Еңбегімен, жақсылығымен жұртқа жаққан ақсақал

1118

Сейітқали ақсақалды дүйім жұрт көгілдір экран арқылы оның тағылымға толы әңгімелерімен жақсы таниды. Алпыстың жетеуінен асқан атамыздың ұрпақ тәрбиесіне, дін саласына сіңірген еңбегі зор. Қимылы шапшаң қария әлі күнге дейін спорттан қол үзген емес. Ғұмырының жартысын әскери қызметке арнағанымен, бүгінгі таңда ислам құндылықтарын насихаттап, имандылық жолында қызмет атқарып келеді.

Жамбыл ауданында дүниеге келген Сейітқали Ыбытаев біраз жылдан бері қасиетті Қарасай жерінің Шамалған ауылында тұрады. Ауданның әлеуетін арттыруға үлес қосып жүрген ақылшы аталардың бірі десек артық айтқандық емес. Халқына қадірлі, ортаға сыйлы Сейітқали Есімбекұлының тәуелсіздік жылдарға дейін көрген-білгені, санасына түйгені, егемендіктің қаншалықты қастерлі екені, әрине, жеке өз басына белгілі. Ғұмырлық ұстанымы өзгелерге ғибрат болсын, баталы сөзі бүгінгі жасты жігерлендірсін, «тәуелсіздік» ұғымы қаншалықты қымбат екенін ұғындырсын деген оймен оның жұмыс орны «Сәт» мешітіне арнайы бас сұғып, қарасайлық қариямен сұхбаттасуды жөн санадық.

– Сейітқали ата, алдымен мерейлі марапатыңыз құтты болсын. Осыған дейін Жамбыл ауданының «Құрметті азаматы» деген атағыңыз бар екенін естіген едік. Енді, міне, Қарасай жеріне сіңірген еңбегіңіз бағаланып, осы ауданның да «Құрметті азаматы» атанып жатырсыз. Әңгіменің әлқиссасын өзіңіз жайлы бастасақ. Ғұмырнамаңызға қысқаша тоқталып өтсек қалай қарайсыз?

– Туған жерім Жамбыл ауданы болғанымен, қазіргі таңда Шамалған ауылында тұрамын. Мектеп қабырғасынан кейін, совет армиясы жасақ мектебін тәмамдадым. Әскери борышымды Иран, Сирия, Ауғанстан сияқты елдерде өтеп, оқтың ортасында Отан алдындағы міндетімді орындадым. Алғашқы қызметім осы әскери саламен байланысты болғандықтан, соның арқасында ҰҚК-нің подполковнигі шеніндегі офицерлік атағына дейін жеттім. 1988-1992 жылдары Түркия елінде барлау қызметінде болдым. Оған дейін Қарасай ауданында біраз жауапты қызметтерді атқардым. Атап айтар болсақ, Шамалғанда инженер, бас энергетик, осы ауылдағы кеңшарда парторг, кейін профкомда біраз лауазымды жұмыстарды атқардым. Сонымен қатар, әкімдікте кәсіподақ комитетін басқардым.

– Сіздің дін жолында қызмет етуіңізге не түрткі  болды? Сол жайында ашып айта аласыз ба?

– Дінге деген бетбұрыс сол Түркия елінде жүрген кезде басталды. Ыстамбұл қаласының әр бұрышында азанның даусы естілетін. Кейін осы мемлекетте діни сауатымды ашып, төрт жыл бойы ислам қағидаттарын үйрендім. Отанға оралған соң да оны жалғастырдым. Қазақстандағы мүфтиятта еңбек еттім. Сол кездегі бас мүфти Ратбек қажының нұсқаулығымен Пәкістанның астанасы – Исламабадтағы халықаралық университетте білімімді жетілдірдім. 1993-1996 жылдары Шамалған ауылында имам болдым. Бір үйді өз қаражатыма сатып алып, сол баспананы мешітке айналдырдым. Кейін бұл ауылда сәулеті жарасқан жаңадан Алла үйі бой көтерген соң, жаңағы ескі мешітті жеке үй ретінде көпбалалы анаға сыйға тарттым. Өзім, міне, Тәуелсіздік жылдарынан бері, яғни 96-шы жылдан бастап Жамбыл ауданының Қарғалы ауылындағы «Сәт» мешітінде бас имамдық қызметтемін.

– Расымен де, ақсақал, егемендік алғалы талай кезеңге куәгер екенсіз. Осы тәуелсіз ел болу бақытын түсіндіріп беріңізші. Оның бүгінгі, одан кейінгі ұрпаққа қаншалықты қымбат әрі аманат екенін айтып өтсеңіз.

– Бұл тәуелсіздікті бабалар аңсады. Бір өкініштісі, соны көре алмады. Алайда, осы жолда олар басын бәйгеге тігіп, елім, жерім деп құрбан болып та кетті емес пе?! Ашаршылықтан да қазақ зардап шекті. Бұның барлығы тарих беттерінде тайға таңба басқандай жазулы. Біз сонау 80-ші жылдары да жақсы өмірді сүрген едік деп айтуға болады. Шын мәнінде, тәуелсіздік бақыты 1986 жылы орын алған Желтоқсан көтерілісінен кейін бізге бұйырды деуге әбден негіз бар. Кеңес өкіметі 1991 жылы ыдырап, кейін егемендігімізді алып, азат ел ретінде бөркімізді аспанға лақтырдық. Бұл – баға жетпес байлық. Сол жылдары дүниеге келген балалар бүгінгі таңда 30 жасқа келді. Олар тәуелсіздіктің қалай келгенін сезбеді. Бәлкім, жас шағында ұғына да алмаған шығар… Иә, еңсемізді тіктеп, бейбіт заманның орнауында бұл ретте Елбасы Н.Назарбаевтың ықпалы зор. Сарыарқаның төсінде астанамызды тұрғызды. Мемлекетті басқарып отырып, ел ертеңін ойлау екінің бірінің қолынан келе бермейді. Бұның бәрі кімге арналды? Әрине, келешек ұрпақ үшін. Кейде осындай баға жетпес құндылықты түсіне алмай, қадірін білмей жатамыз. Ұлан байтақ жердің, ана тілдің, өз рәмізіміздің барын білген, оны сүйе білген адам ғана бақытты деп ойлаймын.

– Сейітқали ата, тәу етер тәуелсіздікттің қымбаттылығын сезінуі тиіс бүгінгі ұрпаққа көңіліңіз толады ма?

– Әрине, ризамын. Көңілім толады. Олар елдің ертеңі ғой. Мені қуантатыны – олардың білімге ұмтылып, заманауи технологияны еркін меңгеруі. Уақыт талабымен жастардың ойы ұшқыр болып көрінеді. Дегенмен де, қай-қайсысы болсын, өткенін ұмытпай, тілін, дінін, ата-бабадан мирас болып қалған салт-дәстүрін ұлықтай білу керек деп ойлаймын. Әсіресе, ана тілімізде шорқақ сөйлейтіндерді көріп, ішім қанжылайды. Бәріне топырақ шашудан аулақпын. Сонда да өз жерімізде тұрып, асымызды ішіп, мемлекеттік тілге деген құрмет болу керек деп есептеймін. Бәрі уақыттың еншісінде ғой. Сол ұрпақтың ұлағатты болуы үшін табандылық танытудан шаршамаспыз.

– Жастардың дін жолында жүргенін құптайсыз ба? Көзқарасыңыз қалай?

– Діннің дұрыс бағытын ұстанған жандарды қолдаймын. Қазақта мынадай жақсы сөз бар: «Ауру астан, дау қарындастан, дерт дінсіздіктен». Міне, осыдан-ақ түсінуге болады. Діні бұзылғанның қоғамы да теріс өзгереді. Отбасы құндылығы жоғалып, ұрпақ тәрбиесі естен шығады. Сондықтан дінге бет бұрғанда да абайлау керек. Имам болғалы талай адасқандармен де алыстық. Оны несін жасырамыз. Дұрыс білімге құштар болып, санамызды улайтын пиғылдардан ада болу керек. Өзім де осы бағытта шәкірттеріме бар білгенімді жеткізіп, адалдыққа тәрбиелеумен келемін.

– Сізді батагөй қария дейді жұрт. Тіпті жақында «Қазақ билер орталығы» қоғамдық бірлестігінің куәлігін де алыпсыз. Құтты болсын! Өзіңізден бата-тілек сұраушылар көп пе?

– Ел алдында жүргендіктен, көпшілік ортада көп болғандықтан ақыл-кеңесімді, ақ батамды сұрап жататыны рас. «Жақсы сөз – жарым ырыс» дегендей, жүрекжарды ниетімді білдіруден арылмаймын. Мен 1994 жылы ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы осы ауданға арнайы келгенде ол кісіге де ақ батамды арнаған адаммын. Елбасы сол кезде әке-шешесінің басына мені алып барып, Құран бағыштатты. Кейін Шамалған ауылындағы шаңырағына барып, сүйікті жары Сара Алпысқызы бәріміз дастархандас болдық. Ел ағасы маған құрмет көрсетіп, үстіме шапан жапты. Мен де ізгі ілтипатымды білдіріп, «Мақтанышым – Отаным, байлығым – отбасым, Құран – рухани байлығым» деп ізгі тілегімді арнап, қасиетті Құран кітабы мен тәспіні сыйға тарттым. Нұр-аға оны ерекше ықыласпен қабыл алды. Сыйымды үйіндегі бөлмесінде сақтайтынын айтып, ризашылығын жеткізді. Міне, осындай ардақты азаматтарға деген жылы лебізімді білдірген жайымыз бар. Енді айта берсек көп қой, ондай тізімдер. Бір-бірімізге жақсылық тілеп жүргенге не жетсін!

– «Ақсақалдан бата алған – Құдайдың рахметіне жолығар» демекші, ендеше батаңызды беріңіз. Елге, жұртқа не тілейсіз?

– Ел аман, жұртымыз тыныш болсын! Елдің еңсесі биік, тәуелсіздігіміз баянды болып, бейбіт заманда ғұмыр кеше берейік. Ұрпағымыз ұлықты, береке-бірлігіміз ажырамасын!

– Әңгімеңізге рахмет, ақсақал, өзіңізге де бар жақсылықты тілейміз!

 

Сұхбаттасқан: Дидар МӘЛІКҰЛЫ

 

Пікірлер
Ұқсас жаңалықтар