Тверь қаласында өткен Қазақстан мен Ресейдің парламенттік комиссиясының 23-отырысында «Роскосмос» бас директоры Дмитрий Баканов Қазақстан тарапымен бірлесе отырып, Гагарин старты алаңында музей кешенін құру және оны ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енгізу бастамасы жүзеге асырылатынын айтты, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Айта кетейік, Гагарин старты – ғарыш тарихындағы ең маңызды орындардың бірі. Дәл осы алаңнан алғаш рет Жердің жасанды серігі ұшырылған және адамзат тарихындағы тұңғыш ғарышкер Юрий Гагарин ғарышқа аттанған.
Бакановтың айтуынша, бұл бастама тек тарихи маңызы бар жобаны сақтау үшін ғана емес, сонымен бірге ғарыштық туризмді дамыту мақсатында қолға алынған. Бұған дәлел – сәуір айында «Союз МС-27» кемесінің ұшырылымы кезінде Байқоңырға шамамен 3000 турист келген. Олар арнайы тур аясында Гагарин стартына, яғни адам баласы алғаш ғарышқа аттанған тарихи алаңға барып қайтты.
Қазіргі таңда Байқоңырда Ресейдің «Роскосмос» корпорациясына қарасты 22 филиал мен өкілдік жұмыс істеп тұр. Бұл ғарыш айлағы — Ресейдің пилотты бағдарламалары орындалатын жалғыз алаңы.
Сонымен қатар тараптар Байқоңырдағы инфрақұрылымды жаңарту, инвестициялық тартымдылығын арттыру, жастарды ғарыш саласына тарту және космонавтиканы танымал ету мақсатында туризмді дамыту бағытында бірлесіп жұмыс істейтіндерін мәлімдеді.
Еске сала кетейік, бұған дейін Гагарин старт алаңының орнынан көне өркениет ошағы табылғаны туралы жазған едік.