Астанадағы тұрғын үй кешендерінің бірінде лифтіде бес жасар балаға шабуыл жасап, қолындағы пышақпен бетін тілгілеп тастаған жасөспірім психиатриялық ауруханаға жатқызылды. Бұл туралы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева мәлім етті, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.
Балалар омбудсменінің айтуынша, сот оны оқшаулау туралы шешім қабылдаған.
«Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық тергеу сотының 2025 жылдың 12 ақпанындағы қаулысына сәйкес, медициналық мекемеге орналастырылды. Ол күшейтілген бақылауға алынды», - деді балалар омбудсмені CMN-ге.
Сондай-ақ Динара Зәкиева өткен жылы кәмелетке толмағандар 1890 қылмыстық құқық бұзушылық жасағанын, оның 130-ы аса ауыр екенін, сондай-ақ жасөспірімдердің қолымен немесе олардың қатысуымен жасалған 12 кісі өлтіру фактісін айтты.
«Қылмыс жасағаннан кейін мәжбүрлі емделуден өткен психикалық ауытқулары бар адамдар орналасқан мекемеде қазір 745 адам бақылауда. Оның біреуі – 2025 жылы түскен бала. 2024 жылы кәмелетке толмағандар қабылданған жоқ», - деп түсіндірді Динара Зәкиева.