл оқып, жұмыс жасағандықтан көшіп бару ойында бар.
– Қазіргі таңда қандай іспен айналысып жүрсіз? Өзіңіздің аудармашылық қызметіңіз жайлы айтып өтсеңіз. Қандай тілдерді жетік білесіз, аударма ісінде қандай тілдерді қолданасыз?
-Біріншіден, «Kulpynay TV» ютуб каналын жүргіземін. Ютуб каналымда Кореяның өмірімен толық таныстырамын. Бұл каналды ашқан себебім- Кореяға оқуға, жұмысқа келетін отандастарымызды алдын ала ақпараттандыру Екіншіден, инстаграм парақшамда корей тілінде сабақ беремін. Қазақстандағы жандар үшін онлайн, ал Инчхон қаласындағы жандар үшін оффлайн режимде кәріс тілінде сабақ жүргіземін. Кореяға келгелі әртүрлі салада білім алдым. Мысалы, сот, заңгерлік, медицина саласында курстарға қатыстым. Сол үшін аудармамен жиі айналысамын. Аудармашы болу үшін кәріс тілін толық білу керек. Көптеген адамдар ағылшын тілін білсе, Кореяда өмір сүре аламыз деп қателеседі. Корейлер- өте ұлтшыл халық. Ағылшын тілін біліп тұрғанына қарамастан барлығы кәрісше сөйлейді. Банк, медицина саласында жиі аударма жасаймын.
– Аударма ісінен бөлек корей тілін үйрету курстарын өткізіп жүрсіз. Қазақ жастарының тіл үйренуге деген ұмтылысын тәжірибеңіз бойынша айтып берсеңіз.
-Кәріс тілін 2010 жылдан бері оқып келемін. Көптеген жастардың мақсаты Кореяға грантқа оқуға түсу, сол себепті кәріс тіліне деген сұраныс жоғары. Кореяда аударма, медицина, IT салаларын меңгеруді армандап, тіл үйреніп жатқан жандар да жетерлік. Шынымды айтсам, қазіргі жасөспірімдердің білімге деген құштарлығынақатты таңғаламын.
– Корей тілін үйретудегі басты мақсатыңыз қандай? Кореяда қазақ тілін үйретуге қатысты осындай курстар бар ма?
-Ютуб каналымдағы көрермендерім тіл үйретуімді өтінгеннен кейін осы істі қолға алдым. Маған оқытушы болған қатты ұнайды. Басты мақсатым- жастарға түсінікті әрі жеңіл тілде білім беру. Қазір мен Кореяда Қазақстанға жылына 3-4 рет жұмысқа баратын корейліктерге қазақ тілін үйретемін. Сонымен қоса, Кореяның кейбір университеттерінде қазақ тілін үйрететін факультеттер бар. Қазақ тіліндегі дәрістерді қазақ профессорлары жүргізеді. Менің қазақ тілін үйреніп жүрген кәріс достарым да аз емес. Жақында қазақ тілін өте жақсы меңгерген бір танысым Қазақстанға барған еді. Бірақ ол маған: «Құлпынай, мұнда мен үйренген сөздерді қолдана алмаймын. Барлығы орысша сөйлейді» деп айтты. Әрине, бұл- өкінішті жағдай.
– Қазір Оңтүстік Кореяның кейбір қалаларында карантин өткізіліп жатыр. Корея- медицинасы, экономикасы өте жоғары деңгейде дамыған ел. Осы карантин тұсында мемлекет халыққа қандай көмек ұсынады?
-Карантиннің түрлі сатылары болып тұрады. Мысалы, карантин 2.5 сатысына жеткен кезде әр адамға 1000 доллар беріледі. Біз 2 рет алып көрдік. Сонымен қатар, балаларға да қаражат бөледі, азық-түлікпен қамтамасыз етеді. Бірақ көмек көрсету әр қалада әртүрлі өтеді. Бизнеспен айналысатын кәсіпкерлерге жұмыс тоқтап қалғандықтан 3000 доллар көлемінде көмек береді. Халық та өте ұқыпты, ешқашан бетпердесіз жүрмейді. Заңды қатаң түрде сақтайды.
– Ұлыңыз жақында мектепке барады екен. Мектеп таңдау процесі жүріп жатқан секілді. Жалпы Оңтүстік Кореяның мектептерінің артықшылықтары қандай?
-Кореяда ата-аналар баласы үшін мектепті ерте бастан таңдап қояды. Оқу жылы бізде қыркүйекте, ал Кореяда наурызда басталады. Мұнда барлық мектеп 12 жыл білім береді және бастауыш, орта, жоғары сыныптары бір-бірінен қашықта орналасқан. Әр сыныпта теледидар болады. Балабақшада да, мектепте де сабақ басталмас бұрын 30 минут бойы тәрбие сағаты өткізіледі. Жоғары сынып оқушылары таңғы 6-да мектепке кетіп, түнгі 12-де оралады. Емтихандары да өте қатаң әрі барлық оқушы үшін өте маңызды болып саналады. Ата-аналары біздегідей баласының болашағы үшін түрлі қосымша курстарға аямай ақша жұмсайды. Қазақстанда жазда 3 ай демалса, Кореяда қыс мезгілінде 3 ай демалады. Одан бөлек мұнда тек қыздар, тек ұлдар оқитын мектептер өте көп. Қазір ұлымызды осындай бағыттағы мектепке апару ойымызда бар.
– Қазіргі ең үлкен арманыңыз қандай?
-Біріншіден, індет жойылып, карантинсіз, бетпердесіз өмір сүрсек екен. Екіншіден, кітап жазғым келеді. Қазақстанда кәріс тілін орысша үйрететін кітаптар өте көп. Ал, мен қазақша үйрететін кітап жазуды армандаймын, қазір бастап та кеттім. Абыройлы ұстаз болуды және Кореяда қазақстандықтар үшін жұмыс визасы ашылғанын тілеймін.
-Біз білмеген тың деректермен бөліскеніңіз үшін көп рақмет! Армандарыңыздың орындалуына тілектеспіз.
Әңгімелескен Айдана Шалқарова,
«Адырна» ұлттық порталы