Шығыста шыңырау күйлер төгілді

2659
Adyrna.kz Telegram

«Шығыстың шыңырау күйлері». Осындай атаумен Өскеменде алғаш рет республикалық күйшілер байқауы өтті. Шертпе күй өнерін насихаттаған өнерпаздар жарыққа шықпаған және ұмыт бола бастаған күйлерге қайтадан жан бітірді. Сахнада әуезді домбыра үнін әуелетті. Бабалардан мирас болып қал­ған күй­ші­лік дәстүрдің тарихы те­рең­де жатқан мол мұ­ра болғанымен, оның ел ішінде на­си­хат­та­луы кенже қалып келе жатқаны рас. Осы ол­қылықтың орнын толтыру, бүгінгі өскелең ұр­паққа оны насихаттау бағытында «Шы­ғыс­тың шыңырау күйлері» атты рес­пу­бли­калық күйшілер фестивалін өткізу қолға алынды.

Фестивальды өткізуге 2006 жы­лы «Мәңгілік мұра» деген атпен өткен кон­фе­ренция түрткі болды. Шығыс жерінде ал­ғаш рет ұйымдастырылған байқауға елі­міз­дің түкпір-түкпірінен келген барлығы 26 күй­ші қатысты. Күй өнері шертпе және төк­пе болып екіге бөлінсе, бұл күні дарынды күй­шілер аталған күйдің алғашқысынан бақ сынасты. Әділқазылар алқасының ше­ші­мімен 26 күйшінің 16-сы екінші бөлімге өтті. Мәреге сүрінбей жеткен жас дарындар күй­шілік өнерде өзіндік орын қалдырған Бейсенбі, Әшім, Қайрақбай, Бейісбай, Ша­қа­бай Шолақ сынды күйшілердің туын­ды­ла­рын орындап, күй додасына түсті. «Сын­шы көз қырағы» демекші, қоңыр әуезді дом­быраның күмбірін, саусақ пен білек ша­бысын көрермендермен қатар, Қош­қарбек Тасбергенов, Таласбек Әсемқұлов, Жан­ғали Жүзбаев, Біләл Ысқақ, Мұрат Әбу­ғазы, Аманжол Самық сынды май­тал­ман күйшілер бағалады.

Мұрат ӘБУҒАЗЫ, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваторияның аға оқытушысы:

– Қайрақбайдың, Байжігіттің, Бе­йіс­байдың, Бейсенбінің күйлері – бұ­лардың бәрі осы байқауда алғаш рет орындалып, сең қозғағандай болып жа­тыр. Күйшілер жас болғанымен өте жо­ғары деңгейде дайындалып келген. «Сен тұр, мен атайындар». Жеңімпазды анықтау да қиынға соқты. Жер-жерден келген күйшілер болса да шығыстың күйлерін жақсы меңгерген.

Ардаби МӘУЛЕТ, гран-при иегері:

– Шертпе күйдің дені бір ғой. Тек өңірдің ерекшеліктеріне байланысты болмаса. Шығыс Қазақстанның, Арқа күйлерінен талапкерлер өз еркімен бір күй, Қаратөбешіктен бір күй орындады. Төрелік әділ болды. Ең бастысы, бұл фестиваль күйшілік өнердің ауқымын кеңейтуге зор ықпал ететіні сөзсіз.

Шалқар РЫСҚАНОВ, ұйымдастырушы:

– Фестивальды өткізудегі бір себеп халыққа күй өнерін насихаттап жеткізу болса, ендігі мақсат – жас күйшілердің арасында осы күйлерді дәріптеп, оларды ынталандыру.

Күйсүйер қауым алдына Шығыс Қа­зақ­станның танымал күйшілері Қалек Жұ­матайұлы мен Қазен Ауғазыұлы да шықты. Олар өскелең ұрпаққа үлгі болсын деп өз өнер­лерін көрсетті. Соңынан өмір бойы күй өне­рін насихаттаған көнекөз қария­лар­дың иығына шапан жабылды.

Алғашқы қадам сәтті болды. Жиналған көрермен өнерпаздар өнеріне көзайым болып, жоғары баға берді. Ендігі мақсат – фестивальды ұлттық деңгейге көтеріп, тұ­рақ­ты байқауға айналдыру.

Сондай-ақ бұл күні тағы бір ауқымды шара өтті. Қазақтың шалқарлы күй мұ­хи­тына «Шығыстың шыңырау күйлері» деген атау­мен жаңа кітап қосылды. Шығыс өңі­рі­нің күйлері жинақталған топтама әзірге мың данамен жарыққа шықты. Оның ішін­де ұмыт бола бастаған, сонау XVIII ға­сыр­дың екінші жартысынан қалыптасқан 100 күй жинақталған.


Айару НЕСІПХАН,

Өскемен

«Алаш айнасы».

Пікірлер