АҚШ президенті Дональд Трамп пен Ресей президенті Владимир Путин екінші рет телефон арқылы сөйлесті, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы BBC News-ке сілтеме жасап.
Кремль мәліметінше, олар Украинадағы қақтығысты реттеу жолдарын талқылап, ортақ күш-жігерді жалғастыруға ниетті екенін растаған.
Путин Трамптың Ресей мен Украинаның 30 күн бойы энергетикалық инфрақұрылым нысандарына шабуыл жасамау туралы ұсынысын қолдап, бұл жөнінде әскери күштерге бұйрық берген. Сондай-ақ, ол 19 наурызда 175 әскери тұтқынның айырбасталатынын хабарлады.
Кремльдің мәлімдемесінде тараптар Украина мәселесін реттеу үшін америкалық және ресейлік сарапшылар топтарын құруға келіскені айтылды.
Ал Ақ үйдің қысқа мәлімдемесінде екі ел бейбітшілікке қол жеткізу үшін атысты тоқтату жөнінде келіссөздерді бастауды ұйғарғаны көрсетілген.
"Көшбасшылар бейбітшілікке ұмтылу ең алдымен энергетика мен инфрақұрылым саласындағы атысты тоқтатудан басталатынына, сондай-ақ Қара теңізде атысты тоқтату жөніндегі техникалық келіссөздерді жүргізуге, атысты толық тоқтатуға және тұрақты бейбітшілік орнатуға келісті. Бұл келіссөздер Таяу Шығыста дереу басталады", - делінген Ақ үйдің қорытынды мәлімдемесінде.
Сонымен қатар, Трамп пен Путин стратегиялық қарулардың таралуын тоқтату, Таяу Шығыстағы ынтымақтастық және Иранның ядролық қаупіне қатысты мәселелерді талқылаған.
Трамп өзінің Truth Social әлеуметтік желісінде Путинмен әңгімесін «өте жақсы және нәтижелі» деп сипаттап, атысты толық тоқтату үшін жедел жұмыс істейтінін мәлімдеді.
АҚШ пен Ресей президенттерінің телефон арқылы сөйлесуінен кейін Украина президенті Владимир Зеленский бұл келіссөздердің егжей-тегжейін АҚШ тарапынан күтіп отырғанын мәлімдеді.
Хельсинкиде журналистерге берген сұхбатында Зеленский Ресейдің энергетикалық инфрақұрылымына шабуыл жасауды тоқтату ұсынысын қолдайтынын, бірақ Трамп пен Путиннің нақты не талқылағанын білгісі келетінін айтты.
Кейінірек ол Ресейдің Украинадағы азаматтық инфрақұрылымға шабуылдарын жалғастырып жатқанын атап өтті.
«Бүгін Путин атысты толық тоқтату туралы ұсыныстан бас тартты. Әлем де Путиннің соғысты созуға кез келген әрекетін қабылдамауы керек», – деді Зеленский.