Мүмкіндікке толы ҚазҰУ қалашығы

3493
Adyrna.kz Telegram

«Студенттік өмір – өміріңнің ең жарқын сәттері» деп айтушы еді үлкендер. Бүгінгі күнім сол сөздердің дәлеліндей. ҰБТ өте салысымен Алматы қаласына, армандаған оқу орныма келуге қатты асықтым. Оқу орнын армандағанда ойыма тек Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті келетін. Осы оқу ордасына алғаш келгендегі сезімім ерекше болды. Биік тауларға тамсана қарадым. Әл-Фараби ескерткішіне ұзақ қарап тұрдым да, ішімнен ерекше жылуға толы «Әл-Фараби ата» деген сөзді айттым. Күн сайын сабаққа келіп-кетіп жүргенде биік ректоратқа қараймын да, қасиетті қара шаңырақтың студенті болғаныма шүкіршілік айтамын. Мен үшін ерекше әрі маңызды күн «Студенттерді қабылдау кеші» болды. Бұл кеш өте жоғары деңгейде өтті. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде студенттерге мүмкіндік көп. Түрлі бағыттағы ұйымдар бар. Ұйымдарға кіріп, қоғамдық жұмыстарға араласуға зор мүмкіндік бар.ҚазҰУ-да күн сайын жаңа достармен таныстым. Осылайша, ортам кеңейді. «Сұңқар студенттер мен магистранттар кәсіподағының» мүшесі болдым. Сұңқардың жеткен жетістіктерін қарап, қоғамға пайдалы кәсіподақ екеніне көз жеткізіп Сұңқарды таңдадым. «Сұңқар» кәсіподағының жоғарғы курс студенттері бізді «балмұздақтарым» деп ерекше мейіріммен қарсы алған еді. Сұңқардың әр жиналысы қызықты өтеді. Осы кәсіподақты таңдағаныма қуанамын. Менің ортамды, достарымды кеңейтті. Әр жиналыста өткізілетін іс-шаралар туралы ақылдасып, пікір алмасып тұратынбыз. Қазір онлайн жиналыстар болады. Кереметтегі Сұңқарға арналған бөлмеге кезекшілікке барып тұратынбыз. Кереметте ҚазҰУ студенттеріне мүмкіндік көп. Жұмыспен қамту орталығы, кинотеатр, кішігірім аурухана да бар. Бұдан бөлек студенке қажеттінің бәрі табылады. ҚазҰУ-да интернет орталығы, Ө.А. Жолдасбеков атындағы студенттер сарайы, мұражай, компьютерлі- техникалық жабдықтар, WI-FI сымсыз интернет желісі, ауқымы кең спорттық кешен сынды орталықтар орналасқан. Әл-Фараби атындағы кітапханада кітаптың барлық түрі бар. Студенттерге еш қиындықсыз кітап алуға мүмкіндік жасалған. Бұның барлығы студенттің еш қиындықсыз білім алуына жасалған жоғары мүмкіндік. Оқу орнында есімнен кетпейтін ерекше күн Филология және әлем тілдері факультетінің студенттерімен тауға шыққанымыз. Жоғары курс студенттері бізге барынша қамқорлық танытып, жақын танысу мақсатында бізді тауға алып барды. Таудағы «Бутаковка» сарқырамасына бардық. Қызықты ойындар ойнадық. Гитарамен ән айтылды. Біздің КазҰУ қалашығында кең таралған, «КазГУград» әнін тыңдадық. Осылай білім ордасындағы жаңа ақпарат алып, жаңа адамдарды тани түскен қызықты күніміз жалғаса берді. «Балмұздақ» деген атауды ұнатпай жататындар да бар. Маған «Балмұздақ» атауы қатты ұнады. Екінші, үшінші курс студеттері бізбен танысып, біз келгенде қарсы алып «Балмұздақтар» деп атаған болатын. Біз де биыл келген студенттермен танысып, «Балмұздақтар» деп атап, желіде сұрақтарына жауап беріп жүрміз. ҚазҰУ-дың жоғары курс студенттері бірінші курс студенттеріне барынша қамқор болады. ҚазҰУ-да студенттерге берілетін мүмкіндіктер жоғары. Тек оны дұрыс пайдалану біздің еншімізде. Алматының әсем жерлерін көріп, сол жерлерге қатысты ой-пікір қалыптастыру рухани дамудың бір түрі деген ойдамын. Әзірге мұражайлардың барлығында болмасам да, мұражайларды көріп шығу жоспарымда бар. Оқу орнына келгелі достарымның саны арта түсті. Қазір қашықтықтан білім алудамыз. Қазір естелікке, жылылыққа оранған қара шаңырақты сағынып жүрміз. Ұстаздармен және топтағылармен амандықта қауышайық деген тілектемін. Студентте мүмкіндік те, уақыт та көп, тек оны дұрыс жұмсайтын бағыт болса болғаны. Сонда бақыттың да болғаны. Атам студенттік өмірін ерекше сезіммен, сағынышпен айтып бергенде «тезірек студент болсам» деп армандаушы едім. Студенттік өмір шынында да ерекше, қайталанбайтын, тәтті естеліктерге толы болатындығын сезінудемін. Бастысы, студенттік өмірді жай ғана естеліктерге толтыруды емес, жақсы естеліктерге толтыруды мақсат еттім. ҚазҰУ-ға жан-жақтан талантты   студенттер мен магистранттар, докторанттар жиналған. Олардың білімді әрі бәсекеге қабілетті болуына барлық мүмкіндік қарастырылған. Қара шаңырақтан алар біліміміз, үйренеріміз көп.

 

Әдеби кеңесші: Талғат Бекболатұлы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың оқытушысы, докторант

Орындаған: Даулетияр Гүлзамира, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың 2-курс студенті

Пікірлер