- Әңгімемізді туып-өскен жеріңізден бастасақ?
- Туған жерім — Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданы (бұрынғы Семей облысы Ақсуат ауданы). Тарбағатай тауының баурайында қоныс тепкен Ақсуат елі — қонақжайлылығымен, дарқандығымен танылған, би Боранбай, Шәкі, Сасан билердің, Тана мырза, Молдабай балуан, Ырғызбай әулие, Әсетпен айтысқан Кәрібай ақын секілді тұлғалардың ізі қалған, тектілік тамыры тереңге кеткен тұғырлы мекен.
- Тырнақалды туындыңызды неше жасыңызда жаздыңыз? Ол қай басылымда жарияланды?
- Ең алғашқы өлеңді жеті жасымда құрастырғанмын. Қойдың алдынан шығып, қолымнан тамақ жейтін мүйізі шаңырақтай ақ серкеге мініп келетінмін. Бір күні оқудан үйге демалысқа келсем, көрші шопан үйіне келген қонағына пышаққа ілінетін мал таппай, әкемнен қоярда-қоймай ақ серкені союға сұрап алып кетіпті. Осы оқиға бала көңіліме ерекше әсер етті. Сол ақылды ақ серкеге бауыр басып кеткендіктен, кәдімгідей қиналғаным бар. Сонда ақ серкеге арнап «Ақ серкем жайрап жатыр, Көршінің қазанында қайнап жатыр» деп өлең құрастырғанмын. Қазір жасы сексенге келген анам сол ақ серкені берген көршінің аты-жөніне дейін айтып отырады.
Сол кездегі әдебиетке құштар балалар сияқты мен де балаларға арналған басылымдарға жазған-сызғанымды поштамен жиі жолдайтынмын. Көбіне «талабың дұрыс, көбірек ізденіп жаза бер, келесі жолы жариялаймыз» деген мазмұндағы жазылған хаттар келетін. Соның өзіне кәдімгідей арқаланып, қанаттанып қалатынмын. 6-сыныпта оқып жүргенде ауылдағы мектепте Әзілхан Нұршайықовтың «Ақиқат пен аңыз» кітабы бойынша әдеби кеш өткен еді. Даңқты қаһарман атамыз Бауыржан Момышұлы туралы жазылған шығарманы тұтас оқып, талқылауға белсене атсалысқан едім. Бір аптадан кейін аудандық «Еңбек туы» газетіне мәдени шара туралы жазылған менің шағын мақалам шыға келді. Әсілінде, бұл мақаланы мен жазбаған болатынмын. Кейін суретші Темірханов Ерлан ағайымыз: «Бұл мақаланы сенің атыңнан мен жазғанмын, болашақта өзің де жаза алатыныңа сендім» деп арқамнан қаққаны әлі есімде. Ең алғашқы анама арналған өлеңім Алматыдағы қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын №2 мектеп-интернатының 9-сыныбында оқып жүргенде «Пионер» журналына (қазіргі «Ақ желкен» журналы) жарияланған болатын. Өз қолтаңбамның тасқа басылғанына сенер-сенбесімді білмей, әлгі өлеңді қайта-қайта оқып, журналды бір түн қойныма қысып жатқаным бар. Ал алғашқы топтама өлеңдеріме сәт сапар тілеп, аудандық газетке жариялаған — ақын, сатирик, драматург, Тарбағатай ауданының Құрметті азаматы, өнердегі ұстазым Серік Жұматов.
- Әңгімеңіздің ауанына қарағанда, сонда сіз Алматыдағы мектеп-интернаттың түлегісіз ғой?
- Иә, талай дарындардың алтын ұясына айналған №2 мектеп-интернаттың мен де бір түлегімін. Биыл Мұхтар Ботабайұлы басқаратын Абай атындағы Республикалық мамандандырылған дарынды балаларға арналған қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын мектеп-интернатына 55 жыл толғалы отыр. Ұлтының сөзін сөйлеп, ана тіліміздің мәртебесін көтеретін, халықтық салт-дәстүрдің қайнарынан сусындаған нағыз ұлтжанды ұл-қыздар осы білім ордасында тәрбиеленіп жатыр деп ойлаймын. Өйткені онда республиканың барлық өңірінен келген дарынды балалар білім алуда. Бұл білім ордасы менің де өміріме үлкен әсер етті. Әсіресе, ұстазым Нағима Бекмағамбетованың сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Осы мектеп қабырғасында оқып жүргенде республикалық олимпиаданың жеңімпазы ретінде ҚазМУ-дің филология факультетіне емтихансыз қабылдандым.
- Біраз жыл ҚазҰУ-дің өнер ұжымын басқарып, ұйымдастырушылық қабілетіңізді танытқан едіңіз?
- Университетті бітірген жылы ұстазым Тұрсынбек Кәкішев ғылым саласына баулып, Қазақ әдебиеті кафедрасына алып қалған еді. Студенттер сарайы ашылар тұста университеттің өнер ұжымы жоқтың қасы десе де болатын. Сол кездегі университет ректоры, парасатты тұлға К.Нәрібаевтың қолдауымен, проректор Қ.Баймырзаевтың ұсынысымен Студенттер клубына директор болып баруыма тура келді. Бар қабілетімізді салып, өнерлі студенттердің басын қосып, «Фараби сазы» ұлт аспаптар оркестрін құрдық, қазақ тілінде алғаш рет көңілді тапқырлар сайысын ұйымдастырдық. Студенттер театрын құрдық. Жастардың бәрі желпініп тойлайтын «Әулие Валентин» күнінің келешек ұрпақ үшін мән-мазмұнының жоқтығын аңдатқымыз келіп, тұңғыш рет «Қозы Көрпеш пен Баян сұлу» күнін атап өтуге мұрындық болдық. Жастардың патриоттық сезімін күшейту мақсатында Тәрбие ісі жөніндегі проректордың орынбасары Гүлнар Әлімбекқызымен бірге «Менің Қазақстаным» сияқты фестивальдерді өткізуді жолға қойдық. Студенттердің «Жас ақындар» үйірмесінің тұсаукесер рәсіміне марқұм Тұманбай Молдағалиев ағамыз келіп, ақ батасын берген болатын. Студенттер клубында ән айтуға машықтанып, би билеуді үйреніп, сахнада өнерін көрсеткен студенттердің бүгінде көрермен көзайымына айналғандары да аз емес. Сол кезде Серікзат Дүйсенғазин, Данияр Саламат, Болат Әмірханов секілді талантты азаматтармен бірге қызметтес болғанымды айта кеткім келеді.
- Жырсүйер қауым сізді жазба ақын емес, айтыскер ақын ретінде жақсы біледі. Қанша жасыңызда айтысқа қатыстыңыз? Сіз осы екі ақындықтың қайсысын жаныңызға жақын тұтасыз?
- Наурыз мерекесі қайта оралып, кеңінен тойланып жатқан кезде жоғарыда атап өткен Нағима апайымыз «мектептегі Наурыз мейрамында айтыстан көрініс көрсетесіңдер» деп әнші бауырым Тоқтар Серіков екеуімізге өлең жазып берген болатын. Екеуміз әбден дайындалып, тіпті бір-біріміздің не айтатынымызға дейін жаттап алдық. Ал сахнаға шыққанда екеуміздің де жаттағанымыз жайына қалып, өз әлімізше жауаптасып, шын мәніндегі айтыстың үлгісін көрсетіп кеттік. Мүмкін бір ұшқынның тұтануына осы да себеп болған шығар. Содан бері жиырма жылдан астам уақыт бойы айтыс сахнасында азды-көпті өнерімді ортаға салып келемін. Ал қайсысын жақын тұтасыз дегеніңізге айтарым, маған екеуі де жақын. Өзімнің суырыпсалмалық қабілетіме сенімдімін, бірақ айтысқа кейінгі кезде сирек қатысып жүрмін. Ал жазба өлеңді күтіп жүремін, ағылып келген сәтте ғана қағаз бетіне түсіремін.
- Жалпы, айтыста тігілген темір тұлпар саны жүзден асып жығылады екен. Соның қаншасын тақымыңызға бастыңыз?
- Айтыс — ұлыққа емес, ұлтқа керек өнер. Арда өнеріміз айтыстың шын жанашыры Жүрсін Ерман ағамыз — осы айтысты өрге сүйреп, ыстығына күйіп, суығына тоңып жүрген бірден-бір адам. Өзіңіз айтқан автокөліктерді де жеке меценаттардың демеушілігімен бәйгеге тігіп, айтыс жеңімпазына сыйлап келеді. Жүрсін Ерман ұйымдастырып жүрген айтыстарда әлі күнге дейін бірде-бір көлік мінгенім жоқ. Аллаға шүкір, іні-қарындастарым алды отыздан аса, соңы төрт-бес көліктен мініп жатыр. Алла тағала алған жүлделерінің берекесін берсін! Өз басым 2008 жылы Арқадағы Саршаұлы Қареке бабаға арналған республикалық ақындар айтысында бас бәйгеге тігілген темір тұлпарға ие болғаным бар.
- Аламан айтыстарға қатысып қана қоймай, кейде қазылық та жасап жүрсіз. Әріптестеріңіздің өнерін бағалау да оңай емес шығар?
- Қазылық жасау деген — «біреуден алғыс, біреуден қарғыс алатын» өте жауапты міндет. Қазылар да пенде. Кейде «біреудің көзі, біреудің сөзі жақсы» дегендей бұратартып кететін кездерін де талай көргенбіз. Өзім қазылардан көп қиянат көргендіктен, мүмкіндігінше әділ бағасын беремін.
Үш-төрт жылдан бері Елорданың туған күніне орай өткізіліп келе жатқан республикалық ақындар айтысын ұйымдастырудың басы-қасында жүрмін.
- Айтысқа баулып, тәрбиелеп жүрген шәкірттеріңіз бар ма? Болса, олар кімдер?
- Еліміздің әр аймағынан іздеп келетін ақын бауырларымның меселін қайтарған емеспін. Жалпы, айтыста олжа салып жүрген көптеген іні-қарындастарыма ақыл-кеңес беріп, ұтқыр ойларды айтып шығуына бағыт-бағдар беруде кеңдік танытып келемін деп ойлаймын. Олай дейтінім, көп ақындар ел алдында жарқырап көріну үшін, көрерменнің көкейіндегісін дөп басып айтатын тұшымды ойларын өзгеге айтып шыға ғой деп жомарттық таныта бермейді ғой.
Қазіргі уақытта айтыстың қыр-сырын меңгерем деп, аға тұтып келіп жүрген інілерім бар. Соның бірі — мектеп оқушысы Алтынбек Ибрагимов «Хабар» арнасы мен «Заңғар» шығармашылық бірлестігі ұйымдастырған ел тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған «Жастар жырлайды» тележобасының ақтық сайысында бас жүлдені қанжығасына байлады. Сондай-ақ, осы жобада өз өнерін ортаға салып, көрермен көзайымына айналған Олжас Құлымбай деген ақын інімнің де келешегінен көп үміт күтемін.
- Сіз атақты «Қара жорға» әнінің мәтінін жазған ақындардың бірісіз. Осы әннің шығу тарихы туралы өз аузыңыздан есту — оқырмандар үшін де өте қызықты болар еді?
- Ел ішінде сақталған «Қара жорғаны» атажұртқа алып келген Қытайдағы қандас бауырларымыз. Қазіргі кезде «Қара жорғаның» шығу тарихы туралы алыпқашпа әңгімелер өте көп. Қалай десек те, өзгелер біздің ұлттық құндылықтарымызға өзеуреп, өздеріне тартып жатқанда неге біз «Қара жорғаны» сыртқа итеруіміз керек? «Қара жорғаға» мәтін жазған Үрiмжiде тұратын Мерей Тұрдақынұлымен кездесіп, «Кемпір жүрсін кеңкілдеп», «домалайды қу бастар» деген жолдарды өзгерткенімді айтқанымда ризашылығын білдірді. Мен оның жазған нұсқасын мүлдем алып тастаған жоқпын. Өйткені «Қара жорғаға» алғаш өлең жазған сол бауырымыз болатын. Мен өңдеген нұсқа Мұратбек Сарбасовтың орындауында халыққа тарап кетті. Бала кезімде ауылдағы жиын-тойларда түйе балуан атанған Қалмақбаев Тұрсын ағамыздың билегеніне талай куә болғам. Тіпті ХVIII ғасырдағы француз Барбиштің, неміс Паулидің 1854 жылы салған суретінде де билеп тұрған қазақтардың бейнеленгені — бұл бидің тарихын растай түседі.
- Тағы да қандай әндердің өлеңін жаздыңыз?
- Әнге өлең жазу оңай емес. Өйткені, әннің әуені мен өлеңі қабысып, ортақ үйлесім табуы шарт. Өлең сөздерінің ашық дауысты болуы, таптаурын ұйқастарды қайталамауы, сингорманизм заңдылықтары үлкен жауапкершілікті талап етеді. Осы күнге дейін атақты Е.Хасанғалиевтен бастап, Х.Әбілжанов, А.Дүйсенов, Б.Өскенбеков, Г.Өмірбаева, Д.Сыздықов, Ұ.Белғозиева, тағы басқа композиторлардың әндеріне өлең жаздым.
- Ал өзіңіз ән жазасыз ба?
- «Әннің де естісі бар, есері бар» деп Абай атамыз айтқандай, бала кезімізден бастап жайлауда қой бағып жүріп, кішкентай транзистордан Ж.Елебеков, Ғ.Құрманғалиев, М.Ержанов, М.Ешекеев, Б.Сыбанов, Д.Рақышев, Қ.Байбосынов, Ж.Кәрменовтің орындауындағы тамаша інжу-маржан әндерді тыңдап өскендіктен болар, халық әндері мен халық композиторларының әндері жаныма өте жақын. Сондықтан қолыма домбыра алып, халық әндерін орындасам, бір жасап қаламын. Ал өз әндеріме келетін болсам, көңіл тебіреністерінен туған қоржынымда біраз әнім бар. Бірақ бәрін насихаттай беруге құлықты емеспін. Дегенмен, М.Мақатаевтың өлеңіне жазылған «Аңғал досым-ай» дейтін ән Тараздағы Ғани Мәтебаевтың орындауында айтылып жүрсе, «Иманың — жалғыз жолдасың» атты термем М.Бесбаевтың орындауында халыққа кеңінен тарады. Тәуелсіздігімізді көксеп, алаш аспанында шоқ жұлдыздай жарқырап, ұлттың елдігі мен руханиятына өлшеусіз үлес қосқан Алаш арыстарының ұлы есімдерін ұрпақ жадында жаңғыртсам деген ізгі ниетпен «Алаш арыстары» деген ән дүниеге келген болатын. Бұл ән 2010 жылы «Нұр Отан» ХДП ұйымдастырған «Елім деп соққан жүрегім» атты жалпы республикалық байқауда «Ең үздік авторлық ән» аталымы бойынша жеңімпаз атанды. Аталмыш әнді талантты әнші Ерлан Рысқали орындап жүр.
- Таяуда «Атамұра» баспасынан «Уақыт керуені» атты жыр жинағыңыз жарық көрді. Бұл сіздің тұңғыш кітабыңыз ба?
- Алғашқы «Көзайым» атты кітабым меценат, қазақтың абзал азаматы Шамсат Исабековтің демеушілігімен 2007 жылы жарық көрген болатын. Ол кітапта өлеңдермен бірге айтыстар, әнге жазылған мәтіндер топтастырылса, жаңа кітапқа тек қана әр жылдардағы жазылған өлеңдер енген. Бұл кітап «Атамұра» корпорациясының президенті, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, ұлттық өнеріміздің жанашыры Рақымғали Құл-Мұхаммед мырзаның демеушілігімен жарық көрді. Осы «Уақыт керуені» кітабы жақында ғана Қазақстан Жазушылар одағының поэзия кеңесінің отырысында талқыланды.
- Барлық өнер адамдары алғашында баспана қиыншылығын көреді. Бұл мәселені қалай шештіңіз?
- Белгілі жазушы Кәдірбек Сегізбайұлының «Біз қалада тұрамыз» атты кітабында жазғанындай, жастықтың жалынымен Алматыға арман қуып келгендердің алдынан кім құшағын жайып шықты дейсіз? Өз еліміздің бір азаматы ретінде баспана немесе тегін жер алмасақ та, тәуелсіздіктің әр таңына шүкіршілік айтып жүрген жайымыз бар. Иманғали Тасмағамбетов Алматы қаласының әкімі болып тұрған кезде дарынды жастардың біразын баспанамен қамтамасыз етіп, қамқорлық танытқан еді. Баспана беру туралы қала әкімі қол қойған тізімнің ішінен өзіміздің аты-жөнімізді естіп, төбеміз көкке екі елі жетпей жүр еді, кейін бір орынбасары тізімнен сызып тастапты. Соған қарағанда біреулердің тағдыры қосу мен алуды жақсы білетін шолақ белсенділерге ойыншық сияқты ғой. Қазір Алматы облысы Қарасай ауданының тұрғынымын.
Елбасының биылғы Жолдауындағы «Қолжетімді баспана» бағдарламасы іске асырылса, баспанасыз жүрген талантты жастарға мемлекет тарапынан үлкен көмек болар еді. Өйткені бойындағы дарыны мен күш-қайратын ел игілігі үшін жұмсайтын шақтарында жас отбасылар пәтерден- пәтерге көшіп, тұрмыс тауқыметін тартып жүр.
- Отбасыңыз жайында да айта кетсеңіз?
- Жұбайым Гауһардың мамандығы — филолог. Екеуіміз екі ұл, екі қыз тәрбиелеп, өсіріп жатырмыз. Қолымызда ақ батасын беріп, тілеуімізді тілеп отырған анамыз бар.
- Заман тоза ма, әлде адам аза ма?
- Хакім Абай атамыз:
Әркімді заман сүйремек,
Заманды қай жан билемек?
Заманға жаман күйлемек,
Замана оны илемек, -
демей ме?! Заманды жасайтын адам емес пе!..
- Кімдерден қорқасыз?
- Құдайдан қорықпайтын имансыздардан қорқамын.
- Әңгімеңізге рақмет.
Сұхбаттасқан Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, «Айқын».