Күмісті мылтық

1845
Adyrna.kz Telegram

(Әйгілі фотомергеннің туғанына – жетпіс жыл)

«Жас алаштың» киелі шаңырағына уық шаншыған кезімізде бүгінде жетпіске жүгіріп жеткен ағаларымыз отыз бен қырықтың арасында сайран салып, «жайнаған туы жығылмай» (Абай) жүрген жігерлі жігіттер еді. Махамбеттің сарбаздары секілді жорық десе жортып кете беретін менің арыстан жүректі, балуан білекті ағаларым бірінен-бірі өткен сері болатын. Сол серілердің ішінде жастар басылымының тісқаққан фототілшісі Рахымбай Ханалиевтің шоқтығы биік-тін. Биік болатын себебі, ол қарапайым һәм қатардағы фотомерген саналса да, даңқы мен дақпырты көршілес жатқан екі-үш елге жайылған танымал адам сойынан-ды. Өте көпшіл екендігі, көшеден таныс-паныс біреу-міреуді көре қалса, көп ойланбай шаңырағына ертіп әкететіні, екі бөлмелі үйінен өмірі қонақ арылмайтыны, сол замандағы танымал қаламгерлер мен талантты әртістердің бәрі оның пәтерінен шықпайтыны жөнінде сан түрлі аңыз айтылатын. Мұны біз студент кезімізде-ақ білетінбіз.

Әр суреті күн сайын «Лениншіл жасқа» әр беретін Рахымбай тақырыбына ертерек құлақ түруіміздің тағы бір себебі бар-ды. Бізбен бірге оқуға түскен Қарлығаш деген Шымкенттің шырайлы қызы сол ағамыздың жақын қарындасы екен. Ол кезде атақ-абыройы дүрілдеп тұрған Рахаңның жамағайын қарындасы болу деген бүгінгі Байденнің бел баласы дегенмен бірдей. Бет-ауызы томпиған сүп-сүйкімді бақытты курстасымыз айбарлы ағасының қасиетті құжырасына әр барып-қайтқан сайын қап-қап жаңалық ала келеді.

«Рахаңның үйіне анау кепті, Рахаңның үйіне мынау кепті! Мен барғанда кәдімгі Құман Тастанбеков шығып бара жатты. Кеше тірі Роза Рымбаеваны көрдім!». Ол кездегі ең атақтылардан «Қазақстан пионерінің» жас әрі хас тілшілері Әнуарбек Әуелбеков пен Мұратбек Тоқтағазинді ғана көріп, емін-еркін тілдескенімізге мәз болып, соның өзін көңілге тоқ санап жүрген біз бұл жаңалықтарды естіген соң аузымызды ашып, көзімізді жұмамыз. Сосын естігенімізге елтіп, «Қан мен тердегі» Сүйеу қарт секілді едәуір уақыт үнсіз отырамыз. Не десең, о де, бұл біздің ай жүзді, ақ маңдайлы көркем курстасымыз Қарлығаш қыздың: «Менің ағам, менің ағам – е-е-ең жақсы адам!», – деп әуелетіп әндетіп жүрген кезі еді.

Бесінші курсты бітіретін жылы жастықтың жалауы – «Жас алашқа» қызметке тұрып, атақты Рахымбай Ханалиевпен әріптес болдық. Небәрі отыз бес жастағы жігерлі жігіт. Ал біз болсақ, жасы жиырма беске де жетпеген шіл тектес бірдеңеміз. Содан Рахаң... Сөйлескен адамын бірден үйіріп ала жөнеледі. Жан баласына ұқсамайтын әдемі бір жымиысы бар. Сол жылы жымиыстың жетегіне еріп, жырдан қызық әңгімесіне қалай араласып кеткеніңді білмей қаласың. Өз тізгініңді өзің іркіп отырмасаң, жұмысың жайына қалады. Ал Рахаң дүниені дүрілдетіп жүрсе де, негізгі шаруасын ешқашан ақсатпайды. Бір қарасаң, қасыңда тұрады, кірпігіңді бір қақсаң, зым-зия жоқ болады, шапанының шалғайын ұстап та үлгере алмай қаласың. «Қайда кетті?» деп алаңдап іздей бастағаныңда, қай бүйірден шыққаны белгісіз, сап ете қалады. Қолында бір қап сурет... Сол заманда өте көп айтылатын журналистиканың оперативтілігі деген ұғымды жеделдігі жеті желаяқты жолда қалдыратын Рахымбайдың тынымсыз тірлігіне қарап бағамдауға болар еді.

Шынында да аса танымал екен. Оны іздеп редакцияға келмейтін адам жоқ. Әртіс те, спортшы да, ақын да, бақсы да күніге бір соғып кетеді. Олардың арасында аша тұяқтысы да, дара тұяқтысы да, қос жарнақтысы да, дара жарнақтысы да жеткілікті. Сесі басым Сейдахмет ағамның кезінде сырбаздау әрі сыршылдау кейіпте жүретін Рахаң кеңпейіл Уәлихан ағамның тұсында еркін көсілді. Бірі-бірін балалар газетінде бірге қызмет істеген жылдардан жақсы біледі екен. Арғы-бергі басылым басшыларының ішінде Рахымбай көкемді Уәлихан Қалижандай еркелеткен адам жоқ. Біздің жеңіл-желпі еркелігіміз Рахаңның ел көшіретін серілігінің қасында астар болуға жарамай қалатын. Басшымыз оны туған інісінен кем көрмеді. Төбесіне көтерді. Өзі отырған төріне оны да шығарды. Қызығы мен шыжығы бір емес бірнеше кітапқа жүк болатын атышулы Мәскеу сапарына арнайы ертіп кетті. Ол әйгілі фототілшінің арынын ауыздықтаған жоқ, қайта жолын ашып, тынысын кеңейтті де отырды.
Хо-о-ош, Рахымбай ағамыздың сөздік қорына әбден сіңген белгілі бір тіркестер бар-ды. «О, атаңның қоқи!», – дейді сан соғып немесе қапа болып қалғанда. «Е, дада..», – дейді көңілденіп, сені өзіне қаратып алғысы келген кезінде. Ал шаужайына жармасқан біреулерден тезірек құтылуды көңілі қалап тұрса, «Әй, айналайын, мен әлі обед ішкен жоқпын», – дейді жұлып алғандай. Оның барлық эмоциясы осы бір төрт-бес тіркестің арасында арпалысып жатады.

Төрт-бес тіркес дегенге, одан басқа сөз білмейтін, ойы жұтаң, толғамы тұтам біреу екен деп қалмаңыз. О, сөйлесе, Рахаң сөйлесін! Тілі майда, әп-сәтте кез-келген адамның буынына түседі. Жүзін жылытады, жанын жадыратады, жүрегін жылатады. Тек әлгі тіркестер айбарлы ағамыздың өмір сүру дағдысының көрсеткіші боп кеткен секілді болған соң айтқанымыз ғой.
Бірде біздің Аралды бетке алып, іссапарға бірге бара жаттық. Кәдімгі №7 «Қазақстан» жүрдек поезы. Шақырымдарды шақ келтірмей, ұсақ-түйек стансаларды аттап өтіп, зулап келеді. Рахаңмен бір купедеміз. Аңқасы кепкен Аралға сонау Германиядан гуманитарлық көмек келіпті. Одақ тарағаннан кейінгі алғашқы гуманитарлық көмек... Соның жай-жапсарын жазып қайтуға бара жатқан бетіміз. Әнуар Әлімжанов ағама еліктеп, болашақ мақаламның тақырыбын «Вюрсбургтен жеткен сый» деп қойып тастағам. Осыны құлағы шалған аңкөңіл Рахаң: «Не.. бургтен жеткен сый дейсің, сен бала?», – деп ауық-ауық сұрап қояды.

Тоқыраудың тоңы жібімеген заман. Алматыдан шыққалы бері көкшулан вагонымыздың елірген екі жолсерігі ойына не келсе, соны істеп келеді. Онсыз да қапырық вагонға адамды алған үстіне топырлатып алып жатыр. Одан түскен нәпақаны ұялмай-қызармай, ел көзінше санайды. Бірі дередей ұзын, сіліңгір қара. Екіншісі – көйлек-шалбар киіп алған кәдімгі қара қонжық. Біздің Бауыржан Үсеновтің «Қонжығындай аюдың жидекқұмар» деген деген бір өлең жолы бар еді. Тура сол. Аузы тамақтан босамады.

Вагондағыларды адам санатына қоспайды. Әкіреңдеп сөйлейді. Рахымбай ағам оны әрі-бері сыпайылап тәртіпке шақырып көріп еді, тыңдайтын сыңай танытпады. Тіпті бүкіл ел сыйлайтын ардақты ағамды ептеп тілдеңкіреп де жіберді-ау деймін. «Қо-о-о-ой, болмас...», – деп, біздің ағай орнынан тұрды. Қазір қызықтың көкесі болады енді...

Сол бойы жіңішке дәлізді жағалап кеткен Рахаң вагонның жолсеріктер ғана кіре алатын жеке туалетін өз кілтімен ашты. Кілт болғанда, кәдімгі тегеурінді теміржолшының шұбатылған темір кілті. Ол кілтке жалғанған кәсіби жолшылардың ұсақ-түйек асай-мүсейлері тағы бар... Тек ашып қана қоймай, онысын жолсеріктерге әдейі көрсетіп, сәндеп бұрап тұрып алды. Екі жолсеріктің көздері шарасынан шықты. Көмейлерінен үн шықпай қалды. Бір-біріне үрейлі көзбен қарады. Мына кісінің қолында кәнігі теміржолшыларда ғана болатын арнаулы кілт қайдан жүр? Сірә, саланың сырттандарының бірі болмасын?!

Жолсеріктерден әбден маза кетті.

Сол сол-ақ екен, вагон ішіндегі ахуал әп-сәтте өзгеріп сала берді. Біздің курстағы нұр дидарлы Нұрмира ақынның «Көктем боп келіп едің, Қысқа тез алмастың-ау» деп келетін өлеңі бар еді. Құдды соның кері. Аптаптан көз ашпай тұрған Анненковтың азап вагонының ішін қоңырсалқын самал жайлады. Әлдеқайдан салқындатқыш іске қосылыпты. Артық адам алу сап тиылды. Жолсеріктердің ұзын бойлысы олай бір өтіп, былай бір өтіп, ауық-ауық есіктен қарап кетеді. Жақсы ағаға жанасудың жолын таба алар емес. Рахаң болса, түсін бермей, томсырайып отыр. Аналардың көзін ала бере, бізге қарап езуі жайылып күліп алады да, Жайылма көліндей жайылып бара жатқан екі езуді лезде жия қояды.

Бір сәтте мен дәлізге шықтым. Ұзын бойлы жолсерік дереу жаныма жетіп келді. «Аға, – дейді өзінен оншақты жас кіші һәм аға сиқы жоқ маған, – ана кісі теміржолда жұмыс істей ме?». «Әрине», – деймін басқа сөз қапелімде аузыма түспей.

Сәлден соң бар батылдығын бойына жинаған қонжық пен жираф купемізге келді. Екеуінің де ері мойнына кеткен. Қыз алып қашып, айыпты боп отырған құдалар секілді күмілжиді. Қонжық деп қорашсынып жүргеніміз осы вагонның басшысы екен. Аға-ау, кешіріңіз, аға-ау, шел басты, аға-ау, бас міне... Аға-ау, неге үндемейсіз, аға-ау, айтып өлтірсеңізші... Осы сықылды бірдеңелер... Қуықтай купе ішінде күлкі шақыратын кішіпейілділік симфониясы дамылсыз ойнап жатыр, ойнап жатыр...

Бір кезде Төлегенге жыны келіп, басын қасып отырған Базарбай секілді дымы шықпай қалған айбынды ағама тіл бітті. Содан Рахаң сөйледі. Айтып жатыр, айтып жатыр... Бүкіл жолсеріктер жүйесі бетімен кеткен. Бетімен кетпесе, не мынау? Ақша сұрайды, елге әкіреңдейді, тіпті көздерін шел басқаны соншалық, қарапайым жолаушының кейпіне енген өздерінің басшыларын танымайды...

– Аға, айтыңызшы енді, сонымен сіз кімсіз?, – деді қонжық жолсерік торғайдай бүрісіп.

– Айналайын, мен қатардағы проводниктен Тарпаңовтың орынбасарлығына дейін өскен жиырма жылдың ішінде дәл мұндай сұмдық көрген емеспін, – деді ғой сонда біздің Рахаң.
Қарсы алдында ербиіп отырған екеу сылқ ете түсті. Ол кезде Тарпаңов деген фамилия теміржолдың тұтқасы дегенмен бірдей естілетін. Ал көп жыл осы салада басшылық қызмет істеген Қазыбек Тарпаңов біздің Рахаңның жақынырақ араласатын дос-жарандарының бірі екені де рас-ты... Бәсе, ана жолсеріктердің зәресін ұшырған сиқырлы кілттерді қайдан алып жүр десем...

Қысқасы, қонжық құмырсқаға, жираф сонаға айналды. Рахаң екі жігіттің «Енді елге зәбір көрсетпейміз, жөнделеміз, түзелеміз, бұдан соң жақсылап қайта құрыламыз» деген уәдесін алып, Аралдың төбесі көрінген кезде ғана оларды әзер кешірді...

Жарайды, кейіпкеріміздің кәсіби шеберлігіне көшейік. Рахымбай Ханалиевтің «Лениншіл жастағы» қызмет бөлмесін көрген де арманда, көрмеген де арманда. Тоғыз қабатты газет-журналдар үйінің жетінші қабатына қоныс тепкен басылымның ең тар бөлмесі осы Рахаңдікі еді. «Сарқыраманың аржағында, сылдыраманың бер жағында» дегендей, бұл бөлме секретариатқа кірер есіктің оң жағында, жұмысшы жастар бөлімінің сол жағында. Терезе дегеннен жұрдай, аузы-мұрны жоқ отау. Төрт-бес адам қатар кірсе, орын тапшылығы бірден көрініп қалады. Бірақ газеттің ең құтты бөлмесінің бірі осы еді. Қуықтай екендігіне қарамастан бұл бөлмеге бас сұқпайтын адам жоқ. «Көңіл сыйса, бәрі сияды» деген мақалды ғылыми апробациядан өткізуге нағыз таптырмайтын жер сол. Рахаң бұл бөлмеде мейман қабылдап қана қоймайды, фотоаппаратына пленка салады, сары алтындай суреттерін сақтайды.

Өз басым бұқаралық ақпарат құралдарында жұмыс істеген жылдарымда сан түрлі фототілшімен етене араластым. Әрқайсысының стилі әр түрлі. Мәселен, Дендербей Егізов бозала таңнан тұрып алып, кейіпкерін күні бойы аңдиды. Айтжан Мұрзанов алдын-ала қимылдап, бірнеше нұсқаны әзірлеп қояды. Советбек Мағзұмов адамды үнемі іс-қимыл үстінде суретке тартады. Қозғалыстағы кісіні тоқтатсаң болды, басың пәлеге қалады. Ал Рахаңа адам қозғалып келе жатыр ма, тапжылмай тұр ма, бәрібір. Ол бірер минут бұрын суретке тартатын адамын жақсылап дайындайды. Ойлы кейіпке енгізеді, сөйлеп отырғандай образ қалыптастырады. Сөйтіп, бір орында тұрған адамға да қимыл дарытады.

Рахаңның суретке түсірген кез-келген кейіпкерін қатардағы кісі емес, кәсіби актер дерсің. Себебі, ертеңіне газеттен жасандылықтың ізін де көре алмайсың. Табиғилық дегенің тұтасып тұр...
Ол жақында ғана жүзге толған «Жас алаштың» фотошежіресін жасауға өлшеусіз үлес қосты. Қазақ руханиятындағы тұлғалардың бейнесін тарихқа таңбалады. Сирек кездесетін сәттерді суретке түсіріп, журналистиканың жылнамасына енгізді. Үлкен-кішіге өтімді, абыройлы аға, ізетті іні бола білді. Ешкімді ренжітпеуге тырысты. Жүрген жері той-думан мен ойын-күлкінің ордасына айналып сала беретін. Мен көрген фотомергендердің ішіндегі ең көңілдісі осы Рахымбай ағам еді. Тұмсығы сала құлаш фотоаппараты үнемі мойнында асулы жүреді. Әсерлі көрініс көзге шалынса, кілт тоқтап, біресе жүрелеп, біресе бұқпантайлап, оңтайлы сәтті күтеді. Фотомылтығының құлақшасын қайырып, төзіміңді әбден тауысып барып, сырт еткізеді бір кезде. «Қасиеті көзге біткен көріктім, Көздегенін қалт жібермес мергенім!», – деп сүйсінесің мұндайда.

Рахымбай Ханалы осыдан он алты жыл бұрын өмірден өтті. Дендеген дерттен айыға алмады. Бірақ көңіл сенбейді. Алматыдағы бұрынғы газет-журналдар үйінің маңына бара қалсаң, «Күмісті мылтық қолға алып...» деп Махамбет ақын жырлағандай, фотоаппаратын оңтайлап, бір бұрыштан шыға келетін сияқтанады. Ал күмісті мылтықтың алтын мылтыққа айналып, қаңтарулы жатқалы қашан. Жоқ, қаңтарыла қоймапты, бертінге дейін Азат деген ұлы фототілшілік қызмет атқарып, күмісті мылтықты оңды-солды сілтеп жүрді. Қазір басқа жұмысқа ауысқанымен, сурет өнерінен жирене қойған жоқ. Жалпы, күмісті мылтықтың иесі тек соңына тағылымды туындыларын ғана қалдырмапты. Жайдары жеңгеміз Африза екеуі алтын асықтай ұл, күміс қасықтай қыз өсірді. Соның ішінде бүгінгі мерейлі мемлекеттік қызметші, кезінде тарихы бай Тараз қаласы әкімінің орынбасары, кейін дипломатиялық жұмысқа араласып, Бішкектің консулы болған әлеуетті әріптесіміз Жасұлан Рахымбайұлының орны бөлек.

Қайран Рахаңды ойласақ, көп нәрсе еске түседі. Қырықтағы қылшылдаған Жұмабай Шаштайұлы бастаған жас журналистер «Тараз» қонақ үйінде Рахымбай Ханалымен әзіл-қалжың үлгісіндегі баспасөз конференциясын өткізгенімізді айтсаңызшы. Әнуарбек Әуелбековтің «Рахаң келді қырыққа» деген толғауын кейіпкердің қатысуымен жағымыз талғанша талдайтынымыз ше? Немесе:

Болса да, мақсат биік, мұратым бай,
Бұл бақыт мәңгі баста тұратындай.
Қасымнан шыр үйіріліп шықпай жүріп,
Суретке түсірген-ді Рахымбай... –

деп термеленіп келетін, әзілкеш Әнеш ақын «Спринттен» ұтып ала жаздаған атақты «Ақ Волганың» жырын қайда қоярсың?! Қазір соның бәрі де естелік...
Бір сөзбен қайырсақ, Рахаң, қызық, мол жылдар...

* * *

Арамызда аман-есен жүргенде дәл осы күндері ол: «О, атаңның қоқи, бұл да кеп қапты ғой?», – деп, маусымның жиырма бесінде толатын өзінің жетпісіне асығып-аптығып, жанығып-жанталасып даярланып жатар еді. Сөйтер еді... Рухы шат болсын ардақты ағамыздың!

Бауыржан ОМАРҰЛЫ

Пікірлер