Су қоймасында киіктер жаппай қырылып қалғаны туралы мәлімет тарады, деп хабарлайды "Адырна" тілшісі "Уральская неделя" басылымына сілтеме жасап.
13 сәуірде Батыс Қазақстан облысындағы Бөкей ордасы ауданының Мұратсай ауылының тұрғындары киіктердің қырылғаны туралы хабарлаған. Алдын ала деректер бойынша екі мыңға жуық киік қырылған.
Киік қырылған жерге "Охотзоопром" РМК қызметкерлері келген. Олар жануарлардың өлекселерін шығарып, жоюмен айналысатын болады.
Киік қырғынына байланысты сарапшылар түрлі болжам жасауда. Қыстан кейін қатты әлсіреген ақбөкендердің бір бөлігі жағаға шыға алмай, суға батып кетті деп болжануда. Тағы бір мәлімет бойынша киіктер түсірілім жасалған дрондардан шошып, су қойма арқылы өтпек болған кезде батып кеткен болуы мүмкін.
Журналист Лұқпан Ахмедияров киік қырғынына қатысты жазба жариялады.
«Батыс Қазақстан облысының Бөкей ордасы ауданындағы су тасқынынан кейін бүкіл дала өлген киіктердің өлексесіне толып қалды. Естеріңізге сала кетейін, өткен жылы Қазақстан билігі бұл бөкендерді атуға рұқсат берген болатын. Өлген жануарлардың көбі - буаз аналықтар», - деп жазды Instagram парақшасында.