Испаниядағы су тасқыны. Валенсия тұрғындары аймақ басшысының қызметтен кетуін талап етуде

1009
Adyrna.kz Telegram

Испанияның Валенсия қаласында 100 мыңнан астам адам аймақ басшысы Карлос Маcонның отставкасын талап етіп наразылық акциясына шықты, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы BBC-ге сілтеме жасап.

Қазан айында аймақтағы су тасқыны салдарынан 200-ден астам адам қаза тауып, ондаған адам із-түссіз жоғалған болатын. Наразылық білдірушілер билік өкілдерін табиғи апат туралы дер кезінде хабардар етпегені үшін айыптап отыр.

Наразылықтар кезінде полициямен қақтығыстар да орын алды. Қала әкімі Мария Хосе Каталья сынған терезелер мен өртенген жерлердің фотосуреттерін жариялап, «вандализм шешім емес» деп жазды.

Өткен аптада  Испания королі мен королевасына табиғи апаттан ең көп зардап шеккен қалалардың бірін аралап жүргенде ашуланған наразылық білдірушілер лай атқылады. Сол сияқты, премьер-министр Педро Санчез де жұрттың наразылығына тап болып, тез арада эвакуацияланды.

Консервативті "халықтық партияның" провинциялық әкімшілігін басқаратын Карлос Масон өз әрекеттерінің дұрыстығын мәлімдеп отыр. Оның айтуынша, аймақ билігі ел үкіметінен тиісті ескертулер алмаған және мұндай ауқымды апатты болжау мүмкін емес.

Испанияда табиғи апаттар кезінде жауапкершілікті аймақ билігі көтереді, бірақ олар Мадридтен көмек сұрай алады. Испандық метеорологиялық агенттік 25 қазан күні  ураган туралы ескерту шығарған, бірақ Валенсия билігі тұрғындарға мобильді телефондарға ескерту хабарламаларын тек су тасқыны басталардан бірнеше сағат бұрын ғана жіберген. Осыған жауапты шенеунік SMS арқылы хабарлауға болатын жүйе туралы мүлдем білмегенін айтқан.

Бұған дейін испаниялықтардың құтқарушыларды тым кеш ескерту жасады, билік мұндай апатқа дайын болмай шықты деп айыптағаны туралы жазған едік.

Пікірлер