Бүгін Алматыда көрнекті жазушы, белгілі драматург, Қазақстанның Еңбек Ері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Дулат Исабековті ақтық сапарға шығарып салу рәсімі өтті, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Қазақ әдебиетінің алып тұлғасымен қоштасу Жазушылар одағының ғимаратында өтті. Қаралы жиынға мемлекет және қоғам қайраткерлері, жазушылар, өнер мен мәдениет саласының өкілдері және қарапайым халық жиналды. Жиынды Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов жүргізді.
ҚР Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың көңіл айту хатын оқып берді. Президент жазушының ұлт руханиятына қосқан зор үлесін атап өтіп, Дулат Исабековтің есімі қазақ халқының жүрегінде мәңгі сақталатынын жеткізді.
Жиын барысында жазушының замандастары мен қаламгер достары тебірене естеліктер айтты. Жазушы Төлен Әбдіков Дулат Исабековтің орны толмас тұлға екенін, оның шығармашылығы күлдіре де, жылата да білген ғажайып өнер иесінің қолтаңбасы екенін атап өтті. Бексұлтан Нұржеке мен Мереке Құлкенов те қазақ әдебиетінің орны толмас қайғыға душар болғанын айтты.
Марқұмның жақындарына Премьер-министр Олжас Бектенов, Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев, Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошанов және облыс әкімдерінің көңіл айту хаттары табысталды.
Еске сала кетейік, 21 ақпан күні Қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, жазушы-драматург Дулат Исабеков 83 жасында дүниеден өтті.