Әл үстіндегі әншілер. НЕГЕ коронавирус білдей бір индустрияны жойып жіберді?

1011

Қош бол, той-бизнес! Коронавирус пандемиясы өмірімізді түбегейлі өзгертті. Ал экономикада тұтас индустриялардың жойылып кетіп, орнына жаңа салалардың пайда болуына әкеліп соқты.

Осы уақытқа дейін біздегі той-бизнес индустриясының ақшалай айналымы бойынша ешқандай деректер жинақталмаған болатын. Былайша айтқанда, ресми статистика барлық әншілердің тойдан табатын табысын есептемейді. Әншілердің салық төлеу мәселесі сөз жүзінде қалғандықтан индустрияны көлеңкелі деп атауға толық негіз бар.

Еліміздегі тойханалар мен банкет залдарының саны орта есеппен 5 мыңды құрайтынын ескерсек, Nege.kz есебінше, бұған дейін той-бизнестің жылдық айналымы кем дегенде 24 миллиард теңгені құрып келген.

«Пандемиядан оффлайндағы жиылыс шаралары ең бірінші болып зардап шекті», - дейді, Экономикалық бастамаларды қолдау қорының (ЭБҚҚ) сарапшылары. Түрлі қоғамдық шаралар, оның ішінде той да бар, сонымен бірге жолаушылар тасымалы, көлік секторы өте ауыр жағдайда.

«Тойға, отбасылық шараларға тыйым сақталып тұрғандығын, ал жылдың аяқталуына аз уақыт қалғанын ескерсек, биыл той-бизнестің өз қалпына келе алмайтынын болжауға болады. Әрине, тойхана, музыкалық құрылғылар сынды инфрақұрылым бұзылмай тұра береді. Бұл жағдайда ең бастысы - адамдар. Елдегі той-бизнес саласында кем дегенде 15 мың адам қызмет етті. Бастысы, олардың қиын уақытта басқа кәсіпке ауысып, тойдан бөлек табыс көзін табуына септесу керек. Жергілікті жұмыспен қамту орталықтары бұл мәселеде белсенді болуы тиіс»

«Қазір шоу-бизнес өкілдерінің басым бөлігі карантинде қол қусырып отырмайық деп басқа кәсіпке бет бұрып кетті. Яғни, жаңа мамандықты игере бастады. Мен танитын эстрада әншілерінің бірі қымыз, саумал сатумен айналысып кетсе, енді бірі кофехана ашқан, тағы бірі хиджама бизнесін қолға алып жатыр», - дейді, Nege.kz әңгімеге тартқан 31-арнадағы «Жұлдыздар жарқырайды» жобасының тілшісі Лаура Биғали.

«Әншілерден сұхбат алған кезде көңіл-күйлері жоқтығын байқаймын. Себебі той жоқ, ақша жоқ, жаңа ән жазуға шабыт та жоқ... Шегірткенің лейблін жасап алған Бейбіт Қошқалиев өзі тұрып жатқан «Думан» ықшамауданында кофехана ашқан. Сәкен Майғазиев пен Бағлан Әбдірайымовтар қымыз сатады. Негізі әншілер бизнеске бет бұрғандары дұрыс болды. Карантин кезінде ойын-күлкі, ән-думаннан нан таппайтынын түсініп жатыр».

«Енді пандемияның әсері той-бизнеске ұзақ уақыт бойы салқынын тигізіп тұратын болады», - дейді, ЭБҚҚ сарапшылары. Тіпті баяғыдай жағдайына қайтып оралмауы да мүмкін. Оның негізгі екі себебі бар. Біріншісі – азаматтардың төлемқабілеттілік деңгейінің төмендеуі. Баяғыдағыдай артық қаржысы жоқ халық тойды шағын отырыс ретінде, әншілерсіз өткізуге тырысатын болады. Екінші себебі ақпараттық саясатпен байланысты. Әлеуметтік желілерде тойға, ысырапшылдыққа, әншілерге қарсы үндеулер саны артып келеді. Демек, біраз уақыттан кейін қазақ халқы еуропалық менталитетке көшіп, «тойды міндетті түрде істеу керек» деген ұғымнан арылуы мүмкін. Егер ондай болатын болса, той-бизнес индустриясы мәңгілікке жойылады.

Nege.kz

Пікірлер
Редакция таңдауы