Жазықсыз жас актер 9 ай бойы түрмеде отыр

17516
Adyrna.kz Telegram

Ақтөбе облысының 23 жастағы Әліби Өтепберген атты жас актері 9 ай бойы түрмеде жазықсыз отырған көрінеді. Ата-анасының мейірімінен жастай айрылған азаматтың ісі туралы материалды тиісті орган басшылары назарына алады деп сенеміз.

 

ҚР Жоғары сотының назарына!

Жанашыр қоғам назарына!

Өтепберген Әліби 23 жастағы жас актер. 2019 жылдың шілде айында Ақтөбе қалалық "Ақбөбек-Восток" балалар лагеріне жұмысқа тұрған. 21 шілде күні оны 7-ші отрядтың жетекшісі етіп тағайындайды. Жас жігіт жұмыс барысында бірнеше жеткіншекті тәртіп бұзғандығы үшін жазалайды. Жаза ретінде лагерьде ұйымдастырылған би кешіне жібермей қояды. Оның бұл ісіне кек алмақ болған 7 сынып оқушылары (ұл балалар) ата-аналарына Әлібиді қаралап, көмек сұрайды. Олардың сөзерінше, жетекшілері күн бермей тиісе берген, өз жыныс мүшесін көрсетіп, балалармен жуыну бөлмесіне бірге кірген, жыныс мүшелеріне қол тигізген. 25 шілде күні отрядтағы 7 баланың ата-аналарының арызы бойынша Әліби қамауға алынып, тергеу жұмыстары жүргізілген. Тексеру нәтижесінде білім бөлімі мамандары: "Ер бала балалармен ортақ тіл табыса алмады",- деген қорытынды шығарды. Сот залында Әлібидің адвокаты қорғаушысының кінәсіз екендігін 100 пайыз дәлелдеген. Тіпті, лагерь төңірегіндегі видеокамералардың жазбаларын да айғақ ретінде көрсетіп, лагерь басшысының өзі жетекшіге араша түскен. Барлық бұлтартпас айғақтарға қарамастан, сот кәмелеттік жасқа толмаған жасөспірімдерге қатысты іс болғандықтан бір жақты ғана қаралып, Әлібиге 10 жылға бас бостандығынан айырылу жазасын тағайындаған. Оған ҚР қылмыстық кодексінің 124 бабының 3-ші тармағы бойынша айыпты деп тапқан.

Іс толықтай жабылды. Оның түрмеде отырғанына 9 ай болды. Алайда, бауырының кінәсіз екендігін айтып, шырылдап жүрген жалғыз жанашыры әпкесінің өтінішімен оның достары мен әріптестерінен құралған @alibige_adildik тобы істі қайта ашып, жас жігіттің ақиқатқа жетуіне көмек көрсетуде. Елге танымал тұлғалардың барлығына жекелей жазып, араша сұрауда. Тіпті, танымал адвокаттардан істі қолға алуын сұрап көрген. Бүгінде, Бибігүл Дәулетбек, Гүлназ Ауданбаева, Нұрлан Наурызәлиев, Арай Жұмашқызы секілді бірнеше журналист тұлғалар көмектесіп жатыр. Алайда, көпшілігі әлі үнсіз. Олар өздерін күнделікті белгілеп, жеке жазып, парақшаларын хатқа толтырған жалғыз іс жайында білмейді дейсіздерме? Жоқ! Бәрі біледі. Алібидің ісінен бірі қалмай хабардар! Әйтсе де, қандай құдіретті күштің әсерінен екені беймәлім, әйтеуір, бірауыздан үнсіздік сақтап отыр!

Алібидің жанашыр достары: "Әлібидің өзінің таза екендігін дәлелдеп шығуына мүмкіндік берейікші. Тіпті, қарға да қарғаның көзін шұқымайды деген бар ғой. Олай болса, қарғадан миллион есе саналы бола тұра, бауырымызды қалай қапасқа қиямыз? ҚАЗАҚ  - жетімін жылатпаған халық қой. Сонда, ата-анасының мейірімінен жастай айырылған бір жетімімізді кең құлашымызға сыйғыза алмағанымыз ба? Біз нар тұлғалы Абай мен Шәкәрімнің ұрпағы емеспіз бе? Осы қара түнекті мәңгілік жастанған ХХ ғасырдың басындағы ұрпағым деп ажал құшқан   алыптарымыз аз ба еді? Біз осонау Ұлы далада әділдікті үстем етіп, қара қылды қақ жарған Үш бидің ұрпағы емеспіз бе? Жауымызды бір ауыз сөзбен тізе бүктірген әділдігіміз қайда?  Ғасырлар бойы бабаларымыз армандаған тәуелсіздік пен бірлігіміз қайда? Қандасымыздың басына іс түсіп, қос қанаты қайырылғанда басымыз бірікпесе, қай кезде бірігеді? Онсыз да көршілес Қытай елінде жазықсыз азап тартып отырған Ақжарқынның тағдырына жауаптымыз! Ең болмаса өз жерінде әділдікке жете алмай отырған Алібиге жолдас болайықшы. Жас ғұмырдың обалын мойынымызға асып алсақ, ертеңгі күні қайтіп жер басып жүреміз?! Ту көтерер жастарымыздың бәрін әркімнің жаласына қиып, түрмеге тоғыта берсек, ертеңгі күні ел тізгінін кім ұстайды?", - деп зар илеуде.  Ойланайық.

ҚР Жоғары сотының осы мәселеге назар аударуын сұраймыз.

 

Майра  Абдуллахатова,

Қайнар Академиясы Журналистика факультетінің 1 курс студенті

https://www.instagram.com/p/B-6Zr4KFJRJ/?igshid=7sajos2t0tv8 

Пікірлер