Google компаниясы өзінің «Карталар» (Google Maps) қосымшасында «Мексика шығанағы» атауын «Америка шығанағы» деп өзгертті, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Компания бұл өзгеріс АҚШ президенті Дональд Трамптың жарлығына сәйкес енгізілгенін хабарлады.
Ресми мәлімдемеде «Карталар» қосымшасындағы «Мексика шығанағы» атауы географиялық атаулар жүйесін жаңарту нәтижесінде өзгертілгені айтылған.
«Біз екі апта бұрын хабарлағанымыздай, осы жаңартуға байланысты өзгерістер енгізуді бастадық», – делінген мәлімдемеде.
Айта кету керек, АҚШ-тағы «Карталар» қолданушылары енді «Америка шығанағы» атауын көрсе, Мексикада бұрынғы «Мексика шығанағы» атауы сақталады. Ал басқа елдерде екі атау қатар көрсетілмек.
Картографиялық қызметте жаңа атау қазірдің өзінде енгізілген.
Еске сала кетейік, Дональд Трамп Мексика шығанағын Америка шығанағы деп қайта атауды 20 қаңтардағы ұлықтау рәсімінде мәлімдеген еді. Сол күні Трамп Ақ үйде шығанақтың атауын ресми түрде өзгерту туралы жарлыққа қол қойды. Мексика шығанақтың атауы бүкіл әлемде мойындалған және жүздеген жылдар бойы теңіздік навигацияның маңызды нұсқауы ретінде қолданылып келе жатқаны туралы айтқан еді.