Қаншалықты рас? Ресейде арнайы қызмет "лаңкестікке оқталды" деген 2 қазақстандық қаза тапты

3918
Adyrna.kz Telegram

Ресей Федералдық қауіпсіздік қызметі (ФҚҚ) "Мәскеудегі синагогаға жасалмақ шабуылдың алдын алдық" деген желеумен болған ықтимал атыста Қазақстанның екі азаматы қаза тапқанын жариялады, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы ресейлік БАҚ-қа сілтеме жасап.

Ресейдің арнайы қызметті лаңкестік әрекеттің алдын алдық дейді. ФҚҚ мәліметінше, «Вилаят Хорасан» тобының (Ислам мемлекетінің ауғанстандық тармағы болуы мүмкін) мүшелері Мәскеудегі синагогаға қарулы шабуыл жасамақ болған, деп жазады ASTRA Telegram арнасы. Мәліметке қарағанда олар Калуга облысындағы жеке үйлердің бірінен табылды. Тұтқындау кезінде күдіктілер қарсылық көрсеткені және оқиға қантөгіспен аяқталғаны айтылды.

7 наурыз күні таңертең Коряково ауылында ФҚҚ мен күдікті исламшылар арасында атыс болды, деп хабарлайды ASTRA ақпарат көздері. Нәтижесінде "лаңкестік әрекетке дайындалды" деген екі күдікті – Қазақстан азаматтары, 35 жастағы Сәбит Әшіралиев пен 32 жастағы Жәнібек Тасқұлаев қаза тапты. Қауіпсіздік қызметкерлерінің айтуынша, олар Ресейге ағымдағы жылдың 28 ақпанында келген.

Жеке үйге жасалған рейдтен кейін қауіпсіздік күштері Макаров тапаншасын, Калашников автоматын және  жарылғыш құрылғыларды жасауға арналған дайындамаларды тәркіледі.

Арнайы қызмет таратқан видеода атыс кезі түсірілмеген. Тек Калашников автоматтары мен оның қасында жатқан мәйіттердің бейнесі тарады.

Оқиғаның шын-өтірігі тәуелсіз ақпарат көздері арқылы расталған жоқ. Сондықтан оның Ресей арнайы қызметі хабарлағандай сипатта өрістегеніне әзірге дәлел жоқ.

Айта кетейік, Ислам мемлекетінің "Вилаят Хорасан» (ИГИЛ-К) бөлімшесі — Ауғанстан мен Пәкістанда әрекет ететін ауғандық лаңкестік топ. 2016 жылы шілдеде аталмыш топтың салдарынан 80 адам, сол жылдың тамыз айында 94 адам қаза тауып, 2020 жылдың мамыр айында Кабул перзентханасына жасалған шабуыл кезінде 24 адамның (ішінде жаңа туған нәрестелер мен аналар да бар) өмірін қиды.

Пікірлер