2 министр кеткен соң. Скляр, әкімдер және Суминге - 10 қатаң сөгіс

999
Adyrna.kz Telegram

Мемлекет басшысы еліміздегі су тасқынына байланысты шұғыл кеңес өткізді, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы Ақордаға сілтеп.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің бірқатар өңірінде болған су тасқыны салдарынан туындаған төтенше жағдайға байланысты шұғыл кеңес өткізді.

“Жиынға Премьер-Министр Олжас Бектенов, Үкімет мүшелері, Президент Әкімшілігінің басшылығы және басқа да лауазымды тұлғалар қатысты. Мемлекет басшысына аймақтардағы қазіргі қалыптасқан ахуал туралы, атап айтқанда, адамдарды құтқару және су тасқынының салдарын жою үшін қабылданып жатқан шаралар жөнінде баяндалды” делінген хабарламада.

Президент Үкімет пен әкімдердің жұмысын немқұрайлы және кәсіби міндетіне сәйкес келмейді деп сынға алды. Оның айтуынша, Үкімет пен жергілікті атқарушы органдардың арасында жүйелі байланыс болмаған.

“Қасым-Жомарт Тоқаев зардап шеккен өңірлер тұрғындарына үлкен көлемде шығын келуіне байланысты өкініш білдірді. Мемлекет басшысы қалыптасқан жағдайға байланысты кешірім сұрап, барлық азаматқа көмек көрсетілетінін айтты. Жиын барысында Президент су тасқынына қарсы уақытылы шара қабылдамағаны үшін Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға, Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовке қатаң сөгіс, Ақтөбе, Қостанай, Батыс Қазақстан облыстарының әкімдеріне қатаң сөгіс және қызметтік міндеттеріне толық сай келмеуіне байланысты ескерту берді. Ал Атырау, Ақмола, Алматы, Павлодар және Абай облыстарының әкімдеріне қатаң сөгіс жарияланды” деп жазды Ақорда сайты.

Еске сала кетейік, бұған дейін Төтенше жағдай министрі екі рет ауыстырылған. Былтыр маусым айында Семей ормандарындағы өртке байланысты Юрий Ильин қызметінен босатылған болатын. Оның орнына тағайындалған Сырым Шәріпханов та биыл қызметінен босатылған. Алайда оларға тәртіптік шара қарастырылмаған.

Пікірлер