Сынға қалған "Бірақ" шоуының кейіпкері күйеуімен ресми түрде ажырасқаны айтылды

1598
Adyrna.kz Telegram

"Хабар" арнасындағы атышулы "Бірақ" ток-шоуы зорлық-зомбылық көрсеткен күйеуімен татуластырмақ болған әйелдің ресми түрде ажырасқаны айтылды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы. 

Мәліметті «Қорғау Астана» қорының жетекшісі Анна Рыль өзінің Facebook парақшасында жазды. Гүлмира (жәбірленушінің аты-жөні) үйіндегі "тираннан" сол қордың қолдауымен жасырынып жүрген болатын.

Сонымен қатар, Анна Рыль отбасы ресми түрде ажырасқанымен наурыз айында берілген талап-арызға сәйкес бірде-бір алимент төленбегенін жазды.

«Гүлмираны ажырасу рәсімінің аяқталуымен құттықтаймыз. Сонымен қатар наурыз айында біз алимент өндіру туралы талап арыз жазған болатынбыз, сот шешімі бойынша сома әр балаға небәрі 10 мың теңгені құраған, алимент өндіру туралы шешімнің заңды күшіне енгеніне көп уақыт болды, бірақ осы уақытқа дейін ешқандай алимент төленбеді. Десе де, тағы бір қадам еңсерілді!» – деп жазады ол.

Анна Рыль жазба соңында қазақ әйелдеріне қолдау білдірді.

«Уайымдамаңыздар, өміріңізде қандай жағдай болса да, сізді қолдайтындар әрқашан табылады!» – деп сендірді орталық басшысы.

Естеріңізге сала кетейік, бағдарламаның шулы бөлімі наурыз айында эфирге шыққан болатын. Алғашында 20 жыл бойы күйеуінен зорлық-зомбылық көрген Гүлмираға күйеуінің түсірілім алаңына шықпайтыны уәде етілген. Бірақ кейіпкер үшін күтпеген жерден ол қолында бір шоқ гүлімен шығып, кешірім сұрады. Одан кейін татуласуды талап еткен жүргізушілердің әйелге жасаған әрекеті көрермендердің наразылығын тудырды. Эфирден кейін күйзеліске ұшыраған жәбірленуші қайтадан психологтарға жүгінуге мәжбүр болып, жұртшылық қысымымен және министр Аида Балаеваның мәлімдемесімен ток-шоу жабылды.

Пікірлер