Қазақ үйлену тойына ерекше қырағылықпен қараған. Жаңадан қосылған жас жұбайларға бата беріп, «Жар — Жар» айтып, қос ғашықтың ақ некесінің адал болуын тілеу,қазақтың салт-санасында әлімсақтан бар дәстүр. Ұлыстың ұлы күнінің қарсаңында оңтүстік астанамыздың орталық неке сарайында қос ғашық ата-бабаның салтымен ақ некесін қидырды. Қос жүректің лүпілінің қатар соғылып, екі жастың өмір атты теңізге қол ұстасып, қадам басу салтанатына біз де куә болдық.
Біз ежелден ырымшыл халықпыз. Әрбір мереке, той-думанның өз жөнімен, жоралғысымен өткізілгенін қалаймыз. Содан болар, жаңа түскен келінді тіл-көзден сақтап аластау, басына орамал салып, үлкенге құрмет, кішіге ізет ретінде иілдіріп сәлем салғызу, ақ отауға оң аяқпен қадам бастырып, жас келіннің қолынан шай ішу, қайын інілер мен қайын сіңлілерге ат тергету сынды дәстүрлер ерекше сақталады. Алайда соңғы кездері қазақтың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпы ұмыт қалып, жас ұрпаққа сарқыншағы ғана қалып барады.
Дәстүрді жаңғырту мақсатында әрі күллі мұсылманның жаңа жылы — Наурыз мерекесінің құрметіне орай, «Алматы ақшамы» газетінің тілшілері Думан Анаш пен Әйгерім Сауытбекова Наурыз мерекесінің қарсаңында неке қию рәсімін қазақтың жөн-жоралғысымен, атадан қалған салт-дәстүрмен атап өтуді жөн санапты. «Жас отау» неке сарайы жастарға бұл істе тілекші болды.
Құстың қос қанатындай болған ғашықтарды «Жас отау» неке сарайы ілтипатпен қарсы алды. Хакім Абайдың «Көзімнің қарасы» әнінің ырғағымен қос ғашық бір-біріне қолқанат болып, өмір айдынында қос аққудай бірге жүзуге серт берді. Театр актері Бейбіт Қарамановтың орындауындағы ақын Тоқтарәлі Таңжарықтың «Апа, сенің келінің» атты өлең жолдары елдің көркі атанған қыз бала ақ отауды аттаған соң келін атанып, ата мен ененің көз қуанышына, бір үйдің отанасына айналатынын сездіргендей.
Қазақ жақсылықты тіл-көзден сақтауды ғұрыпқа айналдырған. Ақ жаулықты апалар «пәле-жаладан, көздің көзінен, тілдің тілінен сақтасын» деген ниетпен жаңа түскен жас келінді аластаған. Ақ кимешек киген әжей Думан мен Әйгерімді аластап, тіл-көзден сақтау үшін екі жасқа түйреуіш тақты. Наурыз думанының қарсаңында Қыдыр атаның ақ батасын тыңдамауға болмас. Қонақтар Қыдыр атаның батасына іштей тілекші болып, қолын жайды. Салтанатты неке қию рәсімінен соң, жиналған көпшілік бауырсақ пен Наурыз мерекесінің басты тағамы — Наурыз көжеден дәм татты.
«Атаңнан мал қалғанша, тал қалсын» дейтін қазекем Наурыз мерекесінде тал отырғызуды ұмытпаған. Аталмыш дәстүрді ұмыт қалдырмаған қос ғашық неке сарайының ауласындағы махаббат аллеясына ақ қайыңның жас өскінін отырғызды. «Өміріміздегі ең маңызды сәтті қазақтың озық дәстүрімен өткізуге тілекші болған «Жас отау» неке сарайына көтерген жас шаңырағымыздың атынан ризашылығымызды білдіремін. Ең бастысы, тек қана ағайын-туыстың арасында емес, барша халықтың алдында некемізді қидыруды жөн көрдік. Қазақтың салт-дәстүрімен, әдет-ғұрпымен алдағы өмірге қол ұстасып, қадам басқанымызға біз қуаныштымыз» дейді Думан Анаш.
Салттың да озығы бар, тозығы бар, әлбетте. Алайда өткенін ұмытқан ұрпақ, келешегіне нық сеніммен қадам баса алмасы тағы анық. Сондықтан да ата-бабамыздан қалған дәстүрді жаңғыртып, салт-санамызды берік ұстап қалу — әрбір қазақ азаматына жүктелер басты міндет. Тек қана Наурыз мерекесінде ғана емес, үнемі ата салтымызды жадымыздан шығармағанымыз жөн болар.
Әйгерім БАҚЫТҚЫЗЫ,
«Айқын».