Бекарыс ШОЙБЕКОВ: Айтысамын деген ой үш ұйықтасам да түсіме кірген емес

3455
Adyrna.kz Telegram

- Бекарыс, айтыс өнерін мем­лекет өз қамқорлығына алды деген хабарды әркім әртүрлі қа­былдады. «Бәрекелді» дегендер­мен бірге, «ақындардың аузына қақпақ қойылды» дейтіндер де бар. Айтыс ақыны ретінде сіз бұл жаңалықты қалай қабылда­дың­ыз?

- Мен айтысты мемлекет қамқорлығына алғанына қарсы емеспін. Шынын айтқанда, қа­зір айтыстың иесі жоқ. Жүрсін Ерманды айтыстың иесіндей көріп келеміз. Осы ағамыздың арқасында айтыс айтыс болып аман келе жатыр. Айтыстың жо­ғын жоқтап, эфирден берілмей қалды деп жүгірген кім? Жүрсін ағамыз, әрине. Айтыстың ысты­ғына күйіп, суығына тоңатын да сол кісі. Көгілдер экраннан кө­рін­бей кеткен айтысты жоқ­таймын деп билікпен шекіскен де, ақырында бекіскен де Жүр­сін ағамыз болды. Себебі билік те, халық та айтысқа жауапты жан ретінде Жүкеңді әлдеқашан санасына сіңіріп болған. 
Кешегі айтыстан соң «Ха­бар» арнасында осы айтысқа қатысты «Сонымен, солай дей­ік…» деген шоу бағдарлама түсі­рілді. Бағдарлама барысында жур­налист сонда отырған ай­тыс­тың жанашырларына қара­тып «екі жыл бойы неге осы өнер­дің жоғын жоқтамадыңыз­дар, әлде биліктен сескендің­іздер ме?» деген сыңайлы сұрақ берді. Сол сәтте меценат Аман­гелді Ермегияев ағамыз жұлып алып, «Әй, қарағым, сен неге жоқтамайсың айтыстың жоғын, әлде қазақ емессің бе? Жан­дарың ашыса, «Хабар» агенттігі неге екі жылдан бері айтысты бермей қойды, әлде жоғарыдан бұйрық алдыңдар ма? Сен ал­дымен осыған жауап берші» деп төтесінен қойды. Хабардың журналистері бұған жауап беру былай тұрсын, кейін қарасам, сол диалогты түгелдей қырқып тастапты. Сонысына қарамай ақындардың жүлдесі мен жүрі­сін санап, айтыс жайлы шулы шоу жасағылары келетінін қай­терсің. Әйтеуір енді міне, ай­тысымыз мемлекет қамқорлы­ғына алынды.
Айтыстың ережесін жасап үлгерген Үкімет бұдан кейін де қолдаймыз деп уәде беріп отыр. Айтыстың ережесімен таныс­тым, өз басым ол ережеден ақын­дардың аузына қақпақ қоя­тындай бапты көрген жоқ­пын. Әсілінде, ақиқатты айта білу — ақынның шеберлігіне байланысты. Ақынның ой-өресі мен көкжиегінің кеңдігі қандай бұғауды болсын бұзып-жарып шыға алады. Өткенде Астана­дағы айтыстан бір күн бұрын билік өкілдерімен кездестік, көзқарастары оң сияқты. Айтыс жалғасады, мемлекеттік, ұлттық мерекелерде үлкен айтыстар өт­кізіп тұрамыз дегенді айтты. Ен­ді уәделерінің үдесінен шықса болғаны…
- Мемлекет пен ұлт екі бөлек ұғым. Ендеше, мемлекеттің қам­қорлығындағы айтыста ұлттық мәселе ұмыт қалып қоймай ма деген ой келеді..
- Сіз бұл жерде мемлекет деп билікті айтып отырған боларсыз. Ақын бұрыннан да халық пен билік арасындағы алтын көпірдің рөлін атқарған. Қашанда халықтың мұң-мұқ­тажын билікке ақындар жеткізіп отырған ғой. Бірақ бұл — жауап­кершілігі зор, ауыр міндет. Жауап­кершілігінің ауырлығы сондай, кейде белің қайысып кететін кез де болады. Елдің мұңын айту — халықты билікке айдап салу немесе биліктің сойы­лын соғып кету емес. Ақынның міндеті билік пен халық арасын­дағы алтын ар­қауға айналу арқы­лы ел бірлігіне, ел болашағына, мемлекеттің ны­ғаюына қызмет ету. Ал мұндай кез­де ұлттық мәселе естен шық­пақ емес.
- Айтыс екі жыл бойы экраннан жоғалып кетті дегенімізбен, аймақ­тарда көптеген айтыс өткізіліпті ғой…
- Халық айтысты «Хабар» арнасынан көруге үйреніп қалған еді ғой. Екі жыл бұрын экрандағы айтыс «жоғалып» кетті де ай­тыссүйер қауым абдырып қалды. Олар үшін айтысты көк жәшіктен көрген тиімді еді. Себебі оңтүстік өңірде ұйымдастырылған айтыс­ты көру үшін зейнетақымен жан бағып отырған Арқадағы қарт­тар бара алмайды ғой. Әйтпесе, айтыс мүлдем тоқтап қалған жоқ. Мәсе­лен, Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің ұйымдастыруымен жыл сайын Шымкентте «Наурыз» айтысы өтеді. Одан бөлек, облыс­тық телевидение мен Жастарды қолдау қорының ұйымдас­ты­руымен былтыр бір жыл бойы жекпе-жек айтыс өтті. Бұл сайыс­қа көрші облыстардан, тіпті өзбек елінен де ақындар қатысты. Ал былтыр бір жыл бойы Қызылорда облысының алты ауданының ме­рей­тойына орай республикалық айтыстар ұйымдастырылды. Ба­тыс Қазақстанда да айтыс ұйым­дастырылды. Өз басым айтыстан-айтысқа шапқылаумен болдым, сондықтан айтыс өтпей қалды деуге моральдық құқым жоқ.
- Ғылым жолында жүрген айтыскерлердің көпшілігі айтыс өнерін зерттеуге ден қойыпты. Сіз ше?
- Мен де айтысты зерттеп жүрмін. Ғылыми жетекшім — әй­гілі академик Рахманқұл Берді­баев ағамыз. Айтыстың жазба түрін зерттеуді нысанама алдым. Жазба айтыстың дамыған жері Сыр бойы болып есептеледі. Негізі, жазба айтыс тақырыбын ақын, композитор Елена Әбдіха­лықова да зерттеген. Ал мен сол жазба айтыстың көркемдік ерек­шелігіне тоқталмақшымын. Енді сол жұмысымды түйіндеп, нәти­жесін шығаруға мойным жар бер­мей жүр.
- Жаңа жылдан бастап ғылыми атақ алудың жүйесі өзгереді емес пе? Кеш қалған жоқсыз ба?
- Нағыз ғалым ғылымды жүйе үшін зерттемесе керек-ті. Сабақ­ты ине сәтімен деген.
- Айтыс ақындарының бір шоғыры айтыс өнеріндегі шәкірт­терін баптай бастады. Сізде сондай жоспар бар ма?
- Мен Түркістандағы Қазақ-түрік университетінің Түркология институтында ғылыми қызметкер болып жұмыс істеп жүрмін. Со­нымен қатар, өткен жылы Түркіс­тан қаласының әкімі Бейбіт Сыз­дықовтың бастамасымен қалалық Білім бөлімінің жанынан «Өнер мектебі» ашылған-ды. Ұлттық ба­ғыттағы осы мектепке жетекшілік жасаймын. Онда ән, терме, дом­быра, ақындар класы бар. Ақын­дар класы айтыс ақындары мен жазба ақындар тәрбиелейді. Мек­теп жасындағы балаларға бар білгенімізді үйретіп жатырмыз. Құдайға тәубе, мектепке қазақтың қарадомалақ талантты балалары келіп жатыр. Келген бетте ән салып, күй тартып кеткендері көп-ақ. Ақындыққа бейімді ба­лалар да баршылық. Ел іші — өнер кеніші емес пе?
- Сіз де сол өнер кенішінен шықтыңыз ғой. Жалпы, айтысқа қалай келдіңіз?
- Шынымды айтайын, айты­самын деген ой үш ұйықтасам да түсіме кірген нәрсе емес еді. Се­бебі мен домбыра тартпақ түгілі жарытып ән салған бала емеспін. Бәрі алтыншы сыныптан бастал­ды. Аудандық деңгейде өтетін оқушылар арасындағы айтысқа іріктеу жүргізу үшін мектептерде айтыс ұйымдастырылатын бо­лып­ты. Мұны жасап жүрген Әсел­хан Қалыбекова мен Қаныбек Сарыбаев. Олардың сол кезде республикалық айтысқа шығып жүргендеріне төрт-бес жыл ғана болған екен. Біздің мектепте де айтыс өтетін болды. Оған 4-сы­ныптан жоғары сыныптың бәрі­нен жоқ дегенде бір оқушыдан қатысу керек деген талап қойы­лыпты. Сынып жетекшім «бізден сен қатысасың» деді. «Неге?» десем, «Қатысқың келмесе, ақын тап, не өзің қатыс» деді. Бұл мә­селені маған жүктеп қойған себебі, мен староста болатынмын. Сыныбымызда айтысқа шығара қоятын да бала болмай шықты. Содан салым суға кетіп, үйге келдім. Болған жайды апама айтып бердім. Апам еш саспастан: «Оның несінен қорқасың, қазір саған өлең жазып беремін, ертең соны айтып бересің де, жеңіп келесің», — деді. Апамның той-томалақта ән салатынын білемін. Сөйтсем, атам Шойбек күллі өңір танымаса да, ауыл-аймаққа бел­гілі ақын болған көрінеді. Нағашы әжем де әнші болып шықты. Сонымен не керек, апам жазып берген шумақтарды айтып беріп, айтыстың жеңімпазы атанып шыға келдім. Шынымды айтсам, сол айтыста жеңіске жету қия­лымда жоқ еді. Әйтеуір, біздің де сыныптан біреу қатысу керек болған соң шыға салған басым, аудандық айтысқа баратынымды естігенде, ойбай салдым. Өзіңіз ойлап қараңызшы, бір шумақ өлең суырып сала алмаймын, домбыраға да ебім жоқ. Домбыра тартпақ түгілі, оны қалай ұстау керегін де білмеймін. Әйтеуір арасында бір таңқылдатып қоя­мын, болды. Оның үстіне қашан­ғы апам өлең жазып береді? Сан­сыз сылтауыма қарамастан, апам тағы да өлең жазып беретін болды. Сол кезде айтқан өлеңімнен бір шумағы есімде қалыпты:
«Өлеңнің мен айтайын жара­сымын,
Демей­мін оқушының дарасы­мын.
6-шы «а» кластың пионері,
Шойбеков ақсақалдың бала­сы­мын». Бұл — менің айтыс ба­сын­да айтқан таныстыруым. Се­не­сіз бе, аудандық айтыста да 1-орынға ие болып шыға келдім. Осымен мазаламайтын шығар деген ойым ақталмады. Арада бір апта өткенде мектеп директоры: «Сендерді Әселхан мен Қаныбек шақырып жатыр» демесі бар ма. Шошып кеттім. Жүрегім тас төбеме шық­ты. «Олардың алдына баратын адам емеспін» дегеніме қарамай, мені мектеп директоры­ның өзі автобусқа салды да жі­берді. «Шәуілдірден күтіп алады» деген бір-ақ ауыз сөз айтты. Бар­сақ, осылардан бір нәрсе шығады-ау деген отыз баланы жинап алыпты. Бәрі де мен сияқты, бірінен бірі қорқып отыр. Ішінде Маржан Есжанова, Жәкен Ома­ров, Айгүл Асанова бар екен. Бас­қа бала­лар­дың не үшін қорқып отырғанын білмеймін, ал менің қорқатын себебім бар. Себебі мен сондағы балалардың ең кішкен­тайымын. Оның үстіне, шешем де шумақ­тарын жазып берген жоқ. Жазып берер ме еді, мұрша болған жоқ қой, мектептен автобусқа отыр­ғы­зып жіберді емес пе? Сөйтсем, басқалардың келісіп тұрғаны шамалы екен. Тек Жәкен Омаров қана өлең шығара алады екен, сосын Маржан мен Айгүл епті көрінді. Кезек маған келген кезде екі сөздің басын құрадым ба, құрамадым ба, білмеймін, қып-қызыл боп кеткенімді ғана біле­мін. Өмірімде ең алғаш рет сол жерде отырып екі жолды өзім құрадым ғой деймін, оның өзі есімде жоқ. Әйтеуір ұстаздары­мыздың «ой, сендер не деген керемет ақынсыңдар!» деп таңдай қағып, шығарып салғанын ғана білемін. Сосын: «Біз сендерді апта сайын оқытамыз» деді. Не керек, екі аптадан соң әлгі отыз баланың он бесі ғана барды айтыс саба­ғына. Ал үшінші аптада төр­теуіміз ғана қалдық. Жәкен, Мар­жан, Айгүл және мен. Төртеумізді Әселхан апамыз бен Қаныбек ағамыз тәрбиеледі, өлеңнің не екенін, оның қалай құрылатынын ұқтырды, үйретті. Домбыра тарту­ды әпкелерім — Құндызай, Зәм­загүл, Гүлфайруз үйретті. Олар домбырада ән са­латын. Алғаш­қыда Ерік Ас­қа­ровтың әуенімен айтып жүрдім. Себебі ол ең оңай әуен болатын. Кейін Нартай ақынның айтысқа бейімделген мақамымен айтыса­тын болдым.
- Ең алғашқы республикалық айтысқа шыққан кезіңіз есіңізде ме?
- 1990 жылы Шымкент қала­сында Орта Азия республи­каларының айтысы болды. Мен ол кезде 8-сынып оқушысы едім. Сол айтысқа Есенқұл Жақып­беков, Тәушен апамыз, Өзбек­станның ақыны Мекенбай Ома­ров, Оңғарбек Оразбек, қырғыз ақыны Әшірәлі Айталиев қатыс­ты. Алла қолдап, абырой беріп, сол айтыста бас жүлдені жеңіп алдым. Сахнаға үлкен күрең қасқа атты алып келіп мінгізгені есімде. Сол атты, ақылым жетіп деп айта алмаймын, ұстаздарымның ай­туымен Әшірәлі Айталиевке мінгізіп, батасын алдым. Ол кісі мен Қырғызстанға барған сайын «бұл бала маған ат мінгізген қазақ» деп айтатын.
- Естуімізше, Дәулеткерей Кәпұлы айтыспен қоштасыпты, ал Аманжол айтыс сахнасына қайта оралды. Мұны айтып отырғаным, жуырдағы айтыста Жандарбек «пенсияға бармайсың ба?» деп қалды… Өзіңізде не ой бар?
- Кейде бір айтыста көңіл күйің болмай, шабытың келмей жатса, сол күні-ақ айтыстан кетіп қалғың келеді. Мен мұнда не істеп жүрмін деген ой маза бермейді ондай сәтте. Ал енді бір кезде кеудеңдегі жыр арнасынан асып, тасып сыртқа шыққанша асыға­сың, айтқың келеді, сондай сәтте жақын маңда айтысты қоя ал­майтындай болып көрінесің. Ай­тыс ақынның көңіл күйіне бай­ла­нысты нәрсе ғой. Сондықтан болашақта ауа райы қалай бола­тынын болжап айта алмаймын.
- Дегенмен артыңыздан дүр­кіреп шығып келе жатқан жас ақындардың шабысын естігенде жүрексінетін кезіңіз бола ма?
- Кез келген толқынды соңы­нан келген толқын ысырып шы­ғарады. Қаласын, қаламасын, солай. Бұл — заңдылық. Біз де кезінде солай еттік, бізге де соны істейді. Сондықтан оған саналы түрде дайын болу керек. Сенен кейін келген толқынның екпіні зор болып жатса, қанекей, одан тек өнер ұтады.
- Астанадағы айтыста айтыс­сүйер қариялар болмаса, керексіз болып қалатын сияқтымыз дедіңіз. Бірақ сол айтысты тамашалаған жастар да болды ғой…
- Мен:
Айтысқа жастар кейде аз ке­леді
Cол жағынан кішкене ұятты­мыз.
Көргенде ақ жаулықты ана­лар­ды,
Келеді көңілімізді жұбат­қы­мыз,
Қарттарым, сіздер аман бо­лың­даршы,
Қара өлеңді қастерлер шырақ­шымыз -
Сіздердей тыңдарманнан айырылсақ,
Біз далада қалатын сияқты­мыз, — дегенім тек бүгінгі көрер­менді көріп отырып айтқан сөзім емес. Қай жерге барсақ та залдың 70-80 пайызын қариялар құрап отырады. Орта жастағы аға-апаларымыздың өзі сирек келеді. Айтысты жан-тәнімен сүйетін негізінен, зейнеткер жасындағы кісілер. Әрине, жастар да барады, бірақ өте аз. Өйткені қоғамның ауаны солай болып тұр. Бүгінде жастардың баратын жері көп. Оның үстіне, айтыс белгілі бір мезгілде, тұрақты өтпейді. Егер театрдағыдай бір жыл бұрын бекіген бағдарламасы болса, жас­тар ыңғайланар ма еді. Ал қазір айтыстың нақты бағдарламасы жоқ. Себебі бұдан кейін айтыс қашан болатынын ешкім дөп басып айта алмайды. Бәлкім, наурызда, сосын келесі жылы желтоқсанда…
- Сіз айтыстың иесі жоқ дегенді жиі айтасыз, айтыстың иесі қазақ емес пе, халық емес пе?
- Онда сол халықтан келесі айтыс қашан болады деп сұ­раңызшы, жауап берер ме екен? Халық айтыстың иесі болса, жауап берер еді ғой. Халық тұрмақ, Жүрсін ағаның өзі ендігі айтыс­тың қашан болатынын айта алмайды. Әйтеуір демеушілер тау­ып, мемлекетпен ақылдасып, мына бір айтулы дата кетіп барады, осыған айтыс өткізейік деп, өзі айтып, өзі ұйымдастырып жүрген жайы бар. Ал жоспарлы түрде өтіп жатқан айтыс жоқ. Егер кәдуілгі жоспарлы мерзімде өтер болса, жастар да көңіл бөлер еді. Алдын ала хабардар болған соң, уақытын да соған сай ыңғайлар еді-ау деп ойлаймын.
- Айтыста ақындар көтермеген мәселе қалмайды. Десек те, сіз үшін қазақ қоғамындағы ең өзекті мәселе не?
- Ең өткір тұрған мәселе — тәуелсіздігіміз. Халқымыздың өз еліне иелік етуі, жеріне иелік етуі, өзінің байлығына иелік етуі, ана тілінің, ата дінінің, төл мәде­ние­тінің салтанат құруы — осының бәрі тәуелсіздігіміздің бір-бір уығы.
- Өзіңіз қатысқан айтыстар­дағы басқа жұптардың сөз жары­сын тыңдайсыз ба?
- Жоқ. Себебі ондай кезде өз ойыммен әуре болып жүремін. Соңғы айтысты да толық көре алмадым. Тек екінші күнін ғана тамашаладым. Айнұр мен Төре­ғалидың айтысы жақсы болды. Ал Қарлығаш пен Еркебұланның айтысы нағыз классикалық айтыс болды дер едім.
- Баспасөз беттерінен сұхбат­тарыңызды оқыған емеспіз. Соған қарағанда, сұхбат беруден қаш­қақтайтын адамсыз ба?
- Қашқақтайтын түгім жоқ. Менен сұхбат аламын деген адам шығармашылығымды ғана сұрауы керек деп ойлаймын. Өйткені мен бір нәрсе бітіріп жүрсем, қолым­нан бір нәрсе келер болса, ол — осы айтыс қана. Басқа қоғамға беріп жатқаным шамалы.
- Балаларыңыздың айтысқа келгенін қалайсыз ба?
- Жоқ.
- Неге? Ақындарды ел алақанына салып жүреді емес пе?
- Алақанына салып, аялап отырған елге алғысым зор. Бірақ айтыстың жауапкершілігі өте ауыр. Сахнаға шыға келгенде қар­сы алдыңда отырған мың көздің мың түрлі ойлайтынын ойлаған­да… Ішіңдегіні ақтара салсаң мақұл ғой, бірақ оны ел қабылдай ма, әркімнің түсінігі әр басқа. Астанада айтқаныңды Шымкент­те айта алмайсың, айтқан күнде де сол өңірдің ыңғайына қаратып жырлауың керек. Керек десеңіз, Шымкенттегі әңгіме іргесіндегі Шиеліге жарамайды.

Сондықтан айтысқа үлкен дайындықпен, жауапкершілікпен қарау керек. Қоғамдағы өзекті мәселемен қа­тар, көрерменнің көңілін көтеруді де ойлау керек болады. Себебі бір көрермен айтысқа қызық көрем, тамаша көрем, марқайып қайтам деп келсе, енді бірі білім алам, өнеге терем деп келеді…

- Бірақ өткендегі айтыста сахнаға төсек мәселесі шығып кетті ғой, ерсі тіркестерді де естідік… Сахнаны кие тұтатын елге бұл ерсі көрінді…
- Оның ерсі ештеңесі жоқ. Айтыс синкретті жанр, оның ішінде әзіл де, оспақ та, театрдың элементтері де болады. Ал әдеп­тен асты деп, айтыстағы қағытпа қалжыңдарды алып тастай берсек, онда айтысымыз жапырағынан айырылған ағашқа ұқсап қалмай ма? Айтыс тал бойында міні жоқ өнер емес. Оның да артық-кемі болады, мәселен, кешегі Балғын­бек пен Жандарбектің айтысын өз басым әдемі әзіл айтыс деп есептеймін. Мүмкін, айтысты көруге зиялы қауым келген соң, кейбіреулерге ерсі көрінген шығар…
- Өлең жазасыз ба?
- Мен жазба поэзияның өкілі емеспін, өзімше түртінектеп жа­за­тыным бар, бірақ оны жария­ламаймын, композитор жігіттерге көрсетемін, солар кәдесіне жара­тып жүр.
- Айнұр ақын ғой деймін, сізді айтыстың «киллеріне» теңеді. Сахнаға шыққанда сазарып отыра­тыныңыз бар. Қарсыласыңызға икемделіп, ырым үшін жымия да салмайсыз. Оңтүстіктің ақыны дегенге адам сенбейді, күлуіңіз сирек. Ал өмірде қандай адамсыз? Осылайша сазарып жүресіз бе? 
- Айтыста жүргеніме жиырма жылдан асты. Содан бері сахна­дағы отырысыма қатысты бір жылы сөз естімеппін. Мэлс ақын­ның «оңтүстіктен келгенмен інім менің, екпіні солтүстіктен соққан желдей» дегені бар. Бәрі менің сахнадағы отырысымды сөз етеді. Енді құдайдың берген болмысы солай болған соң, шара бар ма?
- Әңгімеңізге рақмет.


Сұхбаттасқан
Халима БҰҚАРҚЫЗЫ,

«Айқын».

 

Пікірлер