Испанияда су тасқыны салдарынан 60-тан астам адам қаза тапты

116
Adyrna.kz Telegram

Испанияның Валенсия аймағында нөсер жауын мен бұршақ салдарынан туындаған су тасқынынан 62 адам қаза тапты, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы.

Бұл туралы жергілікті билік өкілдері мәлімдеді.

Аймақтық үкімет басшысы Карлос Мазонның айтуынша, зардап шеккен аудандарда құтқару операциясы жалғасуда, сондықтан нақты қайтыс болғандардың санын анықтау әзірге мүмкін болмай тұр. Жергілікті БАҚ Балеар аралдарында да зардап шеккендер мен құрбандардың бар екенін хабарлады. Құтқару жұмыстарына мыңнан астам әскери қызметкер тартылған, олар төтенше жағдайлар қызметіне көмектесуде.

Испания королі Филипп VI  әлеуметтік желі парақшасында су тасқыны көлеміне таң қалғанын жазып, апат құрбандарының туыстары мен жақындарына шын жүректен көңіл айтты.

Испан метеорологтарының мәліметінше, Валенсияда сегіз сағат ішінде 491 мм жауын-шашын түскен, бұл көлем шамамен бір жылдық норманың мөлшеріне сәйкес келеді.

Әлеуметтік желілерде су тасқынының көпірлер мен көліктерді ағызып әкеткені, ал адамдардың кейбір жағдайларда ағаштарға шығып, су тасқынынан құтылуға тырысқаны көрсетілген бейнелер жариялануда.

Күшті жел электр сымдарын үзгендіктен, Валенсиядағы 150 мыңнан астам үй жарықсыз қалды. Электр энергиясын жеткізуші Iberdrola компаниясы нашар ауа-райына байланысты жөндеу жұмыстарының біраз уақыт алатынын хабарлады.

Валенсияға қонуы тиіс кейбір әуе рейстері тоқтатылды немесе басқа аймақтарға бағытталды. Аймақтағы теміржол қатынасы да толықтай тоқтатылды.

Жергілікті БАҚ хабарлауынша, Валенсияның ондаған тұрғыны көмек күтіп, бүкіл түнді көліктерінде, шатырларда және көпірлерде өткізген. Кеше билік кем дегенде жеті адамның Валенсия мен оңтүстік-шығыстағы Альбасете провинциясында жоғалғанын мәлімдеді.

Пікірлер