Волонтерлер - қоғам мүддесі үшін қызмет етеді

4046
Adyrna.kz Telegram

«Адырна» ұлттық порталының кезекті сұхбаты Ұлттық волонтерлік желінің үлестірушісі Айдана Макышевамен болды.

- Волонтерлікке қалай келдіңіз? Осы саладағы мақсатыңыз қандай?

- Менің есімім – Айдана, жасым 25-те. Тараз қаласында дүниеге келдім. «Волонтерлік» ұғымымен ең алғаш Астана қаласында, 2 курс студенті кезінде таныстым. Мектеп қабырғасында балалар үйіне бару ойда болатын. Студент кезімде «Салтанат» сарайында жетім балаларға арналған іс шара болды. Сол жаққа волонтер ретінде бардым. Әрине, бірінші бізді оқытты, жетім балалармен қалай жұмыс жасау керек екенін айтты. Менің ол кездесуден алған әсерім ерекше болды. Солай мен волонтерлік ұйымдарды іздей бастадым. Алдымнан осы бағытта жұмыс жасайтын таныстар кездесті. Кейін бірте-бірте түрлі ұйымдарда волонтер болып, әлеуметтік бағытқа көңіл бөлдім. Ол уақытта өзімді іздеп жүрген едім. Қоғамға пайдалы болуды қаладым және оқудан бөлек қоғамдық жұмыстарға белсене араласқым келді.

- Волонтер болып айналысқан ең алғашқы жұмысыңыз есіңізде ме? Сол кездегі эмоцияңыз туралы айтып беріңізші.

- Әрине, ең алғаш волонтерлікпен айналысқан уақыт қызықты болды. Бір жағынан қорқыныш та болды. «Мүмкін менен күткен нәтижені бере алмай қалатын шығармын» немесе «пайда келтіремін деп, қателесіп қалсам ше?» деген ойлар болды. Ең алғашқы еріктілік - жетім балалармен жұмыс жасаумен басталды. Бізді алдын ала дайындағанның арқасында сенімділігім артты. Дегенмен жауапкершілік сезімі болған соң, қорқыныштың болуы да заңды. Балалармен жұмыс жасауда, бізді алдын ала ережелермен таныстырған болатын. Бірақ сонда да күтпеген жағдайлар мен эмоцияларды сезіндік. Менің қасымда 3 кішкентай қыз болды. Біреуі жанымнан қалмады. «Салтанат» сарайының іші кең. Ары бері ойнап жүргенде, қасымда жүрген қыз «мама» деп құшақтап алды. Өзім әлі баламын, бірақ жүрегімнің елжірегенін айта алмаймын. «Ана қыздың болашағы қалай болмақ, шешесімен не болды екен» деген ойлар санамнан кетпеді. Сол сәтте сол қыздың өзі түсінбеген жағдайына жаным ашыды. Тәп-тәтті балаларды қалай ғана қия алды екен деген оймен сол іс шараны аяқтадық.

- Волонтерлік қызмет, волонтердің өмірі туралы халыққа қарапайым тілде түсіндіріп берсеңіз. Немен айналысасыздар?

- Біріншіден, волонтер - еркін адам. Яғни қай уақытта, қай бағытта волонтерлік қызметпен айналысатынын өзі шешеді. Волонтерлік қызметпен ол өз еркімен айналысады. Әрине жауапкершілік болу қажет.

Екіншіден, волонтер ешқандай ақы немесе сыйақыны қажет етпейді. Олар - көмек қолын созуға дайын адамдар.

Үшіншіден, волонтерлер - қоғам мүддесі үшін қызмет етеді.

Қазақ дәстүріндегі «асар» волонтерлік қызметтің сипаттамасы. Мысалы, сіз үй салып жатырсыз. Достарыңызды, туыстарыңызды көмек көрсетуге шақырдыңыз делік. Сіз олардың жағдайын жасап, тамағын беріп, жылы ықыласпен күтесіз. Волонтерлермен жұмыс та дәл сол сияқты. Олардың да жағдайын жасап, суын не тамағын беріп, дос ретінде қарау керек.

- «2020 волонтер жылы» болғанын білеміз. Нәтиже қандай болды деп ойлайсыз? Волонтер жылы туралы ойыңызды білсек.

- «2020 жылы волонтер жылында» басқа волонтерлер секілді түрлі іс-шараларды, кездесулерді күттім. Алайда пандемия уақытына дәлме дәл келіп қалдық. Бірақ волонтерлер шетте қалған жоқ. Осындай қиын қыстау кезеңде олар өздерінің күшін көрсетті. Экономикаға, қоғамға тигізген пайдалары көп болды. Бұл жыл волонтерлік қызметке жаңа толқын алып келді десек болады. Волонтерлік қызметтің кейбір бағыттарының белсенділігі артты. Мысалы, онлайн-волонтер, авто-волонтерлер және pro bono. Сонымен қатар волонтерлер бұрын айналыспаған сала бойынша жұмыс жасауға еркін бейімделді. Мысалы, бұрын тек іс шараларда жүретін волонтерлер әлеуметтік бағытта жұмыс жасады: азық-тұлік сұрыптаумен, тасымалдаумен, мұқтаж жандарға көмек көрсету және т.б. Демек волонтерлік қызмет барлық салаға икемделе алатынын тағы бір рет дәлелдеді.

- Волонтерлікті бір кісі «талапты жастарға берілген мүмкіндік» десе, енді бірі «волонтерліктің беделі көтеріліп, олардың қызметіне деген құрмет артады» деп бағалапты. Сіздің ойыңыздағы волонтер деген кім?

- Негізі волонтерлік қызметтің берер мүмкіндігі көп, Әрине, оны іздей білу керек, қолдана білу керек. Шыны керек, қоғамда волонтерлер – уақыты көп, ісейтін тірлігі жоқ адамдар деген теріс ойлар бар. Алайда біз бос жүрген жандар емеспіз. Біздің де басқа адамдар секілді оқуымыз, отбасымыз, жұмысымыз бар. Сонымен қатар қоғамға пайдалы болу, өмірді жақсы жаққа өзгерту, көмек беру деген үлкен ниет бар.

Волонтер бұл жолға түрлі себептермен келеді. Мен қоғамға пайдалы болу үшін және өзімді табу үшін келдім. Алайда бұл қызметтің маған дайындап қойған тосын сыйлары көп болды.

Біріншіден, қоғамға азда болса пайдам тиді деген үміттемін. Ол жалғасын тауып та келе жатыр.

Екіншіден, ЖОО-на қарағанда волонтерлік қызметте түрлі дағдыларға ие болып, өзімді маман ретінде қалыптастырдым. Түрлі әлеуметтік жобалармен айналысып, мүгедектігі бар азаматтармен жұмыс жасадым.

Үшіншіден, шет елде тәжірбие алмасуға мүмкіндік туды. Әлеуметтік бағытта «Шектеусіз өмір» жобасы бойынша Баку қаласында 1,5 ай бойы ДЦП, Даун синдромы, аутизм және т.б. диагноздар қойылған сырқат балалармен жұмыс жасадым. Ол мен үшін халықаралық тәжірибе болды.

Көптеген мектеп оқушылары бұл салаға сертифат үшін келіп жатады. Ол - қалыпты дүние. Шет елге оқуға түскен уақытта волонтер болғаныңызды растайтын құжаттар жоғары рөл ойнайды. Шет елдік ЖОО-на студенттің оқудан бөлек, қоғамдық жұмыстарда да белсенді болғандығы маңызды.

Волонтерлік қызметтің берген тағы бір мүмкіндігі - жаңа таныстық, достар табу. Тек Қазақстан бойынша емес, көптеген өзге ел өкілдерімен достасуға таптырмас мүмкіндік туындады. 2018 жылы Баку қаласында болған уақытта, біздің топта Пәкістаннан, Түркиядан, Үндістаннан, Қытайдан, Украинадан, Африкадан келген азаматттар болды. Әлеуметтік желілерде әлі күнге дейін хат алмасып тұрамыз.

Ғажайып қызметтің маған берген үлкен сыйы – өмірлік жарым. Жолдасым екеуіміз осы бағытта жүріп, «Жеңіс» атты жобада таныстық. Араласып, бір-бірімізді жақын танып, шаңырақ құрдық. Ол Павлодардан, мен Тараздан. Бір-бірінен айырмашылығы үлкен екі мекенді байланыстырдық. Отбасы құрғанымызға бір жыл. Қызығушылығымыз, бағытымыз, өмірлік ұстанымымыз ұқсас. Екеуіміздің осы бағытта жүргенімізге шамамен 5-7 жыл болыпты. Әрі қарай отбасылық волотерлікті дамытып жатқан жайымыз бар.

- Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан: Ақмарал БЕРЕКЕТ,

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер