Қоғам үнсіз. Ресейде өлтірілген қазақстандықтар жайлы не белгілі?

1432
Adyrna.kz Telegram

7 наурызда Ресейде ФҚҚ (федералдық қауіпсіздік қызметі) «лаңкестікке оқталды» деген сезікпен қазақстандық қос азаматтың көзін жойғанын жариялады. Олар 38 жастағы Жәнібек Тасқұлов пен 35 жастағы Сәбит Әшіралиев екені анықталды. Журналистер Данияр Молдабеков пен Дилара Иса олар туралы зерттеп, кейбір ақпаратты жария етті. Толығырақ материалда.

7 наурыз күні ФҚҚ "Мәскеудегі синагогаға жасалмақ шабуылдың алдын алдық" деген желеумен болған ықтимал атыста Қазақстанның екі азаматы қаза тапқанын жариялаған. Ресейдің арнайы қызметі лаңкестік әрекеттің алдын алдық деген. 

ФҚҚ мәліметінше, «Вилаят Хорасан» (Хорасан уәлаяты) тобының (Ислам мемлекетінің ауғанстандық тармағы. Олар қазіргі билік басындағы Талибанға қарсы) мүшелері Мәскеудегі синагогаға қарулы шабуыл жасамақ болған көрінеді. Мәліметке қарағанда олар Калуга облысындағы жеке үйлердің бірінен табылған. Тұтқындау кезінде күдіктілер қарсылық көрсетіп, оқиға соңы қантөгіспен аяқталғаны айтылды.

Сол күні таңғы мезгілде Калугадағы Коряков ауылында ФҚҚ мен күдікті исламшылар арасында атыс болды деген Ресей жағы. Салдарынан "лаңкестік әрекетке дайындалды" деген екі күдікті – Қазақстан азаматтары, Жәнібек Тасқұлов пен Сәбит Әшіралиев қаза тапқан. Қауіпсіздік қызметкерлерінің айтуынша, олар Ресейге ағымдағы жылдың 28 ақпанында келген.

Жеке үйге жасалған рейдтен кейін қауіпсіздік күштері Макаров тапаншасын, Калашников автоматын және  жарылғыш құрылғыларды жасауға арналған дайындамаларды тәркіледі.

Арнайы қызмет таратқан видеода атыс кезі түсірілмеген. Тек Калашников автоматтары мен оның қасында жатқан мәйіттердің бейнесі тарады.

Оқиғаның шын-өтірігі тәуелсіз ақпарат көздері арқылы расталған жоқ. Сондықтан оның Ресей арнайы қызметі хабарлағандай сипатта өрістегеніне әзірге дәлел жоқ.

ФСБ есебінде айтылған қос қазақтандықтың қатысы бар деген лаңкестік «Вилаят Хорасан тобы» – Ауғанстанда қанды қылмыстар жасаған терористік қауіпті ұйым. Бұл ұйым 2021 жылдың тамыз айының соңында Кабул әуежайының жанында, елде шетелдік әскерлерді шығару жүріп жатқан кезде 170 адамның өмірін қиып, жүздеген адамға зиянын тигізген ірі жарылысты ұйымдастырды. Ал 2020 жылы осы топтың содырлары Кабулдағы перзентханаға шабуыл жасап, 25 адамды соның ішінде жаңа туған нәрестелерді де өлтірген болатын. Лаңкестік топ Ауғанстандағы шиит хазарларына қарсы да бірнеше рет шабуылдар жасаған. 2016 жылдың қаңтарында АҚШ Мемлекеттік департаменті «Хорасан уәлаятын» «террористік ұйым» деп жариялады.

Ресей Федералдық қауіпсіздік қызметінің баспасөз хабарламасында исламшыл радикалдар деп келтірілген екі қазақстандық азаматтың ұсталған кезде қарсылық көрсеткені айтылған. Алайда туыстары Тасқұлов пен Әшіралиевтің экстремистік топқа қатысы бар деген деректі жоққа шығарды.

ТАСҚҰЛОВТЫҢ ТҰЛҒАСЫ

38 жастағы Жәнібек Тасқұлов – Түркістан облысы Сарыағаш ауданы, Қызылжар ауылының тұрғыны. Отбасындағы үш баланың тұңғышы. Оның артында кәмелетке толмаған төрт баласы қалды. Екеуі бастауыш сынып оқушылары, ең кішісі бір жаста.

Зерттеудегі деректерге сүйенсек, Жәнібек Тасқұлов сұйық травертин (құрылыс материалы) саудасымен айналысатын REAL TRAVERTINE компаниясының негізін қалаушы және директоры болған. Оны компаниясы Шымкент қаласында тіркелген. 

Ал Statsnet дерекқоры тауып берген «Абдулазиз Тасқұловтың» Facebook профиліндегі посттардың басым көпшілігі құрылыс өнімдерінің жарнамасы. Сондай-ақ, парақшасынан - өлім мен қиямет күні туралы нашидтер видеолары байқалды. (нашид - мұсылмандық ән, негізінен музыкалық аспаптарсыз орындалады) Ол жерде қандай да бір зорлық-зомбылыққа шақырулар жоқ.

REAL TRAVERTINE-нің көзге түскен жарнамаларының ішінде елдегі ең танымал айтыскерлердің бірі Балғынбек Имаштың видеосы бар. 

Балғынбек Имаш ел жадында тек айтыс өнерімен ғана емес, ковид вакцинасының сыншысы ретінде танымал. 2021 жылы қазір Қаңтар оқиғасына байланысты азаптау және жаппай тәртіпсіздіктер ұйымдастырды деген айыппен жабық сот процесінде істі болып жатқан Арман Жұмагелдиевке кезінде жыр арнаған. Ал кейіннен Балғынбек Арманды танымайтынын айтып жүр. Балғынбек Имаш өткен жылдың күзінде депутат, сонымен қатар айтыскер Ринат Зайытовтың алаяқтықтың 80 пайызын «намазхандар» жасайды деген сөзінен кейін мұсылмандарды жақтаған болатын.

Террорлық әрекетке қатысы бар деген ФСБ құрбаны Жәнібек Тасқұловтың компаниясы, айтыскер Балғынбек Имаштың жарнамасында сатып алушыларға «оның атынан келсе» жеңілдік беруге уәде береді:

«Ассалаумағалейкум құрметті достар, құрметті оқырмандар! Мен қазір Түркістан облысында, Сарыағаш ауданында, Қабланбек ауылында, Жәнібек ағамыздың дүкеніндемін. Бұл нағыз сапалы травертин материалдары, олармен бірнеше жыл жұмыс істеп келемін. Кез келген ғимаратты безендіргіңіз келсе, сұйық травертиннің әртүрлі түрлері бар. Сапасына кепілдік бар. Біз сіздің үйіңізді салыстырмалы түрде арзан бағамен әдемі етіп жасаймыз. Сапа кепілдігі үшін Real Travertine құрылыс материалдарын төмен бағамен сатып алуға болады. Сондықтан мен сізді өнімдермен танысуға шақырамын. Менің атымнан келсеңіз 5% жеңілдік аласыз. Неге тек бес? Өйткені бұл ағайындардың өздері халықтың жағдайын жеңілдету үшін материалдарды арзан бағамен шығарады. Отандық тауар өндірушілерге қолдау көрсетейік. Баршаңызға Алланың нұры жаусын! Өміріңіз мәнге толы болсын! Нағыз травертиннің көмегімен кез келген ғимараттарыңыз әдемі болсын!» деді Балғынбек Тасқұловтың компаниясын жарнамалаған видеода.

Сонымен қатар, Getcontact қосымшасында Жәнібек Тасқұловтың нөмірі (ол компанияның мәліметтер базасында да, әлеуметтік желілердегі профиліндегі жарнамада да көрсетілген) түрліше сақталған. Кейбіреулер үшін «Джанибек», басқалары үшін «Абдулазиз», ал біреу үшін «Жанибек» Травертин» немесе «Абдулазиз Травертин».

Бір жазылушы оны «Абдулазиз Шейх» деп сақтаған екен.

ӘШІРӘЛИЕВТІҢ ТҰЛҒАСЫ

35 жастағы Сәбит Әшіралиев  та сарыағаштық. Жаңатұрмыс ауылында тұрған. 

Тасқұловпен бірге қайтыс болған Сәбит Әшірәлиевтің анасы Азаттық тілшісіне берген сұхбатында ұлының да құрылыс саласында жұмыс істегенін, бірақ екі жігіттің таныстығы туралы ештеңе білмейтінін айтты.

Әшірәлиевтің екі әйелі болған. (Қазақстан заңнамасы қос әйел алуға тыйым салады. Ер адам мұсылмандық әдет-ғұрып бойынша некеге тұрған болуы мүмкін; елімізде мұндай одақтардың заңды күші жоқ. – Ред.). Олардан төрт баласы бар, екеуі қазір жүкті. Жібек жолы ауылдық округінің әкімдігінде әріптестеріне Әшіралиевтің елімізде тыйым салынған діни ағымдарға қатысушылар тізімінде жоқ екені хабарланды.

«Ұлымның бойынан жаман қасиеттерді байқамадым. Ол бес уақыт намаз оқитын. Ол да біз сияқты намаз оқыды. Ол террорист емес», - дейді анасы Әлима Әшіралиева.

Тасқұловтың әпкесі Әйгерім де ағасы «террорист болуы мүмкін емес» деп санайды. «Азаттық» тілшісіне берген сұхбатында ол, ағасының ақпан айының соңында Ресейге «Газель» алу үшін ұшып кеткенін айтып, ол жақтан жүк көлігін алу арзанға түсетінін түсіндіргенін айтты.

«Соңғы рет ол әйелі мен балаларына 5 наурызда қоңырау шалған. Сатып алатын көлік таппай жүргенін айтып, бүйрегіне суық тигеніне шағымданған. Балаларына тәттілер әкелуге уәде берген еді. Теракт жасамақ болған адам балаларына бұлай үміт бермес еді», – дейді  ресейлік ФСБ өлтірген қазақстандықтың әпкесі.

ҚАЗАҚСТАН БИЛІГІНІҢ РЕАКЦИЯСЫ

Қазақстан билігі бұл оқиғаға Ұлттық қауіпсіздік комитетінің түсініктемесі арқылы жауап берді. Қауіпсіздік күштері тергеуді «қолданыстағы ынтымақтастық арналары аясында Ресей ФСБ-мен тығыз байланыста» жүргізіп жатқанын мәлімдеді.

«Бұқаралық ақпарат құралдарында Ресейде лаңкестік әрекетті ұйымдастыру әрекеті кезінде ресейлік күштердің екі Қазақстан азаматының көзін жойғаны туралы ақпарат жарияланды. Олардың Қазақстан азаматтығына ие екені және бұл тұлғалардың Ресейге кеткені расталды. Бұл факті бойынша Ұлттық қауіпсіздік комитеті сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр. Тексеру қолданыстағы ынтымақтастық арналары аясында ресейлік ФСБ-мен тығыз ынтымақтастықта жүргізілуде», - деп атап өткен ҰҚК басқа ақпарат жариялауға жатпайтынын атап өтті.

Қазіргі таңда марқұмдардың туыстары ФСБ өлтірген қазақстандық қос азаматтың денесін елге қайтаруға көмектесуін сұрап, оларға тағылған айыпқа дәлел келтірулерін талап етуде. 

 

Дина ЛИТПИН, 

«Адырна» ұлттық порталы




Пікірлер