Home » Айдарлар » Түріктану » Тарихты түгендеу Таңбалыдан тамыр тартуы тиіс

Тарихты түгендеу Таңбалыдан тамыр тартуы тиіс

Алматы облысы Жамбыл ауданындағы «Таңбалы» мемлекеттік тарихи-мәдени және табиғи қорық-мұража­йының БҰҰ-ның Білім, ғылым және мәдениет жөніндегі ұйымының (ЮНЕСКО) Бүкіл­әлемдік мұралар тізіміне кіргеніне 2014 жылы 10 жыл толмақ. Орталық Азия аума­ғындағы жартастағы сурет өнері бойынша Бүкіл­әлемдік мұралар тізіміне бірін­ші боп кірген қорық-мұра­жайдың алғашқы мерей­тойы қарсаңында қазақ мәде­ние­тінің жанашырлары үшін зор қуанышты хабар естілді.

ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің полигоны орналасқан Iле өзенінің бойын­дағы Таңбалы тастары болашақта Таңбалы қорық-мұражайы аумағына қосылуы мүмкін. Қазіргі таңда Мәдениет және ақпарат миниcтрлігінің ұйытқы болуымен құрыл­ған арнайы комиссия оған сарапта­ма жасап жатқан көрінеді. Табиғаты ерек­ше көрікті Таңбалы жартастары Таңбалы қорық-мұражайына қосылса, оның атақ-даңқы бұрынғыдан артпаса еш кемімейді. Қайта қазақ тарихының ақтаңдақ беттерін толықтыруға жаңа мүмкіндік туады. Өйткені Таңбалы қорық-мұражайының ғылыми ортада таныла бастағанына 50 жылдан енді ғана асты. Ондағы қорымдар мен қоныстарды айтпағанның өзінде, қола дәуірден орта ғасырдың түркілік кезеңіне дейінгі қазіргі таңда белгілі болып отырған 5000-ға жуық суреттің өзіне әлі күнге дейін толықтай баға берілген жоқ. Мұра­жай  қызметкерлерінің айтуынша, оған еліміз­де жартас суреттерін зерттейтін ма­ман­дардың тапшылығы өз ықпалын тигізуде. Өйткені кезең-кезеңімен, өзара үйлесіммен салынған бұл суреттерді әлі ешкім толық сөйлете алған жоқ. Оның бұл ерекшеліктеріне қарап кейбір ғалымдар­дың түйгені – қазақ жерін мекендеген бұл халықта қола дәуірінің өзінде суретшілер­дің өзіндік мектептері болған болуы керек. Себебі олар кез келген тасқа бейберекет салынбаған. Онда белгілі бір құрылым бар деген тұжырымдар жасалған болатын. Әзірге кеңестік дәуірде ашылған ғылыми жаңалықтар әлі жаңартылған жоқ. Бұған елімізде Тәуелсіздік жылдары жартастағы сурет өнерімен айналысатын ғалымдардың жаңа толқынының қалыптаспауы өз әсерін тигізіп отыр. Отар әскери полигонынан 20 шақырым жердегі Таңбалы шатқалының ортаңғы бөлігіндегі кейбір тастар мен ондағы суреттер өткен ғасырдың 70-80- жылдары біршама бүлінген. Оны қалпына келтіруге мемлекет соңғы жылдары айтар­лықтай қаржы мен күш жұмсауға мәжбүр болып отырғанын ескерсек, Құдайдың құтты күні демалушылардан арылмайтын Тамғалы тастағы ахуалдың қандай екенін сезіп отырған шығарсыздар. Оған осыдан бірнеше жыл бұрын әлдебір әумесерлердің жартастағы будданың суретін мылтықпен атып бүлдіргенін еске түсірсек жеткілікті шығар. Бұл – тек белгілі болғаны, ал белгісіз қалып жатқандары қаншама.

Тарихи-мәдени маңызы өте жоғары мұндай орындарды тездетіп мемлекет қор­­ғауына алмасақ, кейін опық жеп қалуы­­мыз мүмкін екенін мәдениет сала­сын­­да ұзақ жылдар бойы жұмыс істеп келе жатқан Таңбалы қорық-мұражайы­ның дирек­торы Ерлікбай Әлімқұлов та мойын­дап отыр. Өйткені мәдениетке қаты­сы жоқ өзге салалардың иелігіндегі мұндай жер­лерде оның ғылыми құндылығы бар­лық жағдайда бірдей ескеріле бермейтіні – баршаға белгілі жайт. Іле өзені бойындағы Таңбалы тастар аумағындағы түрлі деңгей­д­егі оқу-жаттығу жиындары мен көңіл көтеру­ге арналған әрқилы ойын-сауықтық шаралардан кейін онда шашылып қалатын қоқыстарды көрген сайын бұған еріксіз келісесің.

Жалпы, Алматыдан 170 шақырым жер­дегі Таңбалы шатқалындағы Таңба­лы қорық-мұражайы 2003 жылы ҚР Үкіметінің №1052 қаулысымен құрылған болатын. Онда біздің заманымызға дейінгі ХІІІ-XIV ғасырлардағы қола дәуірінен орта ғасырлардағы түркі кезеңіне дейінгі 5000-ға жуық жартас суреті мен 100-ге жуық ескерткіш орналасқан. Олар, негізінен, қорықтың 900 гектарлық орталық бөлігін­де орналасқан. Таңбалы аталатын мұндай орындар Қазақстанның барлық аймағында кездеседі. Алайда оларда жартастағы суреттер шашыраңқы орналасқан. Ондағы бейнелер көп жағдайда аса айқын емес. Таңбалы біршама көрнекті және бірегей ескерткіш болса да, Құлжабасы, Аққайнар, Хантау тауындағы петроглифтерді, Аңыра­қай, Қарақыр, Қоғалы және басқа да ес­керт­кіштерді одан бөліп алып қарастыру мүм­кін емес. Осыған орай, Оңтүстік Қазақ­стан мен Жетісу өңіріндегі жартас өнері ескерт­кіштер топтамасын ЮНЕСКО-ның Бүкіл­әлемдік мұралар тізіміне кіргізу жө­нін­дегі бастамаларды аяқсыз қалдырмауға құзырлы органдар мұрындық болуы керек сияқты.


Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ, Алматы облысы,

«Алаш айнасы».

 

Пікір жазу

Почта жарияланбайды. Таңдаулы өрісті толтырыңыз *

*

x

Check Also

Ораз Сапашев: Қазақ халқын білмейтіндер оны сен арқылы таниды

Ол Қазақстанның шығыс топырағында туып, Алтай тауының етегінде ер жеткен. Қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете ...