Ноғай елі: Ұлыдан ұрпақ, тектіден тұяқ қалады

5919
Adyrna.kz Telegram

I. ТАРИХ ТЕГІНЕ ЖЕТЕЛЕЙДІ

Қазақ халқы тарихында Ноғайлы заманының, Ноғай елінің алатын орны ерекше. Оның себебі көп. Біріншіден, Ноғайлы кезеңі қазақ халқының Ақ Орда мен Көк Ордадан кейінгі дәуірдегі, әрі ұлт ретінде қа­лыптасуындағы маңызды кезең болатын. Қазақ-ноғай арасындағы қатынас үздіксіз XV-XVIII ғасырдың 30-шы жылдарына дейін жүрді. Тек 1620-1630 жылдары торғауыт-қалмақтың орыс әкімшілігінің кө­ме­гімен Еділ мен Жайық, Ақ Қобан (оны орыстар Куба­нь дейді) өзен жағалауларына жайғасқаннан кейін ғана қазақ-ноғай арасы алшақтай бастаған-ды.

Ұлы қазақ ағартушыларының бірі – Сәкен Сейфул­лин өзінің 1931 жылы жазып шығарып үлгерген «Қа­­зақ әдебиеті» атты мақаласында да қазақты но­ғаймен байланыстырады. «Барар жерің Балқан тау, о да біздің барған тау», – деп ол жер аймағында қазақ ұлты құрамына кіретін рулардың ата-бабасы, яғни қалың түрік, қалың ноғайлы елі болып мекен еткен деген тоқтамға келеді: ноғай­лыдан ажырап, «қа­зақ» болғаннан кейін де, қазақ­тардың қайтадан бұр­ынғы түп ноғайларына кет­кендері де болған, яғни «Ат баспаймын деген жерді үш басады» деген ма­қалдың тегін еместігі айтыла келе, «…ноғайлы мен қа­зақтың айырмасы жоқтығын» нақтылай түседі. Сон­дықтан болар Ноғайлы заманы біздің қазақ әде­биеті мен тарихына қатысты «Ер Тарғын», «Қобы­лан­ды», «Алпамыс» тарихи жырларында кеңінен көр­се­тіл­ген.

Бірақ, қазіргі Кавказ Ноғайлары біздегі «Қырым­ның қырық батыры» деген атауға келіспейді. Олар бы­лай дейді: ол «Қырымның қырық батыры» емес, ол «Ноғайдың қырық батыры» деуіміз керек деп уәж айт­қанын талай естідік. Бұл мәселеде жеке пікірімді біл­діре кетсем, әділеттілікке жүгінсек, ғылыми тұр­ғыдан «Ноғайлының (Қырымның) қырық батыры» де­ген ақиқатқа жақындау келетін сияқты. Бірақ мұ­ны ғылыми іргелі зерттеу жұмыстарының нәтижесі аясында, анығын әдебиетші қауым айтар, біздікі тек шынайылыққа жол ашу.

Екіншіден, қазіргі ноғай қазаққа ең жақын туыс халық. Біздің тіліміз, діліміз, тіпті түрімізге дейін, сәл айырмашылықты айтпасақ, айнымайды. Осыған байланысты болу керек, асығыс тұжырым жасаушылар «қазақ пен ноғайдың бірегейлігі» жөніндегі қо­ғам­дық пікірлер де жоқ емес. Қазіргі ноғайлар өз­дерін өзіндік дәстүрі мен ана тілі, қалыптасу та­ри­­хы бар жеке ұлт ретінде санайды. Сонымен бірге, өздерінің Отаны, мекені бар ел екенін алға тартады. Бұл ақылға сиымды. Себебі, қазіргі но­ғай­лар бұрын­ғы Ұлы Ноғай Ордасынан қалған Сол­түстік Кавказда, өте көркем нулы-сулы өз Отаны мен жерінде мекен етіп отырған халық. Қа­зір­гі Ресейдегі «Минеральные воды», «Есентуки (Есен-Тоқа)» шипажай-сауықтыру жерлерінің көбі Ноғай Ордасының орамы болатын. Оны қазақ білуі керек. Бізге жақын ел сондай шұрайлы жерде болса, Қазақстан үшін тек пайда.

Үшіншіден, біз ноғай тілін, тарихын зерттеу арқылы өзіміздің төл тарихымыз бен тілімізді жаңа­дан танимыз. Ноғай мен қазақтың ру-тайпалық жүйесі өте ұқсас. Тек қазір қазақта жоқ болып кеткен қатаған, құрама ноғайда сақталған. Бір қызығы, ноғай халқы құрамында түрікмен, ұйғыр деген тайпалар бар. Сосын ноғайда жүз жоқ болады, бірақ мына атаулар пайда болған – жембойлықтар (яғни Жем өзені бойынан шыққан), эдисандар (яғни Жеті сандықтар) бар. Қобан ноғайларының шыққан жерін тайпа аты айтады. Бірақ бізде Жетіру болса, оларда Мың мен Қырық деген ел бар екен. Айтпақшы, Қырым татарының ел құрамында осы Қырық және Қыпшақ, Жалайыр, Найман, Қоңырат, Қият тайпалары кездеседі. Ғалымдардың пайымдауынша, бұл тайпалар (ноғайлар оларды «ру», «тұқым» дейді) Қырымға біразы Берке ханмен келсе, қалғаны Ноғайдан ауысқан. Оған қоса Қырымда Шырын мен Барын тайпалары жиі кездеседі. Әнес Сарай ағамыз: «Қырымға кеткен Шырын, Барын Тоқтамыстың әкесі Тайқожамен бірге 1390 жылдары, яғни Тоқтамыс пен Едіге, Ақсақ Темір үшеуінің текетіресі кезінде ауысқан» деп жазады. Қырым мен Ноғайда болған Арғындар XV ғасырдың басында Солтүстік Кавказ бен Қырымнан қазақтың Сары-Арқасына қайтып келген сияқты. Керей ханның баласы – XVІ ғасырда қазақты билеген күшті ханымыз Бұрындықтың атын біз кейбірде Мұрындық деп жазып жүрміз. Ал қазіргі ноғайлар «мұзды» – «бұз», «мұрынды» – «бұрын» дейді екен. Сондықтан біздің тарихшылар жазып жүрген Бұрындық хан шынымен Бұрындық деп дұрыс аталуы мүмкін. Оларда халық арасында «Қазаққа кетті» деген ұғым ерікті түрде басқа жаққа кетті, еркіндік алды, яғни бәсекеге төтеп бере алатындай өз-өзіне жауапты, еркін қозғалысқа түсетін адам ұғымын береді. Қазіргі замандағы «Қазаққа кеткендер» Сібір, Түмен жерлеріне, Мәскеуге жұмыс көздерін табуға кетеді екен. Осы тұста, бұл ағайын­дарды еліміздегі жоспарлы еңбек көші-қон үрдістеріне қатыстыру да көптік етпес еді деген ой тастағымыз келеді.

Бір қызығы, қазіргі ноғайлар бізді «қазақ» және «алаш» деп атайды екен. Кейде «Алаш» екенімізді түйсіне бермейтініміз, ұлт тұтастығының ұйытқысы болған белгісіз кеткен ерлерді ұмыт қалдыратын кездеріміз бар, ал Ноғай халқы қазақтың Алаштың баласы екенін жадында сақтаған. Біздің оларға айтпағымыз: «Ноғай да алты Алаштың бірі». Қазіргі қазақ ноғай мен Қырым татарларын шатастырады. Ал шын мәнінде татарлар мен Кавказ ноғайлары екі халық. Қазаққа жақынырағы – ноғайлар екені анық.

Биылғы жылы 1-ші мамыр – Қазақстан халық­тары бірлігі күні Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев, еліміздің белгілі азаматтары қо­сылып «Ноғай үйіне» арнайы барып шыққан болатын. Бұл бір тамаша тарихи оқиға болды, үш жүз жылдан астам айырылған туысқан халықтар қазақ пен ноғай қайта қосылғандай әсер етті.

Қазіргі Ноғай халқы Ресейдегі төрт бірдей әкім­ші­лікке қарайды. Ресейдегі ноғайлардың жалпы са­ны – жүз он үш мыңдай екен. XVІІІ ғасырда, яғни Екатерина патшайымы кезінде орыс әскері Кавказға кіргенде, аман қалған ноғай тайпалары Түркияға үдере көшкен. Қазір Түркияда жарты миллионнан екі миллионға дейін Ноғай халқы тұрып жатыр.

Ноғай халқының дамуына ауыр соққы Кеңес дәуіріндегі Н.С. Хрущевтің саяси билігі ке­зеңінде болған. Нақ­тылап айтсақ Кеңес үкіметі 1957 жылы 9 қаңтар күні қабылданған шешіммен Ноғай Даласын төртке бөліп жіберген. Сондықтан қазіргі Ноғайлар Қарашай-Шеркеш, Дағыстан, Шешен Автономиясында және Ставрополь (бұрынғы Ноғай даласы) аймағына қарайды. Таза ноғай ауыл­дары сақталғанмен, ноғай тілі арнайы курс сабағы ретінде ғана жүргізіледі. Ең үлкен «Қаңлы» ауылы «Минеральные воды» қаласының жанында орналасқан. Осы «Қаңлы» ауылы жанындағы Май-төбеге шығып қарасаңыз, Бес тау, Түйе тау, Жыланды тауларын анық көресіз. Ноғай халқы көптен бері ұлттық Автономия құруға ұмтылыс жасап, талап етуде, бірақ олар Дағыстанда Ноғай ауданына ғана иелік еткен. Жақында ғана Қарашай-Шер­кеш Автономиясы құрамында Ноғай ауданы құрылып, ел қуанышқа бөленді. Аудан орталығы Икон (Үлкен) ауылы.

2014 жылдың мамыр айының 14-16-сы күндері Чер­кесск қаласында I-ші Халықаралық Білім-тәжі­ри­белік ғылыми конференциясы жұмысына бір топ Қа­зақстан ғалымдары шақырылған болатын. Өкініш­ке орай, көбі бара алмады, Астанадан белгілі ғалым, археолог Зейнолла Самашев екеуіміз осы жиы­лысқа қатысып келдік. Осы форумға Түркия ғалымдары мен қоғам қайраткерлері Мұстафа Алтынтас, Мәскеу ғалымы В.В.Трепавлов, Шешенстан Ғылым Ака­де­миясының президенті Ш.А.Гапуров, Дағыстаннан про­фессор Д.Қыдырниязов, Украинадан профессор В.В.Грибовский сияқты ғалымдар қатысып, баяндама жасады. Ноғай ғалымдары тарапынан профессор Р.Кереитов, А.Курмансеитова, В.Булгарова, С.Ку­каева, Ш.Құрмангуловалар қатысты.

Конференцияны ұйымдастырушылар Ноғай елі­нің белгілі азаматтары Казмамбет Янбулатов, Әмір Үйсінбаев, Амирхан Межитов, Валерий Қазақұлы, жазу­шы Иса Сүйінұлы Қапаев, профессор Нәсіпхан Сүю­нова, Асау Сұлтанбековтер осы үлкен ғылыми жи­налыстың сәтті өтуіне атсалысты. Бұл кездесуден кейін­гі менің көзқарасымда, Ноғай елі қайта түле­гендей ой қалдырды. Қалың жұртшылықтың жанарында от, келбеттерінен қуаныш, зор серпілісті көру біз үшін де мәртебе болды. Қарашай-Шеркеш елінің бас­шысы Р.Б.Темрезовтың, Ел Үкіметінің орынбасары Д.Ю.Суюновтың мәлімдемесін әртараптан жиналған ғалымдар, жиналыс залында толған жұрт­шылық зор ықыласпен тыңдады. Қалмақ елінен кел­ген Владимир  Тептеевтің  аузынан еліндегі мұра­ғат­тарында Қазтуған  жырау  туралы  құжаттық  материал тапқанын есту бізді де бей-жай қалдыра қой­ма­ды. В.Тептеевтің айтуынша, Қазтуғанның анасы қал­мақ қызы  болған, оның  тәрбиесіне  қалмақ  на­ғашылары­ның әсері  болғандығына назар аудартқан еді.

II. «…ЭНДИ АЙЫРЫЛАР КУЬН КЕЛДИ, АМАН БОЛҒЫР, ДОС ИГИИТ»

(Ноғайдың «Бозиигит» жырынан)

Отан тарихында әлі де болса ашылмаған, көлең­келі беттер аз емес екенін ел біледі. Сол бұлыңғыр ке­зеңдердің бірі – XVII ғасырдың 30-40 жылдары қазақ пен ноғайдың арасының ашылуы. Осы орайда, Шоқан Уәлиханов қалдырған ел аузындағы тарихи жыр мұраларынан:

«Орманбет би өлгенде,

Он сан ноғай айырылды.

Қазақ сыртқа (сартқа) қайырылды,

Ну сан ноғай күңіренді, қайғырды», –

деген шу­мақ­тар жоғарыдағы пікірлерді дәйектей түседі. Дегенмен, бұл үрдістің басы XVIII ғасыр емес, тіпті XVI ға­­сыр да емес, ол Әбусағит Жиреншин аға­мыз айт­қан­дай, XV ғасырдың бірінші жартысы болуы мүм­кін.

Қасым хан мен Ақназар хандардың Сарайшықты алып, Қазақ хандығының шекарасын Жайыққа жет­кізгеннен кейін де қазақ пен ноғай бірде дос, бірде бақ­таласып тұрған. Олардың арасындағы кикілжің негізінен билік (династия) арасында болған, ал қа­ра­пайым халық жауласа қоймаған. Оның дәлелі XV-XVII ғасырлардағы ақын, жыраулар, шешендер, тіпті кейбір хан-сұлтандар (мысалы, Доспамбет, Асан­қайғы, Хақназар, т.б.) екі елге ортақ болатын. Екі ха­лық­тың тілі, түрі, діні, ділі бір-біріне ұқсас. Кейі­нірек олар Үлкен Ноғай, Кіші Ноғай, Алты ауыл Ноғайлары болып бөлінеді.

Едіге мен оның балалары Шыңғыс хан тұқымын би­ліктен аластатады, олардың орнын жергілікті билеуші мырзалар басады. Ықпалды Ноғай Ордасы Қы­рыммен, Қазақ, Ресей, Польшамен тығыз әскери, эко­номикалық, дипломатиялық қарым-қатынаста бо­лады. Бар сұмдық Ресей империясының шақыруы­мен торғауыт қалмақтардың Еділ мен Жайық, Ақ Қо­банға келіп орналасуынан шықты. Саны мол қал­мақ­тар Ноғай елін шауып, басым бөлігін өзіне ба­ғын­дырып алды.

Ноғайлар енді Жайық жағалауынан алыстап Сол­түстік Кавказ, Қырымға ойыса бастайды. Екі ел­дің елшілерін қалмақтар торып, жолдарын бөгеп, кез­десулеріне кедергі жасайды.

Осы жерде айтып кетер жағдай – қазақ тарихнамасында тарих қойнауындағы ноғайлар тарихы, әсі­ресе, қалмақ ортаға түскеннен кейінгі заман аз зерт­телген. Ноғайлар да бізден қол үзе бастаған-ды. Екі арадағы хабар жеке адамдар, не болмаса, татар, башқұрттар арқылы келіп тұрған. Бұрынғы еркін қа­рым-қатынас үзілген болатын. XVIII ғасырда саны мол Ноғай халқы Кавказға қол салған Ресей им­пе­риясының құрбаны болып кетті. Ноғай Ордасының әл­сіреуі бір жағынан өздерінің бектері мен мыр­за­ларының бақталасынан, ішкі шиеленісі салдарынан, ал негізі оларға ең ауыр соққы орыс әскері тарапынан болды.

Ноғай халқы тарихының қайғылы беттері туралы про­фессор Рамазан Кереитов, Данияр Қыдырниязов, жазу­шы Сүйін Капаев пен Әшім Сикалиевтердің еңбектерінде көрсетілген.

Әлсіреген ноғайларды Ақ Қобан, Лаба өзендері бойындағы Кір мен Шок (Кременчуг) атты қалашық маңайында орыс әскерлері қырып салады. Қарулары ескі, отбасылармен бей-жай орналасқан ноғай тайпаларын Ресейдің атақты генералы А.Суворов және генерал-поручик М.Н.Леонтьев басқарған әскери жасақтар қоршап алып, түгелдей жойып жіберген. Осы оқиғаның куәгері, офицер В.Потто былайша жаз­ған болатын: «Ночью перешли Кубань, в верстах в 12-ти, близ урочища Керменчук, настигли ногайцев. Они стояли огромным табором, видимо не ожидали нападения. Суворов тотчас подал сигнал к атаке… и началась страшная резня. Хуже вооруженные, хуже предводимые… ногайцы резались со злобой и гибли массами. В бессильной ярости сами истребляли своих детей, резали женщин. Больше десятки тысяч ногайских тел лежало на десятиверс­товом пространстве». Осы бір тарихи оқиғаны куә­ландыратын деректік негіздерді ноғай тарихшылары жиі жазады. Шындығында ондай халықты қыру, туған жерінен аластау ол кезеңде басым бол­ған еді. Ноғай халқының жойылуы – көрші мемлекеттердің саяса­тының ықпалы еді. Мұндай қырғын туралы естіген ел туған же­рін, мекенін тастап, тауды жағалап қаш­ты, кейі­нірек басым бөлігі Түркияға бет алған болатын.

1770 жылдардан кейін сансыз көп Ұлы Ноғай халқының тек қана жұрнағы қалды деп айтуға болады. Мүлдем азайған ел мүшкіл халге түсті. Қалған тайпалар Ресей әкімшілігіне бағынуға мәжбүр болды. Саны аз болса да ноғайлар 1917 жылғы революция, Азамат соғысын, ІІ-ші дүниежүзілік соғысын бас­тан өткізді. Ұлы Отан соғысына қатысып, абыроймен Жеңіс туын желбіретуге атсалысты, тіпті но­ғай­лардан Кеңес Одағының батыры да шыққан.

Бұл қысқаша мағлұмат ел арасына тарату және та­ныстыру мақсатында беріліп отыр.

Мысалы, Ноғай­лар арасында да қазақ халқында кең тараған дас­тандар «Қозы Көрпеш-Баян сұлу», «Төлеген мен Қыз Жібек», басқа да жыр өлеңдер сәл өзгергенмен біз­ге ұқсайды. Тек біз бұрын көп ес­ті­меген «Сүйім­бике» дастаны (зарын) ноғайдан естідім. Күйеуінен, ба­ласынан айырылған Қазан ханшасы Сүйімбике Жүсіп қызы былай деп жырлайды:

 «Сюмбиике атым,

 Ноғай затым,

 Коьзим ясыл, иок рахатым,

 Коьрдим мехнат,

 Шектим азап,

 Мутылмайды еш хасретим».

Ал дана қазақта өткен заманнан жеткен:

 «Тегінде ноғай, қазақ тегіміз бір,

Алтай, Ертіс, Оралды қылған дүбір.

Орманбет хан Ордадан шыққан күнде

 Асан ата қайғырып, айтыпты жыр…» деген сияқты деректер мұрағатта көп кездеседі.

 

III. НОҒАЙ ЭТНОГРАФИЯСЫНА ҚАТЫСТЫ ҮЗІК СЫР

Қазіргі Ноғай халқы антропологиялық түрі бойынша үшке (үш топқа) бөлінеді. Әрине, көбі маңғол тип­тес, яғни кәдімгі қазақ. Көп ноғайды көргенде өзімізді көргендей боласың, бір  ауылда  жүрген­дей­сің. Оған қоса сөйлеуі кәдімгі қазақша болса, мақал-мәтел, дүниеге көзқарасы, өзін ұстау дегендей…

Келесі тобы Қазан татарларына ұқсайды. Көз­де­рі көкшілдеу, шаштары сары. Ал үшінші тобы тау ха­лық­тарына – кабарда, шешен, абазиндерге ұқсайды. Бі­рақ ноғайлар іштей бөлінбейді, олар қалыптасқан ұлт, ұлттық санасы жоғары. Жалпы ұлт тарихы адам­ның кескінінде байқалып тұрады. Ноғай мырзалары, тау халықтары, славян, татар қыздарына жиі үйленіп тұрған. Әрі аралас болған соң түрлері бізге қарағанда сәл өзгерген.

Дастархан жаю дәстүрі де ұқсайды. Тек іс-қи­мылдары шапшаңдау ма, деп ойлап қалдым. Мысалы, біз сияқты дастархан басында көп отырмайды, ай­татын тілектері (тост) де қысқа болып шығады. Айт­пақшы, «қысқа қайырады» демекші, сол Чер­кесскіде бір ноғай азаматы маған былай деді: «Осыдан үш жылдай бұрын қазақтармен құда болып, Алматыға бардым. Біз тілек айтқанда қысқа сөйлей­міз, ал қазақтар мол сөйлейді екен. Тіпті бір құдамыз айтуы бойынша, біздер келеді екен деп үш күн бойы кі­тап­ханаға барып дерек жинап, дайындалғанын айтты», – деді. Мен күліп: «Бауырым, қазақтардың әзілін түсінбегенсің, – дедім. Олар университетте оқып жүріп кітапханаға жоламайды. Ал әдемі, ұзақ сөйлеу, ол – біз­дің әдетіміз. Қазаққа мүмкіндік берсең, жарты күн тоқтамай сөйлеуі мүмкін. Және бір ойын қайталамай сөзін саралай береді. Сон­дықтан қазақ кітапханаға барып, тілек айтуға үш күн дайындалады деген, анекдот қой!» деп күлістік.

Ноғайлар домбыраны жақсы көреді, бірақ өкі­ніш­ке қарай, аз ойнайды екен. Олар: «Қазақтардың 100 пайызы домбырада ойнайтыны рас па?», – деп сұ­рай­ды. Мен: «Ертеректе ойнаған шығар, қазір 70 пайызға жетпес!», – дегенімде, таңқалып риза болды. Қуантарлық жағдай, жастары Қазақстанға келіп домбыра, қобыз, шертер ойнап үйрене бастаған.

Сырттан қосылған сөздер де бар екен. Мы­салы, ноғайлар «ару» деген сөзді жиі пайдаланады. «Ару – келістім, жарайды, жақсы» дегені. Сонымен қатар, «ару қыз» деп те айтады екен. Ал жалпы, «ару» деген сөз қарашай бауырлардың «әру» деген сөзінен кіруі мүмкін. «Рахмет» сөзін аз пайдаланады екен, оның орнына «сау бол!» дейді. Осы орайда аты­раулық бажам Кәрім де «сау бол!» деп жиі айтатынын еске алдым. Ал тағы бір күлкілі жағдай. Екі ноғай жігіті Шымкентке барған екен. Таксиден шығарда жүр­гізушіге «сау бол!» десе, ол азамат: «сау болың не, бірін­ші қызмет ақысын төлесеңші!» деп шүйліккен көрінеді. Бір қызығы, ноғайлар біздің ортақ киіз үйді пайдаланады, бірақ оны «Терме» деп атайды. Осындай кейбір алшақтық болмаса, қалғаны кә­дімгі қазақ тілі. Олар «ж» әрпінің орнына «и»-ді пай­даланса, «і» әрпіне де «и» әрпін қолданады. Мысалы: «жеті құдық» емес, «иеті құдық». Соншама жыл бө­тен ортада тұрса да тілін, ділін, рухын сақ­тап қал­ған бауырларға риза боласың. Ноғай мен қазақтың түрі, жүрісі, ақкөңіл, жомарттығы, жайдары мінезі, барлығы ұқас. Тіп­ті шайқалған жү­рісі де айнымай қалған. Қатар тұра қалса, тек кел­беттерінің сарылығы болмаса, айыру қиын. Ер­теректе бір ақсақал айтып еді: «Қазақ пен ноғайдың иісі де бір» деп. Сол шындыққа жанасатындай ой қалдырды.

Дастархан жасағанда ноғайлар қой сояды, бірақ айырмашылығы – жілікке бөлмейді. Төрге сыйлы адам­дарын отырғызып, батасын алып отырады. Ал ен­ді билері бізге ұқсамайды. Ноғайлар лезгинка биін билеп, әндерін де Кавказ әуендеріне  ұқсатып алған. Бірақ әндері қазақи. Мысалы, Қазтуған, Доспамбетпен қатар, «Сағындым», «Ақ көгершін» сияқты әндері көп.

Біздің тілдеріміздің айырмашылығы ХХ ғасырдың 30-шы жылдарымен байланысты. Олар «в» әрпін қосу арқылы «ауылды» – «авыл» деп жазады. Ал ауызша «ауыл» деп нақты айтады. Қайдан қосылғанын біл­мей­мін, ноғай тіліне «ь» жіңішкелік бел­гісі кіріп кеткен. Бәлкім, «ә» әрпін айту үшін бе, «ә»-ні «а+ь» арқылы көрсетеді. Бізді «қазақтар» не «қа­зақлар» деп отырады екен. Сонымен қоса, «Сіздер Алаш елі боласыздар» деп қосады.

Ноғайлар тарихты шерткенде Маңғыт елі мен Едігені көп айтады. Ол әрине, орынды – себебі, Едіге маң­ғыт (қоңырат) елінен шыққан. Маңғыт тайпасы қа­зақта «Қоңырат ішінде – маңғытай» болып отыр. Олар­дың: «Қазақтар (алаштар, қазақлар) Едігеге ес­керткіш қоятыны рас па?» – деген сұрақтарына: «Дәл қазір ондай мәселе жоқтығын» жеткіздім. Дегенмен, кезінде «Едіге, Тоқтамыс, Ақсақ Темір бір-бірімен билікке таласамын деп, Дешті-Қыпшақ, Ақ Орда еліне, түркі тайпаларына орасан зор зиян кел­тіргенін, тарихтың сан салалы бұлтарыс беттері ашылмағанын» атап өтуге тура келді. Ноғайлар қазір тұр­мысында бие ұстамайды, сондықтан қымыз іш­пейді. Бірақ қымыз туралы біледі. Десе де, көпшілік ортада «қымызды кім ішпейді, қызға кім сөз айтпайды» мақалын келтіріп отырды. Үй-жиһаздары мен безендірілуі, кілем-көрпесі қазақтармен бірдей десе де болады.

ЫНТЫМАҚҚА ҰМТЫЛЫС

Дәл қазір Ноғай халқы ешкімнен кем емес. Тұр­ған жері ыңғайлы, тамағы тоқ, рухы биік. Бірақ олар­ға Қазақ елі тарапынан, ең бірінші, рухани жағынан қол­дау көрсететін көмек қажет. Яғни кітап, музы­калық әуендер мен әндер, көркем әдеби кинофильм­дер керек болып тұр. Қазір Мемлекет тарихы институты ғалымдары осы игі істі бастап кетті. Жағдай болса көмектесу қажет, кітаптар жинақталғаннан кейін Ноғай еліне жеткізуіміз керек.

Екінші мәселе, тарих пен филология мамандығы бойын­ша ноғай жастарына жағдай жасау керек. Оны­мен қоса консерваторияда оқытып алсақ тамаша болар еді. Тарих, әдебиет, қоғамтану саласында но­ғай-қазақ қарым-қатынасын кеңінен зерттеу мә­селесі күн тәртібіне қойылуы қажет. «Халық тарих тол­қынында» бағдарламасына қосқан дұрыс болар деп ойлаймын.

Үшінші жағдай, ноғай жастары жұмыссыздық бол­ған соң Кавказда, Сібірде, жалпы Ресейге шашылып кеткен. Ал біз олардың ішіндегі мамандарды, әсіресе, техникалық жағынан біліктілігі бар мамандарын Батыс Қазақстан мұнай, газ, құрылысқа тартсақ, екі бауырлас халық жақындаса түсер еді деп ойлаймын. «Минеральные воды» әуежайынан Ақтауға дейін ұшақ бір сағат ұшады екен. Келесі мәселе, екі ноғай ұлттық аудандарымен қарым-қатынас нығайып, әдебиет, мәдениет онкүндігі өткізіліп тұрса. Ноғайлар Нұрғиса Тілендиевті, Бекболат Тілеуханды, басқа да біздің әнші-күйшілерімізді қатты қастерлеп аузынан тастамайды.

Ал Елбасы Н.Ә. Назарбаевты өз Президентіндей кө­ріп, Қазақстанды «арқа сүйер дәулет (мемлекет)» деп санайды. Кезіндегі Ұлы Ноғайдан қазақ шыққан, яғни олар біздің нағыз бауырларымыз. Қазақ елінің жаңа дәуірінің кемел келбеті әлем халықтарын қызықтыруда. Президенттің биылғы Жолдауындағы: «…Өзара алауыздық пен жан-жаққа тартқан бе­рекесіздік талай елдің тағдырын құрдымға жібер­ген. Тір­шілік тезіне төтеп бере алмай, жер бетінен ұлт ретінде жойылып кеткен елдер қаншама» екенін көр­сетуі де тегін емес еді. Қазақ тарихының қой­науын­да көрініс берген жікшілдік, жершілдік, рушыл­дық, бақталастық ешуақытта елді жаңа сатыға кө­тер­ген емес-ті. Елдігіміз барда өткеннен тағылым ала, қажетті жерде қол ұшын бере алға ұмтылу не­гізгі бағытымыз болып қала бермек. Келешектің ке­мелдігі де ел-жұрттың кеңдігіне, сый-құрметтің мол­дығына, ынтымақтың бірлігіне байланысты емес пе, ағайын!

ОЙ-ТҮЙІН:  Кезінде Еуразия даласын дүрілдеткен, Мәскеу, Киев, Варшава сияқты қалаларды жаулап алып, тізе бүктірген елдің көрінісі жоғарыда айтылған халге жетті. Кең-байтақ жерді иемденген ноғайлардың, азғантай ауыл көлеміндегі ноғайларға айналу тарихы кімді болса да ойландырмай қоймайды. Ноғай Ордасындағы ішкі қайшылықтар, мырзалар мен бектердің жан басын күйіттеп сатқындыққа баруы, сыртқы күштердің етене ел ішіне кіруі, халықтың есін тандыра ес жиғызбауға жол ашты. Соның салдарынан біртұтас сүттей ұйыған ел жерден аластатылып, наным мен сенім, дәстүр-салттарынан алшақтай түсті. Басқа дәстүрді кіріктірді, өз ғұрыптарын сыртқа ығыстырды. Мұндай үрдістің шет-жағасы бізге де таныс. Абайша айтсақ: «…өз ырқыңды» өзгеге ұстатпау жолы, сол халықтың бойында тәуелсіз ұлттық рухани тәрбиені ұстап тұратындай күш-жігер тұрақтылығы сақталынуы шарт. Демек, тарихи тағылым туған жер мен ата дәстүр құндылығын ешқандай байлық пен биліктің ауыстыра алмайтындығын дәйектесе керек-ті. Сондықтан да «Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» ел ұраны ғана емес, болашақ ұрпақ қажеттілігіне айналып отыр. Елбасының «Мәңгілік ел» идеясы – мәңгілік тәуелсіз ұлттың жасампаздығын нығайтуға бағытталған бастама һәм ақиқат көзі. Ұлттың рухы – рухани сананың жетілуінде екенін ескерсек, адамзат өркениетіндегі қазақы болмысымыздың мәңгі сақталу жолында, үнемі жасампаздыққа қарай ұмтылу қазіргі міндетіміз һәм парызымыз емес пе, ағайын!


Бүркіт АЯҒАН,
тарих ғылымдарының докторы, профессор,
ҚР БҒМ ҒК Мемлекет тарихы институтының директоры,

«Қазақ әдебиеті».

 

Пікірлер