Қымызды – Германиядан, қазыны Канададан таситын күйге түскеніміз бе?

3481
Adyrna.kz Telegram

Күні кеше Канаданың азық-түлік инспекциясының  директоры Луиза Карьер Кеден одағы елдеріне жылқы етін тасымалдауға ықыласты екендіктерін жеткізді. Қазірде бұл ұсынысқа бірінші болып Қазақстан тарабының қызығушылық танытып отырғаны белгілі болды. Сол-ақ екен, еліміздегі біраз қауым «Қазақтың дастарқанынан канадалық жылқы еті орын алса, өз өніміміз өгейсіп қалады» деп өрекпіп отыр. Жалпы дерекке жүгінсек, бүгінде біздің елімізде 1,5 млн бас жылқы бар. Жан басына шаққанда жыл­қы еті еліміздегі әрбір адамға 4 келі 300 грамнан тиеді. «2015 жылға дейін бұл көрсеткішті 9 келіге жет­кізу жоспарда бар. Сондықтан келешекте біз ар­зан әрі тәтті жылқы етімен ішкі нарықты толық қана­ғат­тандырамыз десек,  шетелден елімізге келетін ірі қа­ра малының бағдарламасы одан әрі жүзеге асуы қа­жет», – деседі мамандар.

Сөйтіп, бірқатар мамандарымыздың пайым­да­уын­ша, шетелден мал басын және ет өнімін тасы­мал­дау елдегі жылқы малының өсуіне, өнуіне айрық­ша жағ­дай туғызбақ. «Осы үрдіс арқылы отандық мал ба­сы­ның шығынын азайтып, оның өсіміне мүмкіндік бе­ріл­мек»  дейді сарапшылар. Алайда, қайсыбір қа­уым­ның пікірінше, мәселені шешудің тетігі бір бұл емес.

Жеделдетіп дамыту бағдарламасы қажет

Негізінен, сала мамандары біздің осы уақытқа дейін тек сиыр етінің экспорты мен импортына ғана тереңірек мән беріп келгенімізді, ал жылқы шаруашылығы мен қой шаруашылығы әлі күнге дейін қалтарыста қалып келе жатқанын жасырмайды.  Бұл ретте, мамандардың дені елімізде қалыптасқан жылқы шаруашылығының негізі барын, оны әрі қарай дамытуға мүмкіндіктің молын алға тартуда.

Бақтияр САДЫҚ, ауыл шаруашылығы ғылымының докторы, профессор:

– Біз Еуропада емес, аса үлкен 188 миллион гек­тар ауылшаруашылық жайылымы бар Қазақстанда тұрамыз. Бірде-бір елде мұндай жайылымдық жер жоқ. Ал бізде осындай мүмкіндік бола тұра, осыны қалт жі­беріп алдық.  Жылқы шаруашылығы аса бап тал­­ға­май­ды. Қораны да, көмір мен газды да қажет ет­пейді. Қы­сы-жазы бірдей үйірімен жайылады. Әри­­не, се­лек­циялық жұмыстар жүргізілуі қажет, қосымша жем керек. Бір­ақ қай кезде болсын адам денсау­лы­ғына жылқы еті сиыр етінен екі есе пайдалы. Оның үстіне, біздегі жыл­қы етінің сапасы әлемдік тұрғыда жоғары екені ғы­лыми дәлелденген. Сөйте тұра, бізде жылқы шар­уа­шылығына назар аударыл­май­ды. Елімізде ірі қара ма­лына көмек бөлініп жатыр да, ал жылқы шаруа­шы­лығы кенжелеп тұр. Сондық­тан бізге қарап отыр­май, жылқы шаруашылығын же­дел­детіп дамыту бағ­дар­ламасын жасау  қажет. Бұл мүм­кіндікті орынды пайда­лануға қол ұшын тигізеді.

Асылтұқымды жылқы өсіруге жағдай жасау қажет

Абзалында, «бағдарлама өз алдына, алдымен асылтұқымды жылқы малын өсірушілерге жағдай жасау қажет» дескен мамандар еліміздегі  1,5 млн бас жылқының тек 3,5 пайызы ғана асылтұқымды екенін, өркениетті елдерде бұл көрсеткіш кемінде 10 пайызды құрауы керектігін, демек, бұл салада мүл­дем кенжелеп қалғанымызды алға тартуда.  Мәселен, бұған қатысты деректерді мысал етсек, 1999-2000 жыл­дары елімізде асылтұқымды жылқының көр­сеткіші 1 пайызды  құраған. Араға 10 жыл салып, бұл ме­жені 3,5 пайызға көтеріппіз. Мамандар «2020 жыл­ға дейін асылтұқымды жылқы өсіруді 10 пайыз­дық межеге  жеткізбесек, бәсекеге қабілетсіз болаты­ны­мыз анық» дегенді ашып айтуда.

Мәкен ТОЙШЫБЕКОВ, мал шаруашылығы ғылымының докторы, профессор:

– Жылқыға қатысты сөз етер болсақ, қазір бізде дүниежүзінде жоқ етті, қымызды мұғалжар тұқымы бар. Алтай өңірінде, Өскемен жақта қабы жылқысы бар. Бұл тұқым орыстың ауыр жүк тасушы жыл­қысының айғырлары мен өзіміздің қазақ жылқыларын будандастырудан шыққан. Және көпшілік біле қоймайтын мал – адай жылқысы.

Адай жылқысы – түрікмен жыл­қы­сының айғырын қазақ биелеріне сала отырып, шығарылған мықты жылқы. Оның атап өтетін ерекше қасиеті – теңіз суын іше­тіндігі. Жер жүзінде тұзды суды ішетін бірде-бір мал жоқ. Бізде бар.

Олардың тұқым беру ерекшелігі ескерусіз қалмауы керек. Егер біз елімізде асыл тұқымды жылқы өсіруге мән берсек, шеттен мал етін тасып әуре болмайтын едік. Өз басым шетелден мал етін тасу және шетелдік мал басын әкелуден гөрі, жергілікті ортада климатқа бейім жағдайда осы шаруаларды атқару қажет. Бұл ретте отандық кәсіп иелерінің жұмыс істеуіне мүмкіндік берілгені жөн.

Жылқыға институт та бұйырмаған

Елімізде жылқы шаруашылығына қатысты соңғы кездері шешілмей жүрген тағы бір өзекті мәселелердің бірі – бұл осы саланы зерттеуге қатысты арнайы институттардың болмауы.

Үсен АМАНБАЕВ, экономист-ғалым:

– Елімізде жемшөп институты, балық шаруашылығы, құс шаруашылығы, мал шаруашылығы институттары бар. Бірақ жылқы шаруашылығын зерттеуге қатысты жекелеген институт бұйырмаған. Жылқы шаруашылығын зерттеу сол мал шаруа­шылығы институттарының еншісінде бол­ғанымен, бүгінде бұл саланың кө­леңкеде қалып қойғаны рас. Жылқы шаруа­шылы­ғымен жекелеген кәсіп иелері айналысып, өздігімен бұл салаға жан бітірген болып жүр. Бірақ бұл сала мем­лекеттік қолдауды қажетсінеді. Сондықтан жылқы шаруашы­лығын зерттейтін арнайы орталықтар ашылуы керек. Аңғарғанға қазірде әлемдік тұрғыда жылқы етіне сұраныс артып барады. Ал біз ішкі сұранысты толық қамти алмай отырмыз. Енді келіп сырттан соғым алдырамыз деп арқаны кеңге саламыз. Күні ертең сол сырттан келетін соғым қазақты жарылқасын ба?! Ол соғымның гендік сапа­сына, тағамдық құнарлылығына кім кепіл­дік береді? Өзгелер қазаққа жақсысын бере ме? Күні ертең сырттан жылқы еті ене қалса, оның сапасын таразылап, сүзгіден өткізіп отыратын да осы іспетті институттар болуы керек. Сондықтан біздің тиісті орындар осы мәселеге назар аударса деймін.

Түйін

Сонымен мамандарымыз сөз еткендей, жылқы шаруашылығына назар ау­даратын кезең әлдеқашан жетті. Олай етпесек, біздің осы уақытқа дейін «қымыз бен шұбатымыз арқылы әлемдік бренд жинаймыз», «күбі толы қымызымызбен қадірімізді асқақтатамыз» дегеніміз құр науқаншылдық болмақ…

Бұған қоса, «қазақтың қаны – қымыздан, жаны еттен жаралғанын» ескерсек, шынымен де сырттан соғым әкеліп немесе қыстық соғымнан қазақты шектеп мал басын өсіре алмасымыз тағы анық. Егер болашақта жылқы шаруашылығын өркендетіп, салаға қатысты олқылықтардың орнын толтырғымыз келсе, мамандар тарапынан айтылған жоғарыдағы ұсыныстарға ден қойғанымыз жөн. 


Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ, «Алаш айнасы».

 

Пікірлер