Ұшақтан қуылған аспап. Белгілі әнші ұшаққа домбырамен кіре алмаған

3522
Adyrna.kz Telegram
Фото: Gakku.kz
Фото: Gakku.kz

Танымал әнші Мақпал Жүнісова желідегі парақшасында ұшаққа домбырасымен бірге кіре алмағанын айтты, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Әнші желідегі парақшасында домбыраға арналған қосымша орынның бағасы 59 мың теңге болғанын айтып, шағымданды.

«Домбыра деп көрсетпесе де, оны 59 мың теңгеге әрең өткіздік. Бұл – мен үшінші рет осындай жағдайға тап болып отырмын», – деді Мақпал Жүнісова.

Осыған сай, домбыраны бортқа кіргізбеген FlyArystan әншінің шағымына жауап берді. Компания сөзінше, музыкалық аспаптарды тасымалдау бойынша ережелер бар. Ережеге сай, аспапты салонға алып өтуге тек қол жүгі ретінде рұқсат беріледі, егер оның салмағы 5 кг аспаса және көлемі 56x23x36 см-ден үлкен болмаса.

Егер жүк не аспап аталған ережеге сай болмаса, қосымша қаржы төлеу керек.

«Біз барлық өнер иелерінің еңбегін жоғары бағалаймыз және халқымыз үшін қасиетті домбыраның құндылығын түсінеміз. Дегенмен, барлық жолаушыларға тең қарым-қатынас көрсету және ортақ ережелерді сақтау – қауіпсіздікті қамтамасыз етудің кепілі», – делінген FlyArystan хабарламасында.

Айта кетейік, Көлік министрі Марат Қарабаев ұшаққа музыкалық аспаппен ескертусіз келетіндерге ренішін білдірген болатын. 

Бұған дейін қазақстандық әйгілі скрипкашы Марат Бисенғалиев әлеуметтік желідегі парақшасында FlyArystan әуе компаниясының жұмысына көңілі толмайтынын жазған. Себебі экипаж аспапты ұшаққа кіргізбеген.

Бұған дейін айтыскер ақын Айшолпан Тілеутайға Fly Arystan ұшағына домбыра алып кіруге рұқсат бермей қойғанын мәлім еткен еді. Fly Arystan компаниясының қызметкерлері «домбыраны ұшаққа кіргізбейсің»деп оны жұлқылаған. Компанияның домбыраға қатысты әрекетімен өзге де әншілер Еркін Шүкіман мен Ерлан Рысқали да бетпе-бет келген.

Пікірлер