ШЫҰ 2024. Астанадағы саммит несімен есте қалады?

486
Adyrna.kz Telegram

Шанхай ынтымақтастық ұйымы кеңістігінде 3 миллиардтан астам адам тұрады. Бұл туралы бүгін Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысында мәлім етті. Оның айтуынша, бүгінде Ұйым достық, тату көршілік, теңқұқықтық және өзара қолдаудың, яғни «шанхай рухы» негізінде жұмыс істейтін мемлекетаралық қатынастардың тиімді тетігіне айналды.

«ШЫҰ кеңістігінде үш миллиардтан астам адам тұрады. Ұйымға экономикасы аса ірі және жылдам дамып келе жатқан мемлекеттер кіреді. Әлемдік жалпы ішкі өнімнің үштен бірі осы елдерге тиесілі.  Бұл біздің Ұйымның орасан зор әлеуеті мен жаһандық рөлін айқын көрсетеді. Мүше  мемлекеттердің даусы мен мүдделері тең дәрежеде ескерілетін Шанхай ынтымақтастық ұйымы өзін бірегей алаң ретінде көрсетті. Дәл осындай мызғымас демократиялық негізге сүйенген ұзақмерзімді ынтымақтастығымыз жаңа мазмұнмен толыға түсетініне сенімдімін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бұдан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның Ұйымға төрағалығы аясында атқарылған жұмыстардың қорытындысы жөнінде баяндады. Атап айтқанда,  150-ге жуық іс-шара, соның ішінде цифрлық даму, туризм, энергетика, бизнес салаларында форумдар және ШЫҰ жастар кеңесі өткенін мәлімдеді. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Шанхай ынтымақтастық ұйымын реформалау және жаңғырту қажеттігіне арнайы тоқталды.

«Қарқынды жаһандық өзгерістерге байланысты біздің алдымызда ШЫҰ қызметін одан әрі жетілдіруге бағытталған маңызды міндет тұр. Ұйым аясының кеңею үдерісі жаңа мүмкіндіктерге жол ашып, оны дамытуға тың серпін береді. Еліміз ШЫҰ-ға төраға ретінде Ұйымды ынтымақтастықтың бұдан да тиімді әрі көпжақты механизміне айналдыруды көздейтін теңгерімді ұсыныстарын ортаға салды. Атап айтқанда, біз ШЫҰ Хатшылығы мен Бас хатшының рөлін күшейтуді құптаймыз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

ШЫҰ-на мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысы барысында 25 құжатқа қол  қол қойылды. Арасында Астана декларациясы да бар. Осы ретте Саммиттің Қазақстанға берер пайдасы және күн тәртібінде көтерілген негізгі мәселелер жөнінде саясаттанушы, Қытайды зерттеушілер қауымдастығының төрағасы Қазыбек Өмірзақұлы Майгелдиновпен сұхбаттасқан едік.

Возможно, это изображение 2 человека, помост и текст

- ШЫҰ саммиті Қазақстанға не береді?

- Бүгін, яғни 4 шілдеде Астанада Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммиті өтті. Астана саммитінің басты қорытындысы – бұл Қазақстанның бір жылдық төрағалығы. Астанада саммит өткізу елімізге бірнеше маңызды басымдықтар мен артықшылықтар берді деп айтуға болады. Біріншіден, елімізге оннан астам мемлекет басшыларының келуі. Біріккен Ұлттар Ұйымы, ТМД және басқа халықаралық ұйымдардың келуі еліміздің халықаралық иммиджін нығайтуда өзіндік рөлі бар. Өйткені Саммит өткізу арқылы Қазақстанның халықаралық саясаттың белсенді қатысушысы ретінде рөлін көрсетеді және халықаралық қоғамдастықта мәртебесін нығайтады. Қазіргі геосаяси текетірес және тұрақсыздық кезінде әлемдік деңгейдегі кез келген елдің орны және орнын шегелей білуі өте маңызды. Қазақстан осы тұрғыдан, мысалы кеше Си Цзиньпин мырзаның өзі мойындағандай, орта державалар қатарындағы белсенді мемлекеттердің бірі. Шанхай ынтымақтастық ұйымының елімізге берер тағы бір маңыздылығы – ол экономикалық ынтымақтастық. Өйткені, осы ұйымның белсенді мүшесі Қытай Халық Республикасының  Төрағасы Си Цзиньпин мемлекеттік іс-сапармен келіп, нәтижесінде экономикалық келісімдер талқыланып, 20-дан астам құжатқа қол қойылды. Нәтижесінде екі ел арасындағы меморандумдардың арқасында инвестиция тарту мен сауданы дамытуға артық қадам жасалды деп айтуға болады. Үшіншісі, Шанхай ынтымақтастық ұйымының басты тетігі –өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Өйткені, ШЫҰ аясындағы өзара іс-қимыл елімізге өңірлік қауіпсіздік пен терроризмге қарсы күрес мәселелерінде   бір жағынан өзінтануға мүмкіндік береді, екінші жағынан мүше мемлекеттердің күш-жігерін қоса отырып, ортақ іс-әрекет жасауға толықтай мүмкіндік жасайды. Сондықтан ШЫҰ саммиті өтуінің нақты берер пайдасы осында.

- ШЫҰ саммиті барысында 25 құжатқа қол қойылды. Оның арасында Астана декларациясы да бар.

- Астана декларациясына келер болсақ, құжаттың маңызды тетіктері – бұл бірлескен жобалар, яғни инфрақұрылымдық және энергетикалық жобалардағы ынтымақтастықты кеңейту. Мүше мемлекеттер ішінде Қытай, Ресей, Пәкістан, Үндістан, Иран сияқты мемлекеттер бар. Орталық Азия мемлекеттері де бар. Осы елдердің арасындағы энергетикалық жобалар мен инфрақұрылымдық жобалардың ортасын кеңейту өзара байланысты нығайтуға мүмкіндік береді. Екіншісі, бұл экономикалық ынтымақтасты күшейту. Астана  декларациясында ШЫҰ мүше мемлекеттер арасындағы  экономикалық байланыстарды тереңдетуге бағытталған қарарлар да бар. Үшіншісі, аймақты тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін саяси және дипломатиялық күш-жігерді үйлестіруді арттыру. Бұл өте маңызды. Әсіресе, қазіргі түрлі шиеленістер өршіп тұрған кездегі ШЫҰ мүше мемлекеттер аймағында тұрақтылық пен қауіпсіздік мәселесі өте маңызды.

- ШЫҰ бас хатшысының рөлін күшейту не үшін қажет?

- ШЫҰ-ның бас хатшысының рөлін күшейтудің негізгі көздеген мақсаттары бар деп айтуға болады. Біріншіден, ШЫҰ-ның ықпалын күшейту, яғни ұйымның халықаралық аренадағы беделін арттыру.  Одан кейін ШЫҰ ішіндегі үйлестіруді күшейту, яғни мүше елдер арасындағы тиімді басқару мен үйлестіру мәселесі, мысалы жоғарыда айтқандай, энергетикалық, экономикалық байланыстарды нығайту. Үшіншіден, бірлескен жобалар мен бастамаларды неғұрлым жедел және тиімді орындау үшін Бас хатшысы рөлін күшейту арқылы орталықтандырылған нақты әрекеттер жасауға мүмкіндік береді деп ойлаймын.

- Бүгінгі саммитте Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан ШЫҰ төрағасы ретінде барлық мақсат-міндетті толығымен орындады» деп айттыПікіріңізді білсек.

- Саммитте Мемлекет басшысы «Қазақстан ШЫҰ төрағасы ретінде барлық мақсат-міндеттерді толығымен орындады» деді, мен оған толық келісемін. Әу баста, яғни 2023 жылы 5 шілдеде Ұйымға төрағалықты алғаннан кейін Президент басты үш басымдықты атап өтті. Бұл қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету, энергетикалық ынтымақтастықты нығайту мен цифрлық саладағы байланысты кеңейту, одан кейін  мәдени-гуманитарлық байланыстарды және экология саласындағы өзара іс-қимылды нығайту. Бұл бағыттар бойынша өзіміздің нақты шешімдерімізді жасадық. Мәселен, әлемдегі тұрақсыздық және сын-қатерлерді ескере отырып Қазақстан ШЫҰ «Әділ бейбітшілік,  келісім және даму үшін әлемдік бірлік туралы» бастаманы ұсынды. Саммит аясында бұл бастама жария етілді. Одан кейін терроризмге, сепаратизмге және экстремизмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2025-2027 жылдарға арналған ынтымақтастықтың жаңартылған бағдарламасын қалыптастырды. Екінші бағыт бойынша Астанада ШЫҰ-на мүше елдердің энергетикалық форумы, Алматыда ШЫҰ-ның цифрлық  форумы өтті. Цифрлық форум алғаш рет өтті. Бұл форумдардың өткізу мақсаты–энергетикалық қауіпсіздікті қалыптастыру бойынша одан әрі өзара іс-қимылдың перспективаларын айқындау. Ол жерде басты мақсат– декарбонизациялау мәселесі, экономиканы жасыл экономикаға өткізу, осы мүше мемлекеттер арасында энергетикалық ынтымақтасты дамыту. Цифрландыру мәселесі – қазіргі таңдағы ең маңызды мәселелердің бірі. Ең бастысы мүше мемлекеттер арасында цифрлық теңсіздікті қысқарту, электрондық сауданы ілгерілету сынды түрлі бағыттарды қамтиды. Сондықтан бір жылдық төрағалығымыз арқылы біз нақты нәтижелерге жеттік.  Одан бөлек, Саммитті сәтті өткізу мен негізгі мәселелерін талқылау бойынша, ШЫҰ аясында көпжақты ынтымақтасты нығайту бойынша, өңірдің дамуы мен қауіпсіздігіне бағытталған жаңа бастамаларды енгізу бойынша Қазақстан өзінің нақты міндеттерін орындап шықты.

- ШЫҰ төрағалығы аспан асты еліне өтеді. Қытай төрағалығынан не күтеміз?

- Қытайдың ШЫҰ төрағалығына келетін болсақ, Қытай біздің басты басымдықтардың жалғасы ретінді іс-әрекет жасайды деп ойлаймын. Өйткені, қауіпсіздікті күшейту күн тәртібінен түспейді. Аймақтық қауіпсіздік пен террорризмге қарсы мәселелерге қытай әрдайым назар аударып келеді. Қытай мен Қазақстан өңірлік және халықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде бұл мәселені күн тәртібінен шығарған емес. Екіншісі, менің ойымша, технологиялық ықтымақтастық. Қазір Қытай әлемде технологиялық ең дамыған мемлекеттер қатарында.  Сондықтан Шанхай ынтымақтастық ұйымы аясында инвестиция инновация мен технологиялар саласында ынтымақтастықты ілгерілетуге Қытай басымдық беретін сияқты. Үшіншісі, Қытай ШЫҰ-ның жетекші мүшелерінің бірі ретінде «Белдеу және жол» бастамасы аясында инфрақұрылымды және экономикалық жобаларды қайда жандандыруға қадам жасауы мүмкін, яғни осы жобаларды бірлесіп жүзеге асыру бойынша. Сондықтан бұл жағынан осындай күтімдер бар.

- Жалпы әлем көз тіккен Астанадағы саммит несімен есте қалады?

- Астана саммиті өз ерекшелігімен есте қалады деп ойлаймын. Біріншіден, Астана декларациясы, яғни ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған 25 құжатқа қол қою арқылы Астана декларациясын жариялау, қатысқан делегацияның жоғары деңгейі, Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекет басшыларының және негізгі халықаралық ұйымдар басшыларының қатысуы, Қазақстанның жаңа бастамалалары, әсіресе   өңірді дамытуға бағытталған жобаларды іске қосу. Мысалы, Қытай Төрағасы мен Қазақстан Президенті көлік-логистикалық саласында маңызды болып саналатын Транскаспий халықаралық көлік маршрутын іске қосуға қатысқан болатын.

- Әңгімеңізге рахмет!

Жанна Жомарт

Пікірлер