Мәскеудегі терактіге қатысы бар деген күдікпен Тәжікстанның екі азаматы ұсталды

847
Adyrna.kz Telegram

Мәскеудегі Crocus City Hall ғимаратында болған терактіге қатысы бар деген күдікпен Тәжікстанның екі азаматы ұсталды, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы Baza-ға сілтеп.

«Брянск облысында Crocus City Hall ғимаратына шабуыл жасады деген екі күдікті ұсталды. Қылмыскерлер мінген көлік Беларусь және Украина шекарасынан бірнеше шақырым жердегі Теплы ауылының маңында тоқтатылды. Алдын ала мәлімет бойынша, көлікте алты адам болған: екеуі ұсталды, тағы төртеуі қашып үлгерген. Ұсталғандар Тәжікстан азаматтары болып шықты. Қазір олармен қауіпсіздік қызметінің қызметкерлері жұмыс істеп жатыр - олардың лаңкестік әрекетке қатысы бар-жоғы тексерілуде. Қазір тағы төртеуі іздестірілуде», - делінген сенбі күні таратқан хабарламада.

Естеріңізге сала кетейік, 22 наурыз күні кешке Ресейдің Крокус Сити Холлында белгісіз біреулер ірі теракт жасаған болатын. Алдын ала мәлімет бойынша, ондаған адам қаза тауып, 100-ден астамы жараланған. Крокус Сити Холлдағы терактіге байланысты Қазақстан азаматтары үшін сенім телефоны ашылды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан атынан Мәскеудегі Крокус Сити Холлдағы лаңкестік әрекетті қатаң айыптады. Айта кетейік, Украина лаңкестік әрекетке қатысы жоқтығын бірден мәлім етті.

Бұған дейін 7 наурыз күні Ресейдің Калуга облысында Қазақстанның екі азаматы Федералдық қауіпсіздік қызметінің (ФСБ) арнайы жасақ офицерлерімен болған атыс кезінде қаза тапқан болатын.

Пікірлер