Cу министрі елді су басқалы бірінші рет үн қатты

1413
Adyrna.kz Telegram
Фото: gov.kz
Фото: gov.kz

31 наурыз күні Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов елдегі су тасқынына қатысты бірінші рет үн қатты, деп хабардайды “Адырна” ұлттық порталы.

Ол Су ресурстары және ирригация министрлігі қазір жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, стратегиялық нысандардың қауіпсіздігі қамтамасыз ету, су қоймаларына тасқын суын жинау және оны қауіпсіз өткізу үшін жұмыс істеп жатқанын жеткізді. 

«Бүгінде еліміздің оңтүстігіндегі су қоймалары суару кезеңіне дайындалуда. Орталық, солтүстік, батыс және шығыс өңірлерде тасқын суын қауіпсіз өткізу іс-шаралары жүргізіліп жатыр. Су қоймаларының жұмыс кестесі туралы Төтенше жағдайлар департаменттері мен жергілікті әкімдіктер сағат сайын хабардар етіледі. Қазіргі кезде бұл аймақтардағы су қоймалары 40%-ға бос және 22,7 текше шақырым су қабылдай алады. Мысалы, Ақтөбе су қоймасына екі тәулік ішінде (27-29 наурыз аралығында) су қоймасының жалпы көлемінің 75%-нан астам немесе 200 млн текше метр су түсті. Төтенше жағдайдың алдын алу және халықты уақтылы эвакуациялау үшін су қоймасында ең жоғары деңгейден 15 миллион текше метр артық су жинау туралы шешім қабылданды. Қазіргі уақытта Ақтөбе су қоймасындағы су деңгейі тұрақты. Жедел ден қою мақсатында біз үздіксіз мониторинг жүргіземіз және әкімдіктер мен ТЖД-ны хабардар етеміз. Тобыл-Торғай бассейнінің (Қостанай облысы) ірі су қоймалары тағы 550 млн текше метрден астам су қабылдай алады», - деді Нұржан Нұржігітов. 

Министр өз кезегінде қазіргі кезде су қоймаларының жұмыс кестесі бекітілгенін, жауапты мекеме қызметкерлері аталған объектілерге тәулік бойы бақылау жүргізетінін атап өтті. 

«Қазіргі уақытта су тасқыны аймақтарында министрліктің 1000-нан астам маманы мен 280-нен астам техника жұмылдырды. Су шаруашылығы нысандарында тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылған. Су тасқынына қарсы іс-шараларға арналған қор, соның ішінде құм, қиыршық тас, қапшықтар және басқа да қажетті инертті материалдар дайындалды. Министрлік жанындағы жедел штаб әкімдіктермен өзара тығыз байланыс орнатты. Республикалық меншіктегі барлық гидротехникалық құрылыстарда тасқын суын апатсыз өткізу жөнінде іс-шаралар жоспары мен су қоймаларының жұмыс кестесі бекітілді. Жауапты мекеме қызметкерлері объектілерге тәулік бойы бақылау жүргізеді. 

Айта кету керек, министрлік, төтенше жағдайлардың салдарын азайту үшін жұмыс істеп тұрған 15 су қоймасын реконструкциялауды жоспарлап отыр. Бұл су тасқыны кезінде 75 мыңнан астам халқы бар 60-тан астам ауылдық елдімекенді су басу қаупінің алдын алуға мүмкіндік береді. Біз су шаруашылығы нысандарының тиісті жай-күйін қамтамасыз ете отырып, еріген қар суын жинауға, сондай-ақ оны қауіпсіз өткізуді қамтамасыз ету үшін бар күш-жігерімізді саламыз», - деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.

Айта кетсек, Нұржан Нұржігітов 2023 жылдың қыркүйегінде су ресурстары және ирригация министрі болып тағайындалды.  Министр болғанына жыл толмаған Нұржігітов 30 наурызда Президенттен қатаң сөгіс алып үлгерді. Сондай-ақ, кеше ол 57 жасқа толды.

Пікірлер