Мыңдаған ананы жылатпаңыздар!

4650
Adyrna.kz Telegram

Соңғы айларда әлеуметтік желіде үлкен резонанс тудырған Әліби Өтепбергеннің жағдайы өнер адамдарын да бей-жай қалдырмады. Еске салайық, «Ақбөбек-Восток» жазғы лагерінде бұзықтық жасаған балаларды жазалауға тырысқан тәрбиеші Ақтөбе облыстық сотының үкімі бойынша 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Шешімнің еш негізсіз болғанына күйінген туысқандары қараша халықтан көмек сұрайды.

Бұл туралы "Адырна" бұған дейін де жазған еді.

Болашақ актердің қиын жағдайына үн қосып, шәкірттерінің жазықсыз екендігін дәлелдеу үшін шырылдап жүрген өнер адамдарының пікіріне үңіліп көрейік!

 Сәкен Майғазиев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:

–Оқушылар лагеріндегі 50-ге жуық бейнекамерада Әлібидің бірде-бір оғаш қылығы көрінбесе, арыз жазған 20 ата-ананың 19-ы "Әлібиге тағар кінәміз жоқ" деп арызын қайтарып алса, енді не керек?! Бұл қазақ халқын, Әлібиіміздің туыстарын сыбайлас жемқорлыққа итермелеу ме?! Арызын қайтарып алмай отырған 15 жасар баланың отбасына айтарым, Аллаh тағала бәрін білуші, көруші, естуші. Шаңның тозаңындай жақсылық жасасаң өзіңе, жамандық жасасаң өзіңе оралады. ҚҰДАЙ көресімізді көрсетпей көрге кіргізбейді, осыны ұмытпайық. Жазықсыз жанды 10 жылға соттату барып тұрған бейбастақтық, әділетсіздік. Егер, Әлібиіміз кінәлі болған болса, дәлелмен көрсетулеріңізді сұраймыз. Әділдік салтанат құрсын! ҚАЗАҚСТАНЫМЫЗдың жарқын болашағының, кемел келешегінің кепілі жастарымызға жазықсыз жала жаба беретін болсақ, ерлерде елге деген сенім қайдан болады?!

 

Майра Ілиясова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, қазақ эстрадасының анасы:

«Әлібиге араша! Қымбатты, халайық! Әліби баламызға ел болып, араша түсіп, әділдік сұрағанымызбен, сот өз шешімін өзгертпеді. Қалың қазақтың тілегі ескерілмеді, туыстары қан жылады, Әлібидің үміті сөнуге таяу қалды. Дегенмен, бұл қазақ не көрмеген?! Талай қиналған жанға демеу болдық, жылағанның көзін бірге сүрттік, қиналғанды қуанттық. Ендеше, тағы бір рет "көп түкірсе, көл болатын" кезіміз жетті, ағайын!
Сіз болып, біз болып, онсыз да қатал тағдырдың тауқыметіне ұшырап, анасынан ерте айрылған, 23 жасында жасөспірімдердің "еркелігінен" нақақтан жала жабылған Әліби Өтепбергенге қол ұшын созатын кез келді. Барша жанашырлар жиылып, жас жігітті қорғауға қол ұшын созайықшы.

«Шынында акша не ушин жинап жатсыздар? Сот акша сурап жатырма? Неге елбасына хат жазып, көмек сурамайсыздар?» деген оқырманның сұрағына Майра былай деп жауап берді:

«Әлібиді 2 адвокат қорғайды. Ақтөбеге жиі барып жатыр. Қаражат ұшақ, қонақ үй, тамаққа жұмсалуда. Балаларының жалған ақпараттарына сеніп, шалыс басқан ата-аналар арыздарын қайтарып алды. Балалар лагерде дискотекаға бара алмай, ерегесіп ұйымдастырғаны айдан анық. Мен «Шабыт» университетінде декан жане ұстаз болып қызмет атқарғанмын. Әліби группаның старостасы әрі өте таза бала болатын»

 

Меруерт Түсіпбаева да инстаграм парақшасында Әлібидің ісіне байланысты бірнеше жазба қалдырған. Оқиғаның неден басталып, қалай өрбігенін де баяндайды. Актоты Раимкулова, Askhat Mayemirov, Майра Ильясова, Света Айтбаева сынды үзеңгілестерін жазықсыз жанды қолдауға шақырды.

Осыдан бір апта бұрын жазған жазбасында «Жұмылсақ - жұдырық, біріксек - тау қопарар күшпіз! Әділдік бар, жеңіске жететін күн жақын! Үмітің сөнбесін, ӘЛІБИ!» дей келе, қаражат жинау үшін Әлібидің әпкесінің реквизиттерін көрсеткен.

«Қымбатты, халайық!!! Әліби баламызға ел болып, араша түсіп, әділдік сұрағанымызбен, сот өз шешімін өзгертпеді. Қалың қазақтың тілегі ескерілмеді, туыстары қан жылады, Әлібидің үміті сөнуге таяу қалды. Дегенмен, бұл қазақ не көрмеген?! Талай қиналған жанға демеу болдық, жылағанның көзін бірге сүрттік, қиналғанды қуанттық. Ендеше, тағы бір рет "көп түкірсе, көл болатын" кезіміз жетті, ағайын!
Сіз болып, біз болып, онсыз да қатал тағдырдың тауқыметіне ұшырап, анасынан ерте айрылған, 23 жасында жасөспірімдер "еркелігінен" нақақтан жала жабылған Әліби Өтепбергенге қол ұшын созатын кез келді. Барша жанашырлар жиылып, жас жігітті қорғауға қол ұшын созайықшы» деп шарқ ұрады Түсіпбаева.

 

Әлібиді педофилияға қатысы бар деген пікірге Меруерттің берген жауабы:

«Қазіргі уақытта педофилия тақырыбы пәлеқорларға жақсы болды. Қит етсе, педофил деп шығады. Менің бала кезімде, осы тақырып жабық еді, сыныптастарымызды жасы үлкенірек балалар ұратын. "Ер шекіспей, бекіспейді" деп көздері көгеріп жүре беретін. Ал қазір бәрі әлжуаз, ерке, шыбық тисе шыңқ етер “маменькин сыночектер”. Кішкене еркек болсын, мойны қатайсын деп тәрбиелеп, қатты сөйлеп, нұқып жіберсе болды, өзіңе атылуға дайын. Өшін алу үшін «педофиль» деп шығады. Қазақ онсыз да өте аз. Болашағынан зор үміт күттіретін азаматтарымызды абақтыға тықсақ, қалай өсеміз?! Қалай өркендейміз?! Өз-өзімізді ұлт ретінде жою қаупі бар емес пе?!»

«Құрметті аналар! Балаларыңызды ЕРКЕК қылып тәрбиелеңіздер! Балаңызды жақсы көрсеңіз, бала мен тәрбиешінің арасына түспей, балаға өз мәселесін өзі шешуіне мүмкіндік беріңіздер! Балаңызды қанша қорғаштағаныңызбен, сіз балаңызбен өмір бойы бірге болмайсыз. Дұрыс түсінулеріңізді сұраймын. Біздің балаларымыздың бізден де  керемет тағдыры бар» деп арыз жазған ата-аналарға үндеу тастайды.

Света Айтпаева да «Обал болды жас балаға. Менің Димашжаныммен қатар екен» деп аһ ұрып жатыр. Жан-жаққа хабарласып, дабыл қағуда. «Егер анасы тірі болса, әлгі арыз берген әйелдердің үйінің алдына көлденеңнен жатып алса да, арызын алдыртқызатын еді ғой» деп күрсінеді.

«Әлібидің Аналары» болған мыңдаған Ананы жылатпаңыздар! Әліби жаман болса, қазақтың Қыз Жібегі Меруерт Өтекешова апамыз ұшақпен Ақтөбеге ұшып барып, соттың алдына барып отырмайды.
Жас қыздар мен замандастары шырылдап шықпайды. Тұрсынбектің келіншегі Мөлдір де күңіреніп пост жазбайды... Бір кем дүние...» деп Әлібидің тағдыры үшін күресіп жүрген Бибігүл Дәулетбекқызы да үн қосты.

Қазіргі кезде Әлібиді Асанәлі Ашимов, Ескендір Хасанғалиев, Нұрғали Нүсіпжанов, Меруерт Өтекешева, Майра Ильясова, Асхат Маемиров, Қанат- Света Айтпаевтар, Қыдырәлі - Қарақат, Тұрсынбек - Мөлдір Қабатовтар, Сакен Майғазиев, Меруерт Түсіпбаева, Мадина Садуақасова, Даурен Серғазин, т.б. танымал тұлғалар қолдап отыр.

Ақиқатты ашып айту ақылдың ісі! Әркімнің өз шындығы болғанмен, ақиқат біреу! Адвокаттар мен атсалысқандар да ақиқатқа адаспай жетіп, дүрліккен халықтың күпті көңілін  өз орнына түсіруін тілейміз.

 

 

Әбілда Аяулым,

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер