Түркістан облысы Мақтаарал ауданының екі ауылын су басты. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлайды..
Бүгін, 2 мамыр таңғы сағат 04:30-да Мақтаарал ауданының шекарасындағы Орталық далалық коллекторынан (өткізу қуаты - секундына 120 текше метр) су төгіліп, Жеңіс және Жаңа тұрмыс ауылдарын су алып кеткен.
«Сондай-ақ облыстық мәндегі «Мырзакент - Жеңіс - Жаңа тұрмыс» тасжолын су басқан. Көлік жүруі мүмкін емес» делінген хабарламада. Қазіргі таңда апаттық-құтқару жұмыстары жүріп жатыр.
Айта кетейік, бұған дейін Жаңа тұрмыс, Жеңіс, Нұрлы жол елді мекендерінің тұрғындары
аудан орталығы Мырзакентте орналасқан Мырзакент мектеп-гимназиясына (600 орын), С.Рахымов атындағы жалпы орта мектебіне (700 орын), Пушкин (400 орын), Абылайхан орта мектептеріне (500 орын) эвакуацияланып, оған 6 автобус жұмылдырылған болатын.
Мақтаарал ауданының әкімі, аудандық төтенше жағдай штабының төрағасы Бақыт Асановтың төрағалығымен 2 мамыр түнгі 00:00-де арнайы жиын өтіп, төтенше жағдай жариялау жөнінде тапсырма берілді. Еске сала кетейік, кеше Өзбекстанда Сардоба су қоймасының бөгеті жарылып, елді мекендер, коммуникациялық желілер мен егістіктерге зақым келген болатын.

Новости по теме