Ресей Украинамен 175-тен 175 формуласы бойынша әскери тұтқындармен алмасуды аяқтады, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Бұл туралы Ресей қорғаныс министрлігі журналистерге мәлімдеді.
«19 наурызда келіссөздер нәтижесінде Киев режимінің бақылауындағы аумақтан 175 ресейлік әскери қызметкер қайтарылды. Олардың орнына 175 Украина қарулы күштерінің тұтқыны, сондай-ақ, ізгі ниет белгісі ретінде шұғыл медициналық көмек қажет ететін 22 ауыр жараланған әскери тұтқын берілді», – делінген хабарламада.
Қазіргі уақытта украин тұтқынынан босатылған әскери қызметкерлер Беларусь аумағында. Оларға қажетті психологиялық және медициналық көмек көрсетілуде. Кейін барлық сарбаздар Ресейге емдеу және оңалту үшін жеткізіледі.
Қорғаныс ведомствосы ресейлік әскери тұтқындарды босатуда делдал рөлін Біріккен Араб Әмірліктері атқарғанын атап өтті.
Украина басшысы Владимир Зеленскийдің пікірінше, Ресей мен Украина арасындағы ең ірі әскери тұтқындар алмасуларының бірі өтті.
Зеленский тұтқындарды босатумен айналысатын барлық адамдарға, сондай-ақ алмасу процесіне көмектескен Украина серіктестеріне, әсіресе Біріккен Араб Әмірліктеріне алғысын білдірді.