Ерлан Барлыбаев: "Үкімет ұсынғандай шешіледі деп ойлаймын”

1133
Adyrna.kz Telegram

Елімізде 6 қазан күні АЭС салу бойынша референдум өтеді. Осыған байланысты VIII сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің мүшесі Ерлан Барлыбаевпен АЭС құрылысының экологияға әсері туралы болған сұқбатты назарларыңызға ұсынамыз.

- Қоғамда атом электр стансиясын салу электр энергиясының тарифін қымбататады деген пікір бар. Бұл туралы не айта аласыз?

- Мен бұл істің маманы болмағаннан кейін, маған бұл сұраққа жауап беру қиын.  Менің ойымша, атом электр станциясының құны қанша болатынын, қанша уақытты қажет ететінін, тарифтің қандай болатынын үкіметтің немесе уәкілетті орган есептеуі керек.  Бұл туралы айтылмағандықтан қоғамда тариф көтерілуі мүмкін деген пікір пайда болды

- Сіздің ойыңызша, АЭС құрылысы электр қуатының тапшылығын шеше ме? Үкіметтің Қазақстан Республикасының аумағында атом электр станцияларын іске қосу жөніндегі жоспарлары қаншалықты сенімді?

- Иә, атом электр станциясын салу арқылы электр энергиясының тапшылығын шешуге болады. Үкімет ұсынғандай, бүкіл электр энергиясы нарығының 10%-ы АЭС есебінен шешіледі деп ойлаймын. Бұл – айтарлықтай жеткілікті көлем.

- Еліміздегі экологиялық қоғам Балқаш көлінің болашағы туралы алаңдауда. АЭС салудан Балқаш көліне қауіп бар ма?

- Меніңше, Балқаштың болашағына қауіп төндіретін нәрсе жоқ. Өйткені қазіргі технология суды аз тұтынуға мүмкіндік береді. Сондықтан, болашақта бүкіл құрылыс кезінде Балқаш үшін  қауіп немесе мәселе туындамайды деп ойлаймын.

- Атом электр станцияларының қалдықтары жергілікті халықтың денсаулығына қалай әсер етуі мүмкін?

- АЭС-тің қалдықтары бақылауда болатындықтан қауіп төндірмейді. Бүгінгі күнгі технология тәуекелдерді барынша азайтуға мүмкіндік береді. Менің ойымша, бұл жерде толық игерілетін болады. Қалдық қалғанның өзінде оларды сақтауға болатын орындар бар. Сондықтан ешқандай қауіп жоқ.

- Атом электр станциясының құрылысы аймақтың дамуына және жалпы ел үшін қаншалықты әсер етеді деп ойлайсыз?

- Біріншіден, бұл жұмыс орындарының көбеюі мен жаңа технологиялардың артуына әсер етеді. Екіншіден, атом энергетикасының дамуына ықпал етеді. Ал мұның барлығы ел экономикасына оң әсерін тигізеді деп есептеймін

Пікірлер