Ұлттық психологиясыз ұлт болмайды

2745
Adyrna.kz Telegram

Құбығұл ЖАРЫҚБАЕВ, педагогика және психология ғылымдарының докторы, профессор:

- Еліміздің тәуелсіздігін ары қарай да нық сақтап қалудың алғышарт­та­рының бірі — халқымыздың ұлттық сипа­тын сақтау, ары қарай дамыту екені анық. Оның бір құралы ұлттық педагогика мен психологияға келіп тірелетінін жақсы білеміз. Олай екен, біздің қоғам «ұлттық психология» деген ұғымды қан­шалықты түсініп, көңіл бөліп, зерттеп отыр?

- Ұлттық психология — әр ұлттың төл­құжаты, мәселен, «ұлттық мінез», «ұлттық мақтаныш», «ұлттық намыс», «ұлттық дәстүр», «ұлттық сана», т.б. ұғымдар ұлттың бүкіл дүниежүзілік мәдениетке үлес қосуында белсене қызмет істейтінін, ұлттық таланттың көзін ашатын ақыл-ойын жинақтап, оларды бір арнаға бағыттайтын катализатор.

«Қазір қазақ ғылымын ха­лықаралық дәрежеге жеткізу керек» деген сындарлы пікір бар. Осы игілікті істің шапағаты, өкінішке қарай, ұлттық педагогика мен психологияға тиер деген үмітіміздің әзірге ақталатын сыңайы жоқ. Ғылымның осы саласына жоғарыдағылардың назары жөнді түспей келеді.

- Бәлкім, бұл салада әлі де мамандарымыз тапшы болар?

- Елімізде қазір тәлім-тәрбие са­ла­сындағы сан алуан проблемаларды зерт­теп жүрген 350-ден астам доктор, бірнеше мыңнан астам ғылым кандидаты бар. Ал Қазақстанда тек психология ғылымы докторларының саны отыз­дың үстінде. Ондаған ғылым кандидаты бар. Кезінде «Тәуелсіздік тұсында қорғалған диссертациялардың бәрі жалған ғылым» деген ыңғайсыздау мақала жазылды. Бұл — артық айтылған сөз. Жүз диссертация қорғалсын, со­ның екі-үшеуі ғана жалған болуы мүм­кін. Бәрін бірдей жоққа шығаруға болмайды.
1989 жылы КСРО психологтар қоғамының соңғы съезі өтті. Оған Бал­тық жағалауындағы үш республика өкілдері қатысқан жоқ. Қалған одақтас елдерден түгел өкілдер қатысты. Сол съезде жалпақ КСРО-да бар болғаны 5 мың ғана психолог бар екені айтылды. Ал АҚШ-та сол кезде 250 мың психолог бар екен, психологияға арналған 70 журнал шығады екен. Екі жылдан соң КСРО тарады да, осыдан кейін орыстар ғылымның осы саласына қам­шыны басты. Қазір Ресейдің 56 қала­сында психология факультеттері бар, 67 мың психолог маманы бар. Ал Америкада үлкен болсын, шағын болсын, психологы жоқ бірде-бір мекеме таппайды екенсіз.
Ал енді еліміздегі жоғары оқу орын­дарының көшбасшысы болып есеп­телетін Қазақ Ұлттық университетінің психология бөлімінде қазір тоғыз бірдей психология ғылымдарының докторы бар. Жалғыз кафедрада бәрі бірдей ұйлығып-шұйлығып отыр. Психология факультеті әлі күнге дейін құрылмай келеді. Қазір философия және саясаттану факультетінің құрамындамыз.
- Ұлттық психология орта мектептерде неге оқытылмайды?
- Кезінде марқұм Шайсұлтан Шаяхметов тапсырма берген соң Әді­бай Табылдиевпен бірігіп, мен психология жайын, ол кісі этика жағын қозғап, мек­тепке жоғары сыныптарға арнап оқулық жаздық. Соны ол кезде «Атамұра» баспасының директоры Мұхтар Құл-Мұхаммед 100 мың данамен басып шығарды. Сол да оқытылмай, қоймаларда шіріп жатты. Хрестоматияны қоса есептегенде 200 мың таралыммен шыққан оқу құралы маку­латураға айналды. Профессор Өмірзақ Озғанбаевпен бірге орта мектепке арналған тағы бір төлтума оқулықты бес мың данамен шығарып едік, ол да мектептен орын таппады. Мектеп басшыларына барып жағдайды айтқа­нымызда, олар: «Білім министрлігінің бұйрығынсыз оқыта алмаймыз» деп жауапты қысқа қайырды. Бұдан 10 жыл бұрын «Жантануға кіріспе» деген атпен оқу құралын мүмкіндігінше қаза­қыландырып едік. Бір өкінерлігі, ол да мектептен қолдау таппады. «Біз әдеп пен психологияны оқытып жатырмыз, сендердікі не?» деп хат жазады ми­нистрліктегілер, білім департа­мен­тіндегі шенеуніктер. Бұрынғы кеңестік республикалар тәуелсіздік алған соң баяғы орталықтан келетін ресми бағ­дарламадан әлдеқашан бас тартқан. Ал біздегі идеология ғылымында Мәс­кеудің әсері әлі күнге күшті. Ресей болса 3-сыныптан бастап психология пәнін оқытуда. Қасымыздағы қыр­ғыздар 1-сыныптан 11-сыныпқа дейін психология мен этиканы қосып оқытып жатыр. Ал біздегі жағдай жо­ғарыда айтқандай.
- Ұлттық психология ғылыми-зерт­теу институтын ашу мәселесін біраздан бері көтеріп келесіз…
- Қажеттігін дәлелдеудің реті жоқ шығар, мұндай институт респуб­ликамыздағы бүкіл ұлттық педагогика, психология проблемаларын бір жерге шоғырландыра алар еді. Елдегі пси­хологиялық мәселелерді үйлестіріп, оған белгілі бағыт-бағдар берер еді. Оның үстіне өз ғылыми орталығы ар­қылы болашақ педагогтар мен жас ғалымдар ұшып шығатын ұя болар еді. Бұл мекеменің қызметкерлері қоғам­дағы күрделі әлеуметтік мәселелерді тиімді түрде шешуге де атсалысар еді. Қазір ұлттық психологиялық ғылыми мекеменің жоқ болғандығынан біз өз ерекшеліктерімізді ескермей, тек Мәскеуден, Ресейден келген дайын материалдармен ғана жұмыс істеуге мәжбүрміз. Мыңдаған жыл тарихы бар бүгінгі тәуелсіз елге бұл жараспайтын жағдай. Ұлттық ерекшелік кеуде соғу үшін емес, біздің бұдан әрі даму процесімізде қанымызға сіңген әдет-ғұрып пен салт-дәстүріміздің жақсысын одан әрі дамытуға, ұлттық ерекше­лік­терімізді өркениетке, ғылыми-тех­никалық прогреске неғұрлым тиімді икемдену үшін қажет. Ұлттық психологиясыз ұлт болмайды. Ол отбасы мен шаңырақтан басталатын аса күрделі әлеуметтік ғылыми құбылыс. Тіпті ба­тыстың дәстүрін «көзді жұмып» соқыр тауықша қылғыта бермеу үшін де ұлттық ҒЗИ ашу ауадай қажет.
«Айта-айта Алтайды, Жамал апай қартайды» дегендей менің айтудай айтып келе жатқан төрт арманым бар. 1. Қазақстанда психология факультетін ашу. 2. Этнопсихологиялық ғылыми-зерттеу институтын ашу. 3. Психологтар қоғамын құру (1958 жылдан 1991 жылға дейін КСРО психологтар қоға­мының бөлімшесі ретінде Қазақстан психологтар қоғамы болды). 4. Төл тілімізде оқулықтар мен ғылыми монографиялар жазып шығару.
- Жалпы, елімізде психология ма­мандығына мамандар даярлау мәселесі қай уақыттан бері қолға алынған?
- ҚазҰУ-де 1988 жылдан бастап психолог мамандар даярлана бастады. Алғашқы төрт жылда орысша оқы­тылды. Университетте одан бұрын да 1947-1953 жылдары логика және психология бөлімі болған. Арада 35 жылдық үзіліс бар. Ал қазақ тілінде психологтар дайындау 1991 жылы, яғни тәуелсіздікке ие болумен тұспа-тұс келді. Мәскеудің Ломоносов атындағы университетінің психология факультетінде он екі кафедра бар. Ал бізде факультет атымен жоқ, бір ғана кафедра бар, алғашқыда екеу еді, кейін біреуін қысқартып тастады. Бұрындары психологтар орысша оқып келгендіктен, мамандардың көбісі қа­зақшаға шорқақ, өз еңбектерін орысша жазып, басқаға аудартады. Оны ана тілімізге аударғандардың кейбірі туған тілге шалағай болғандықтан, оны студенттер ұғына алмай қиналып жатқан жағдайлар да жоқ емес. Оның үстіне аме­рикалық, батыстық модель басым­дық алған соң, психологиядағы ұлттық мәселелер шетке шығып қалды. Америкадан кейін «Оңтүстік Кореяның оқу үлгісі» деген шықты. Сол жаққа не ағыл­шын тілін, не корей тілін білмейтін магистрлерді үш айға жіберу көңілге ұяламайды. Әйтеуір «шетелде болып қайтыпты» деген аты бар да заты жоқ деп ойлаймын. Бұл жерде бір жағынан Үкіметтің соған кетіп жатқан қаража­тын аяйсыз. Тақырыпты күні бұрын АҚШ-қа байлап-матап береді. Ұлттық психология жайына қалып, әлемдік психология деген белең алып тұр.
- Қазақта психология, педагогика, этика, эстетика саласындағы іргелі мә­селелерді көтеріп, құнды оқулық жазған Алаш қайраткерлерінің еңбектерін ел игілігіне жарату ісі қалай жүруде?
- Толстой өзінің «Соғыс және бей­бітшілік» атты эпопеясында адамның бет-келбетінің 98 түрлі ерекшелігін көрсетіп, Волконский, Ростова секілді кейіпкерлерін суреттеген. Ленин Толстойды «Орыс жанының айнасы» деуі де содан болар. Бұл салада қазақ то­пырағында аса құнды пікір айтқан адамның бірі — Жүсіпбек Аймауытов. Жүсіпбектің тәлім-тәрбие тақыры­бында жазған еңбектерінің ішінде «Психология» деп аталатын көлемді оқу құралының орны айырықша. «Психология нені сөйлейді?» дейтін бірінші тарауында осы ғылымның екі жарым мың жылдық тарихынан біраз мағлұ­мат береді. Адамның жан дүниесін, мінез-құлқын зерттеуді қалайша ұйымдас­тыруға болатынын тәптіштеп түсін­діреді. Бізді ерекше таңғал­дыра­тыны — адам психологиясын зерттеуде математиканы, оның варияциялық статистика дейтін саласын қалайша пай­далануға болатындығы жайлы мәселе. Қазақ топырағында мұны Аймауытовтан басқа ешкім күні бүгінге дейін көтермеген. Біздегі ғылыми психоло­гиялық терминдердің алғаш жүйеге түсуі де Аймауытов есімімен байланысты. Қырқыншы жылдарға дейін әзірбайжан, өзбек, түрікмен, қырғыз, башқұрт тілдерінде ұлттық психо­ло­гия­лық еңбектер жарық көрмеген. Жүсіпбектің еңбегі бүкіл кеңестік түркі тектес халықтар тілінде алғаш жарық көрген бірден-бір туынды. Жүсіпбектің психологиялық еңбектері оқырманға әлі толық жетпей жатыр. Қалың жұрт­шылықтың игі­лігіне тезірек айналдыру жолын баспа­лар тезірек қолға алса нұр үстіне нұр болар еді.
- Шығыстық психология деген бар емес пе? Қазақты жеке-дара бөліп алмай, шығыспен біріктіріп қарауға болмай ма? Еуроцентризмнен құтылудың да бірден-бір жолы осы емес пе? 
- Өте дұрыс сұрақ қойып отырсыз. Бізде бұл мәселе де көтерілген. Авторы — Советхан Ғаббасов. Әл-Фараби ең­бектерін оқытуға енгізбейді. Негізі, біз шығыстың бір бөлігіміз ғой. Өкінішке қарай, осы кезге дейін өзбек, қырғыз, түркімен секілді халықтардың бір-біріне етене жақын этнопсихологиялық мәселелері зерттеулерден тыс қалуда. Оны айтасыз, ұлттық ақыл-ой алыптары, ұлы билеріміз — Төле, Қазыбек, Әйтеке билердің рухани мұраларын зерттеу ісі қолға алынбай келеді.
- Дегенмен құрқол қарап отырмаған боларсыздар?
- Академик Тәжібаев атындағы эт­нопсихология, этнопедагогика ор­талығы деген бар. Ол бұрынырақ, яғни 1991 жылы Алматы облыстық ұлттық тәлім-тәрбие қауымдастығы болып ресми тіркелген еді. Біраз жыл баспанамыз болмады. Сөйтіп жүріп те 14 конференция өткіздік. Оның бесеуі халықаралық, тоғызы республикалық, аймақтық дегендей. ТМД елдерінен ғалымдар шақырдық. 18 том «Этнопсихология және этнопедагогика» атты се­риялық ғылыми жинақтар жарық көрді.
- Ұлттық психология мәселелерін сөз еткенде, ғылыми тұрғыдан ауызға алынбай жүрген мәселенің бірі — қазақтың халық әндері секілді…
- Халқымыз «Қазақтың әні кетсе, сәні кетеді» дейді. Қазіргі келеңсіз бір жағдай — жастар күй мен халық әндерін жөнді тыңдамайды. Даңғыраған, секеңдеген, жөні түзу сөзі жоқ, не ырға­ғы жоқ кейбір эстрадалық әндер құ­лақты тесетін болды. Үлкеніміз де, кі­шіміз де сахнаға шығып ән айтқыш болып кеттік. Негізі, ұлттық психо­логияның мәйегі халық әндерінде жатыр. Халық әндері ұлттық психологияға тыныс беретін дәрумен деп айтуға болады. Атақты ақын Сұлтанмахмұт Торайғыров былай дейді: «Халықтың әні кетсе, әдебиет жесір қалады, сәні кетеді. Сәні кетсе, жаны кетеді… Ха­лықтың арғы-бергісін қозғап, естеріне түсіріп, мұң-мұқтаждарын зарлап, кем-кетігін көрсетіп, әдемі даусымен құй­қылжытып тұрғанда қандай тас көңіл болса да, жібімеске еркіне қоймайды. Халықтың қайдағы-жайдағысы ойына түсіп, қандары қайнап, арқалары қозып кетеді. Әркімнің көңіл-көздерінен жас моншақтап, бойлары балқығандай, шартта-шұрт қол шапалақтасып тар­қайды… Біздің халық әнқұмар халық. Біреу қолына домбыра алып ән сала бастаса, ойдағысы-қырдағысы жиналып, сегіздегі бала, сексендегі шалына дейін қалмай қаумалап, айтшы-айт­шылап, жанын жағасына келтіреді. Бара-бара не болса да сол әндегі рух сүйе­гіне сіңеді, құлағында қалады». Қазіргі тыңдарман қазақтың көзінен жас шығаратын аталы сөздер. Осы мәселені психологиялық тұрғыдан зерттеуді қолға алғанымыз абзал.
- Әлі күнге дейін қазақ арасында ру мен жүзге бөлінушілік кең тарап отыр. Бұл жөнінде психолог ағамыздың пікірі қандай?
- Осы мәселенің көлеңкелі жақтары да бар, соны зерттеу керек. Осы феномендер де «жан сыры», «жан жүйе», «жан­тану» деп аталатын ғылым тұр­ғысынан зерттелсе, құба-құп. «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді. төртеу түгел болса, төбедегі келеді» дейтін аталы сөз бар. Осы сөздің түп-төркіні, ілкі бас­тауы­ның астарлары зерттелген жағ­дайда осы мәселенің мәні ашыла түсер еді.
- Қазіргі қазақтың ұлттық мінезі туралы не дейсіз?
- Қазіргі қазақ жанын дефор­мацияланған, бүлінген дер едік. Өйт­кені қазақтың психологиясында осы этносқа ғана тән біртұтас ұлттық ерек­шелік бар деп айту қиын. Қазақтың бүкіл тыныс-тіршілігінде, отбасын­дағы әдет-ғұрпы мен салт-дәстүр, жөн-жосық, жол-жоралғысында елімізді бі­раздан бері мекен етіп келе жатқан басқа этностар мінездерінің элемент­тері ұшырасады. Кешегі патшалық отарлау мен кеңестік солақай саясат тудырған ұнамсыз қасиеттер бізде қазір де бар­шылық. Олар — жағымпаздық пен жал­тақтық, даңғазалық пен ұран­шыл­дық, күншілдік пен шалағайлық, т.б. Бұған нарықпен бірге бұрын қа­зақтың түсіне де кірмеген жезөкшелік, батысшылдық, ермелік деген пәлелер келіп қосылды. Тіліміз шұбар, мінезі­мізде еліміздегі басқа этностардың мі­незі бар. Өйткені, көпэтностық қо­ғамда белгілі бір ұлтқа тән кесек, то­лық, тұтас мінездің болуы мүмкін емес. Мұндай мінез бітістері бір текті этносқа, яғни моноэтностарда ғана кездеседі.
Бұл проблеманың да түпқазығы ұлт­тық психологияға барып тіреледі. Бізде «қазақ», «ұлт» деген екі сөзден қаш­қақтау бар. Қазақтың тек мал атауына байланысты үш мың сөзі бар емес пе? Біз мал жанына да білгір халықпыз. Сондықтан зоопсихология дәрісінде қазақ баласына шыбын-шіркей, бақа-шаянның психологиясын оқытқанша, оның орнына жылқының психологиясын оқыту керек. Адам мен жылқының психологиялық байланысының өзі тұтас бір ғылым. Қорыта келе айтарым, біздегі психология пәні Мәскеудің бодандығынан арылуы қажет.
- Ұстаздар үшін теориялық психология ауадай қажет дейсіз ғой?
- Қазіргі қазақтарды психологиялық тұрғыдан сауатсыз дер едім. Өйткені, жоғарыда айтқандай, психология мектепте оқытылмайды, университетте шала-шарпы оқытылады. Мінезді, ерік-жігерді тәрбиелеуге байланысты ұлттық психологияның небір тақы­рыптары зерттелмей тұр. Өтейбойдақ Тілеуқабыл қазақтың психологиялық ұғымдарын ХV ғасырдың өзінде «Шипагерлік баянда» жан-жақты ашып көрсеткен. Ол да терең зерттеуді қажет етеді. Дүкендерде орыс тіліндегі пси­хологиялық кітаптардан аяқ алып жүре алмайсыз. Қазақша жоқ, бар болса да аудармалар. Біз әлі де болса қазақ жанын зерттеуден гөрі орыстың жанын көбірек зерттеп жүрміз. Мұны қазақ психологтарының еңбектерінен байқау қиын емес. Жастарға керісінше ата-бабамыздың психологиялық мұрасын оқытуымыз керек. Мұғалімдер ұлттық ғылыми психологиямен қаруланбай, мектепте оқу-тәрбие процесін толық жүзеге асыру мүмкін емес. Кең-байтақ қазақ жерінде психологиялық ілім-білімдердің қанат жаяр күні әлі алда.


Сұхбаттасқан

Төреғали ТӘШЕНОВ, "Айқын". 

 

Пікірлер