Оқырманға Жамбыл облысы, Қордай ауданында не болғанын баяндап жату артық болар. Елдің көзі бар, құлағы бар. Дүнгендер мен қазақтардың арасында жылт еткен араздықтың ұшқыны әп – сәтте намыстың алауына айналғанын халық біліп отыр.
Әкелерін ауруханаға алып бара жатқан жігіттердің көлігінің алдын басқа бір көлік тежейді. Содан, жаңағы жігіттер алдындағы көлікке «Былай тұрсаңшы! Өтіп кетейік!» қатқыл айтқан болар. Аурухана асығып бара жатқан адам көліктен түсіп, барып амандық – саулық сұрасып, қал – жай біліп, «Былай тұрасыздар ма? Рұқсат етсеңіздер, өтіп кетейік деп едік!»сызылып тұрмайды ғой енді. «Жақсы! Өте ғой!» деудің орынына жолды кескестеген көліктің ішінен бәленбай жігіт шығып, әй – шәй жоқ, артындағы көліктің жүргізушісіне әкіреңдей жөнеліпті. Осы адамдық па? Әкесінің жерінде жүргендей әкіреңдегендүнгендер екен. Беттеріне қаратып дүнгенді дүркіретіп қоя ма, қазақтардың азуы да қақпандай қарс ете қалған. Содан төбелес басталған. Дүнгендер көп екен, екі жігітті әкесімен қоса сабапты. Сабыр Адай айтқандай, «Жалғыз түп жусан түбінде, Қазаққа ортақ намыс бар» емес пе? Дүнгендер қазақтарды сабапты, қарияға қол көтеріпті дегенді естіген сол айналадағы басқа қазақтар Қордайды басына көтерген. – Дүнгеннің осы басынғаны, осы қорлығы жетті! – депті. Соған қарағанда, қазақтың баяғыдан кеткен есесі болып тұр. Әрі қарайғы оқиға қалай өрбігені белгілі. 36 тұрғын үй, 11 коммерциялық нысан және 44 автокөлік отқа оранды. Дүнияны қойшы, ең өкініштісі 10 адам өлді.
Жамбыл облысының Қордай ауданында орын алған қақтығысқа байланысты мемлекет басшысы Қасым – Жомарт Тоқаев лезде үн қатты.
- Мемлекеттік органдар қызметкерлерінің салғырттығы салдарынан арандатушылар қантөгіс жасады. Олар жазаланады. Мемлекет зардап шеккендерге қолдау көрсетеді. Бейбітшілік пен келісім — біздің басты байлығымыз, оны бұзуға ешкімнің құқығы жоқ! – деп жазды Президент Тwitter – дегі парақшасында.
- Қордай ауданындағы ең үлкен ауылдар – Масанчи мен Сортөбе. Масанчи ауылында 18 мың дүнген, Сортөбе ауылында 24 мың дүнген тұрады екен. Бұл екі ауылда жергілікті қазақтардың үлесі – 10 пайыз ғана. Дүнгендер өте бай тұрады. Қазақша сөйлемейді. Мұғалімдерге «Бізге қазақ тілінің керегі жоқ. Математика мен дүнген тілін оқыса жарайды!» дейтін көрінеді.
Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ,
Батыс Қазақстан облысы
Сырым ауданы