Шу болған тізім. ҚазҰУ студенттерінің жеке дерегін таратқандар анықталды

1473
Adyrna.kz Telegram
Фото: ҚазҰУ баспасөз қызметі
Фото: ҚазҰУ баспасөз қызметі

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде студенттердің жеке ақпаратын таратқандардың кім екені анықталды, деп хабарлайды "Адырна" тілшісі.

Министр Саясат Нұрбек желіде шу болған тізімді жариялағандардың жауапқа тартылатынын мәлімдеген болатын.

Жоғары оқу орнының өкілдері студент қыздардың тізімін медициналық қызмет көрсететін мекеменің қызметкері жібергенін хабарлады. 6 ақпан күні ҚазҰУ-ға келісімшарт негізінде медициналық қызмет көрсететін "Smart Health University City" ЖШС медбикесі Whatsapp мессенджері арқылы механика-математика факультетінің флюорографиялық зерттеуден өтпеген 3-4-курс студенттерінің  Excell форматындағы құжаттарын дайындап, оны факультет деканатының маманына жіберген.

“Берілген құжаттарда студенттердің тегі мен аты-жөнінен басқа медициналық құпияға қатысты мәліметтер де болған. Кейіннен университет студенттеріне қатысты дәрігерлік құпияны құрайтын дербес деректер мен мәліметтер мессенджерлер арқылы тарап кеткен”, – делінген ресми хабарламада.

Аталған факт бойынша университетте қызметтік тексеру жүргізілетін болады.

“Алматы қаласының прокуратурасына осы факт бойынша прокурорлық әрекет ету шараларын қабылдауды және студенттердің құқығын қорғауды қамтамасыз етуді сұрап өтініш жолданды. Университет "Smart Health University City" ЖШС-мен шартты бұзу туралы мәселені қарастырып жатыр”, – делінген.

Пікірлер