АҚШ президенті Дональд Трамп сәрсенбі күні Украина басшысы Владимир Зеленскиймен телефон арқылы сөйлесті, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Бұл туралы ол Truth Social әлеуметтік желісінде жазды.
«Жаңа ғана Украина президенті Владимир Зеленскиймен телефон арқылы өте жақсы сөйлестім», – деп атап өтті Трамп. Оның айтуынша, әңгіме шамамен бір сағатқа созылған.
«Талқылаудың негізгі бөлігі Ресей мен Украинаның өз талаптары мен қажеттіліктеріне қатысты ұстанымдарын үйлестіру мақсатында кеше президент Путинге қоңырау шалуға арналды. Біз дұрыс бағытта нық қадам басып келеміз», – деп түсіндірді ол.
Трамп мемлекеттік хатшы Марко Рубиоға және АҚШ президентінің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Майк Уолтцқа «талқыланған мәселелердің нақты мазмұнын» дайындауды тапсырғанын айтты.
«Бұл мәлімдеме жақын арада жарияланады», – деп толықтырды америкалық көшбасшы.
Айта кетейік, 18 наурыз, сейсенбі күні АҚШ пен Ресей президенттері Дональд Трамп пен Владимир Путин телефон арқылы сөйлескен болатын.
Сондай-ақ, Украина мен Ресей 175-тен 175 формуласы бойынша әскери тұтқындармен алмасты.